Сағын деген ұлың бар

Мақпал ТӨРЕБЕК, «Ońtústik Qazaqstan». Cағын Өмірбай – «тіл көзіміз тасқа!» деп сөйлейік, қазақ өнерінің келешегі. «Қазақ өнерінің келешегі» дегенді қызыл сөзді қыздырмалату үшін айтып отырғанымыз жоқ. Үміттенгеннен кейін айтып отырмыз. Үміттенетініміз – оның үлкендерге тән парасатпен сөйлеуі. Әріге бармай-ақ қоялық, оның «Хабар» арнасындағы «Ана мен бала» бағдарламасында «91» тобы туралы айтқан ойын елдің көпшілігі тыңдады және сегіз жасар балапанның ойына қосылды.
Бүгінде Сағын Шымкент қаласындағы Әлихан Бөкейханов атындағы №2 мектептің үшінші сыныбында оқиды. Оған қоса «Қарақат мектеп-студиясының» шәкірті. Үш жасынан бастап Абайдың, Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқып, көпшіліктің назарына іліккен. Жеті жасынан облыстық «Оңтүстік» телеарнасындағы балаларға арналған «Балдәурен» бағдарламасының жүргізушісі.
Адамзаттың ұлы ақыны Гете айтқандай, жетістік – бір пайыз талант пен тоқсан тоғыз пайыз еңбектің жемісі.
«Сабақ пен өнерді қатар алып жүру оңай емес. Әсіресе, байқауларға қатысқанда сабақтан қалуға тура келеді. Мұндайда сынып жетекшім Айнұр Сексенбай көп көмектеседі» дейді үлкендерше сөз саптап үйренген Сағын.
Сағын қатысқан байқауларынан жүлдесіз оралған емес. Мәселен, былтыр Астанадағы республикалық «Зимняя фантазия» фестивалінің, Шымкенттегі «Нұрлы әлем жұлдызы» байқауының бас жүлдесін қанжығасына байлады. Республикалық «Нұрлы жастар» фестивалінде қатарынан екі рет бірінші орынды жеңіп алды. Тараз қаласындағы «Таңғы шұғыла» фестивалінде «Актер шеберлігі» номинациясының иегері атанды. «Өзгерсін уақыт» атты қысқаметражды фильмде бас кейіпкерді сомдады.
Өткен жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан өткізетін дәстүрлі байқауында «Мен қазақпын» әнімен сахнаға шыққан Сағынға көрермендер ұзақ қол соқты. Сол Сағын аз ғана уақыттың ішінде талай аламанда ат оздырып, талай додада топ жарды. Жуырда Астана қаласында өтетін республикалық байқауда Кенен атасының «Көк шолақ» әнін шырқамақ. Жас талапқа «еліңді өнеріңмен қуантып, биік белестерді бағындыра бер!» дегіміз келеді.