Ғұн патшасы Аттила

  «Біздің даңқты бабаларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар». Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» еңбегінен.

 

Біз бүгін Аттила бабамыз жайында сөз етпекшіміз. Шын мәнінде ғұн патшасы Аттила кім болған?

Философ ақын Шәкәрім: «Айтайын Аттиланың қылған ісін, сиқыр деп ойлаған жұрт қайрат-күшін... Азияны түгел билеп, Еуропаның көбі ауған, Аттиладан қорыққаны үшін...» десе, Скандинавия халықтарының жырларында, грек эпосында, «Ұлы Эллада» пілге шабатын арыстан іспетті азулы ер, атақты қолбасшы, айтулы дипломат, 12 жасында ерлік көрсеткен Аттиланың батыр тұлғасы жырланады. Сондай-ақ, оның жұрт алдында құрыштан құйғандай нақыл сөздерді төгілте толғайтыны айтылады.

Француз ғалымы, философ Жан-Жак Руссо «Әділетті Аттила» деп бағаласа, Александр Дюма: «Құдіретті тәңірім, мені қашанда қолтығымнан демеп, әр кез алға жетелейді Аттила» деген екен. 448 жылы Аттиланы көрген грек жазушысы, тарихшы Иордан Приск: «Оның бет-әлпетінен нағыз азиат екені айтпай-ақ аңғарылады. Басы үлкен, орта бойлы, мығым денелі. Көзі қысық, бірақ қараған жерін ойып жіберердей өткір. Сөйлегенде даусы күмістей сыңғырлап, жағымды естіледі. Бұған қоса көсем асқақ жүрісімен, ауыр көзқарасымен өзінің құдіретті екенін білдіріп тұратын. Кәсібі соғыс болғанымен, ашушаң емес, өте ақылды, мейірімді кісітұғын» деп оның ерекше тұлға болғанын айтады.

Ол кішіпейіл әрі қарапайым киінгенді ұнатса керек. Нөкерлері алтын, күміс жалатылған табақтан тамақтанса, ол ағаш ыдыстан ас ішіпті. Приск «Византия тарихы» атты еңбегінде: «Ол тұтас халықты сілкінту үшін жаратылған ер болды. Бүкіл елге қатер төндіріп, қалтыратып жіберетін. Жүрген жүрісі, көзқарасы мен қимыл-қозғалысы аса тектілікті аңғартады. Соғыста жеңгенімен, тонаушылыққа жол бермеді. Ой-қабілеті өте жоғары, қайырымды, сенген адамына мейірімді болатын» деп жазды. Осынау сипаттама Аттиланың ірі тарихи тұлға, дана билеуші, әділетті патша болғандығын білдіреді.

«Аттила» дастаны бізге толығымен жетпегенімен, шағын үзінділерден-ақ батыр бабамыздың жүрек жұтқан ерлігін, қара қылды қақ жарған әділдігін, уәдеге беріктігін тануға болады. Дастанға ежелгі түркілердің арғы ата-тегі ғұндардың Еуропаға қоныс аударып, Еділ өзені мен Атлант мұхиты аралығында билік жүргізіп тұрған дәуірі арқау етілген. Сол себепті дастан ғұндардың атамекені болған ұлан-ғайыр Қыпшақ даласында емес, көшпелі тайпалардың ерлікпен шайқасқан жері – Еуропа елдерінде жақсы мәлім еді.

«Аттилада» негізінен Каталауын шайқасы суреттелген. Римдіктердің жақсы қаруланған, қуатты екі жүз мың әскеріне ғұндардың жүз мың сарбазы қарсы тұрады. Рим әскерін даңқты қолбасшы Аэтиус, ал, ғұн әскерін Аттиланың өзі шайқас алаңына бастап шығады. Жырда екі әскердің бір-біріне жақындап келе жатқан жантүршігерлік сәті бейнеленген. Дала төсінде ат тұяғының дүбірінен жер сілкінгендей болады. Ежелгі соғыс үрдісі бойынша екі жақтың әскерлері садақ жебесі жетерліктей меже қалғанда кілт тоқтауы тиіс. Өйткені, ортаға екі жақтың әскербасылары шығып, жекпе-жек шайқаста күш сынасуы шарт.

