Құмның құнар оты бар

  Дәулет Тұрсынұлы, «Ońtústik Qazaqstan». Малдың жайын жақсы білетін созақтық шаруалар бертінге дейін жылдың төрт мезгілінде де көшіп-қонып жүріп, табиғи жайылымдарды тиімді пайдалана білген. Мысалы, көктемде малды Қаратаудың баурайына жайса, жазда Бетпақдала, Арқа төсіне дейін айдап, күз түссе құм жиегіндегі «шабырға» ауысып отырған. Мал қоңданған кезде күйекке түсіріп, қыста құмдағы қыстақтарда қыстаған. Әрине, ол кезде жайылымдарды пайдаға асыру үшін жыл сайын су көздері жаңартылып, суландыру мәселесі жүйелі түрде іске асырылып отырған. Мұның өзі малды жақын және шалғай жайылымдарда ұстауға мүмкіндік беретін. Ал, бүгінгі жағдайда ондағы шаруалардың баяғыдай көшіп-қонып жүретін мүмкіндігі жоқ. Малды тек өздеріне бекітіліп берілген аумақтарда ғана жайып баға алады. Оның өзінде де су көздері бар жайылымдарда ғана. Содан болар, бір кездегі шұрайлы жайылымдар мен құнарлы шабындықтар су болмағандықтан, қаңыраған үйдей қараусыз қалды. Әсіресе, бұл жағдай ауданда уран өндірісі қолға алынғалы мүлде кері кетті десе де болады. Өйткені, түгін тартсаң майы шығатын сол жерлерге отандық және шетелдік алып өндіріс орындары жайғасып, кен өндіру ісіне кірісті.

 

Көнекөз қариялардың айтуынша, ілгеріде Мойынқұм мен Бетпақдала өңірінде 250-дей құдық пен ұңғыма болған екен.

Расында, Теріскейдің ойы мен қырын тұтаса қаптаған мыңғырған малдың бүйірін шығарып, мейірін қандырған, шопан ауылдарының тұрмыс-тіршілігіне жан бітірген осы құдықтар болатын. Өндіріс орныққан соң маңайындағы осындай 100-ге жуық су көздері жабылып, жайлауды ен жайлаған малшы ауылдары мен отарлары жоғалып, жайылымдар меңіреу қалыпқа түсті. Ең өкініштісі, мыңдаған малды қалтқысыз қандырып, жер астынан көл-көсір ақтарылған құдықтардың көздері бірте-бірте бітеліп барады. Сондықтан қазіргі таңда жайылымдарды суландыру мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Ал, оларды суландырудың негізгі көзі жерасты суларына негізделсе, ол мәселеде құдық қазу ісіне басымдық берілген. Ол үшін «Жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету» бағдарламасы қабылданып, соның аясында мал ұстайтын шаруаларға құдық қазу үшін инвестициялық субсидиялар беріле бастады. Яғни субсидияланатын шығындар тізбегіне құдық қазу, құрылыс-монтаж жұмыстарын есептеудегі шығындар, көшпелі су тасығыштарды сатып алу және орнату жұмыстары жатады. Бағдарламада аталған шығындардың 80 пайызына дейін субсидиялауды қарастырған. Бір құдық қазу үшін шамамен 3,5-5 миллион теңге, құбырлы құдық-ұңғымаларға 6,2-8 миллион теңгеге дейін қаржы шығындалады. Созақ аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қайырбек Мейірмановтың айтуынша, бүгінге дейін аудандағы 11 шаруа қожалығы өз жайылымдарынан 120 миллион 820 мың теңгеге құдық қаздырып, бағдарламаның шарапатын көріпті.

– Мал шаруашылығы – теріскейліктердің ежелден үйреншікті әрі төл кәсібі. Есебіміз бойынша қазір ауданда 31 мыңнан аса ірі қара, 16 мыңға жуық жылқы, 11 мыңның төңірегінде түйе, 258 мыңның айналасында қой-ешкі бар. Әрине, осынша малды жайылымдарда ұстау үшін судың маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Сондықтан Үкімет осы түйткілді шешу үшін жайылымдарды суландыру бағдарламасын ұсынып отыр. Былтыр бағдарлама аясында 11 шаруа құдық қаздыруға ынта білдірсе, биыл бұлардың қатары молая түседі деген ойдамыз. Бірақ, осы жерде бір мәселені айтпай кетуге болмас. Өзіңізге белгілі, біздегі жайылымды жерлер құмдауыт келеді. Содан болар, су көздері өзге өңірлерге қарағанда тереңнен шығады. Ал, бағдарламада қазылатын құдық 50 метрге есептелсе, құмды жерлерде судың көзін анықтау үшін кейде 100 метрге дейін қазуға тура келеді. Осы жағынан ептеп қиындық болмаса, шаруаларға бұл бағдарламаның тиімділігі үлкен қолдау болып тұр, – дейді Қайырбек Сәрсенұлы.

Жоғарыда баяғыдан қалған ескі құдықтардың бұл өңірде әлі де бар екенін айттық. Осы жерде көлденең бір сауал туындайды. Бізге осынша шығын шығарып жаңа құдықтар қазған тиімді ме, әлде техниканың жетілген заманында барды жаңғыртып, ескі құдықтардың көзін аршу арзанға түсе ме?

Тиісті мамандардан осы сауалдың жауабын білгіміз келеді.

Пікір қалдырыңыз