Ноқтаға басы сыймаған...

Кеңес Одағы кезінде мектеп оқулықтарында кез келген ақынның өлеңі басыла бермейтін. Оқулыққа енетін өлеңдер қатаң сұрыпталатын. Ол кезде мектеп оқулықтары бір ғана «Мектеп» баспасы арқылы жарық көрді. Талап таудай. Міне, сол оқулықтардың ішінен орын алу дегеніңіз мықты ақын-жазушылардың ғана маңдайына жазылатын бақ болатын. Сол бағы жанғандардың бірі Тоқаш Бердияров еді. Әттеген-айы, Тоқаш Бердияров деген ақынның атын білгенмен, оның шығармашылығы мен өмірін насихаттауда әлі де дәрменсіздік танытып келеміз.
Тәуелсіздік алғаннан беріде де ақынның жазғандары жарық көрмей көмескіленіп, тарих қойнауының бір бұрышында қалып бара жатқандай еді. Осы олқылықтың орнын Әбдісаттар Әліп бауырымыздың тынбай ізденуінің арқасында дүниеге келген «Талантымен талайды тамсандырған тылсым тағдыр туралы толғаныстар» атты естеліктер жинағы толтырғандай. Бұл кітапта ақынның замандастары мен іні-қарындастары, бауырлары, жанына жақын жандар, шәкірттері, достары мен көзін көргендердің естеліктері, ой-толғамдары топтастырылған. Кітапты оқи отырып, ақынның белгісіз қырларымен де таныс болып, басынан өткерген қиындықтарын екшей келе «Басы ноқтаға сыймай кеткен ақын» деген тоқтамға келесің. Сонау балалық шағынан бастап тартқан тағдыр тауқыметі, бозбала шағында Ұлы Отан соғысына аттануы, одан кейінгі өмірінің өзі алқын-жұлқын арпалысқа толы болғаны... Осындай қиыншылықтармен күресе жүріп өзін жоғалтып алмай, соңында өшпес мұра, өлмес өлең қалдырғанына таң қаласың...
«Ақынға керек ақыл көп,
Асаулық керек аздаған» демекші, жазғандарынан бір басына жетіп артылатын асаулықты аңғарып, «өйтпесе ақын бола ма?!» деп ой қорытасың.
Әбдісаттар Әліптің Тоқаш Бердияровты тірілтуін рухани өміріміздегі ерекше оқиға деп білемін. Сол үшін де құрастырушыға айтар алғысымыз мол.
Көшербай ЕДІЛБАЙ, ақын.