Ақбоз атқа мінген Аттила «жекпе-жек, жекпе-жек!» деп көк дауылдай ат ойнатып алаңға шыққанымен, қарсы жақтан шайқасуға ешкім ұмтыла қоймайды. Рим әскерінің жирен атты қолбасшысы Аэтиус міз бақпай тұра берді. Аттила күн күркірегендей зор дауыспен:

— Ей, Аэтиус! Ез болмасаң, шық бері! Римді ұятқа қалдырма! – деп айқайлады.

Батырдың мысы басқан Аэтиус сонда да тырп етпеді. Қасындағыға өз тілінде күбірлеп еді, сол-ақ екен үсті-басы темірмен тұмшаланған, қолында ұзын найзасы бар, қарагер атты сарбаз Аттилаға қарай оқтай атылды. Ғұн қолбасшысы оның шошаңдаған найзасын болат қалқанмен қағып жіберіп, зілдей күрзімен бастан бір періп, бейшараның жанын жәһаннемге аттандырды! Көзді ашып-жұмғанша, әп-сәтте қанды шайқас басталды. Күллі әлемді нұрға бөлеген құдіретті Күн де дүние боқтық үшін бірін-бірі қан жоса етіп жатқан мына пенделердің қырғынын көргісі келмей, бұлтқа тасаланды. Қою қара бұлт еңкейіп, «перзенттерінің» мына жетесіздігіне қасіреттен қан жұтып жатқан Жер-анаға жақындай түсті. Айналаны қара көлеңке тұмшалап алды.

Семсерлерден жарқ-жұрқ от шашырап, қалқандарды жалын шарпыды. Көк күмбезіндегі қара бауыр бұлттар бір-біріне қақтығысып, көк көбесін сөге күркіреп жатты. Оқта-текте бар әлемді тілгілеп, найзағай жарқылдады. Қылыш жүзі қайырылып, найзалар майырылды. Қалқандар қақ-қақ айырылып, сауыттар пора-пора сөгілді. Адамдардың жан ұшыра шыңғырған үрейлі дауыстары ұзақты күнге бір сәт де толастамады. Мың-сан диқан мен бағбан, талантты сәулетші мен зергерлер, тілінен бал тамған шешендер мен көсемдер баудай қиылды. Сансыз әйел жесір, мыңдаған бала жетім қалып жатты. Жалғыз тірегінен айрылып, ақ шашын жайып, бетін өткір тырнағымен осқылап жоқтау айтқан аналар қаншама!..

Тек күн батып, қас қарайған кезде ғана екі жақтың әскері шептеріне қарай шегініп, шайқасты уақытша тоқтатты. Шайқас алаңында қан судай ағып, адам мәйіттері тау-тау болып үйіліп жатты. Ертесіне таң сазарып атқанда шайқас қайта басталуы тиіс еді. Бірақ, Аэтиустың әскері орнында болмай шықты. Түнде ізін суытыпты.

Аттила әскерін бастап, Римге қарай бет бұрды. Әскер Рим қақпасына жақындағанда бұлардың алдынан Рим папасының өзі бастап, бір топ діни адамдар Аттилаға Рим сенатының шешімін әкеліп тапсырды. Византия сенаты бұл қаулысында: «Аттилаға түгел бағынамыз, айтқанын бұлжытпай орындаймыз, қазынаның бүкіл байлығын береміз, тек ол киелі қала Римді өртемесін, қиратпасын» депті. Бұл өтінішті ғұн көсемі қабылдайды. Алайда, қақпалары ашық тұрған қалаға әскер кірген жоқ. Тау болып үйілген қазынаға көз қырын да салмады. Қаһарлы қолбасшы бастаған қалың қол Рим қақпалары тұсынан үн-түнсіз өтіп, Батысқа қарай жол тартты.

Міне, Аттиланың әділдігін қалаға кірмегендігінен, ұшан-теңіз байлыққа қол ұшын да тигізбегендігінен-ақ байқауға болады. Әлемнің бар байлығын жинаған Римді ғұн патшасы өз әскеріне тонатқан жоқ. Аттиланың осынау ұстанымына кезінде бүкіл әлем таң қалған! Оның осы әрекетін кейбір тарихшылар күні бүгінге дейін түсінбей келеді.

Батыр бабамыз ержүректігімен, қара қылды қақ жарған әділдігімен ғана емес, артына ғибратты сөз қалдырған дана да дара тұлға екендігімен ерекшеленеді. Олай дейтініміз, Ұлы қолбасшының «Дипломатия және саясат», «Қолбасшылар және қолбасшылық», «Кеңес және өсиет», «Қабылдау мен абырой», «Мәселелер мен шешім», «Марапат пен жаза», «Мінез-құлық», «Айбаттылық», «Шешім қабылдау», «Өкілеттілік тапсыру», «Шыдамдылық», «Оқып үйрену», «Шешімталдық», «Мақсаткерлік», тағы басқалар жайындағы даналық ойлары, яғни таза классикалық «Аттилизмдері» қилы замандар бойы құнын жоғалтпай, тот баспай, біздің дәуірімізге жетті.

Оның «Табысқа жету үшін көсемнің атақты болуы міндетті емес. Бірақ, өзінің және өз ұлтының жауларына қарсы тұру үшін – жеңіске деген құштарлық, өз ісінің дұрыстығына берік сенім, рух, қажымас қайрат, ерлік атаулыны тудыратын қасиет болуы тиіс», «Тобасынан жаңылған, менмен және бақайқұрт жетесіз көсемдер нағыз ұлылыққа сирек жетеді, оның есесіне кісі көзінше өзін ұлықтайды», «Ұлы көсем өзін ешқашан да ұлықпын деп есептемейді», «Әлсіз көсемнің айналасын әлсіз ғұндар қоршайды, мықты көсемнің айналасын мықты ғұндар қоршайды», «Ғұн бүкіл өмір бойында қиындықты толық еңсеру үшін тәжірибенің теңдессіз мәнін тырнақтайынан терең ұғып түсінуі абзал», «Кез келген шешім тәуекелмен байланысты, егер де пікір айту мен шешім қабылдауды тасыр, топас адамға тапсырса, онда орасан зор қателіктерден құтыла алмайды», «Көсемнің ел қатарлы ғұннан айырмашылығы – күрделі шешімталдық қабілет-қарымында», «Мықты көсем өз ғұндарын берекелі әрекет етуге қозғау салады әрі рухтандырады», «Көреген көсем сәттілікті арқа тұтпайды, өз болашағын әрқашан ауыр еңбек, төзімділік, табандылық және оптимизммен жасайды», «Ұлы көсемдер маңызды істерде жетістіктерге жету үшін шамалы ғана сәтсіздіктерге бой алдырады», «Дана көсемдер өз ғұндарының берекесі үшін жауапты екенін біледі, сондықтан лайықты іс-әрекетке мойынсұнады» деген афоризмдері ешқашан мән-маңызын жоймақ емес.

Міне, бұл ұлы бабамыздың өркенді өсиетінің біз білетін бір парасы ғана. Терең де жан-жақты зерделі зерттеулер жүргізіп, бізге беймәлім рухани құндылықтарды ашып, халық игілігіне айналдыру келешек ұрпақтың еншісінде. Бұл афоризмдерден Ұлы даланың рухын, көшпелілердің дүниетанымын, мәдени-тілдік болмысын, ділдік ойлау мәнісін айна-қатесіз тануға болады. Ұлы баба даналықтары ұлттық сана-зердемізді, рухани жаңғыруымызды тереңдете түсетіні анық. Біз мұны мақтаныш етуге тиіспіз. Ол үшін ұлтымыздың ғажайып тарихын терең зерделей отырып, байырғы бабаларымыздан қалған рухани мұраларды игеруге тиіспіз. Сонда ғана өскелең ұрпағымыз «бөгдені зор, өзін қор» санамайтын болады. Жатжұрттықтардың алдында «Біз, қазақтар – батыл да ержүрек, қара қылды қақ жарған әділ, шешен де көсем, тектілігі мол ежелгі ғұндардың заңды ұрпағымыз» деп мақтана алады.

Бегман ЫСҚАҚ, ХГТУ профессоры.

2 пікір

  • Айдар
    Айдар

    Неге осыны мектеп бағдарламасына кіргізбейді, қазіргі балалар ғұнның кім болғанын білмейді.

  • Асқарбек Оразәлі
    Асқарбек Оразәлі

    Жарайды

Пікір қалдырыңыз