Экономикалық тергеу қызметі жұмысын бастады

Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жанынан экономикалық тергеу қызметі құрылды. Бұл туралы экономикалық тергеу қызметінің профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасының басшысы Серік Өтембаев мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, қыркүйек айынан іске кіріскен құрылымның басты мақсаты – кәсіпкерлердің құқықтарын және мемлекет пен бизнестің экономикалық мүдделерін қорғау. Сонымен қатар, салық, кеден және қаржы салалары бойынша құқықбұзушылықтарды ескерту, алдын алу және тергеу жүргізу.
– Экономикалық тергеу қызметінің құрамына профилактикалық жұмыс және бақылау, қаржы, салық және кеден салаларындағы құқықбұзушылықтарды тергеу, жедел қызмет, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл басқармалары еніп отыр. Кинологиялық қызметті қосқанда 103 штаттық бірлік бар. Қазіргі таңда Өзбекстан Республикасымен арадағы 7 бекетте 23 қызметкер жұмыс істейді. Экономика саласындағы қылмысты әшкерелеуге кинология қызметі де жұмылдырылуда. Үйретілген иттер есірткі және басқа да тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қарсы әрекет етеді. 18 ит есірткі заттарын, 4 ит жарылғыш заттарды және 1 ит жалған долларды анықтауға үйретілген, – деді Серік Мылтықбайұлы.
Айта кетейік, экономикалық тергеу қызметінің басшылығына Қайрат Бектембаев тағайындалған. Өңір халқы кезекші бөлімдегі 8-725-33-3-29-87 нөмірі арқылы экономикалық тергеу қызметінің құзыретіне кіретін экономика саласындағы барлық құқықбұзушылықтар туралы хабарлай алады. Мұнда телефон хабарламаларын тіркеп, арнайы шаралар қабылдау үшін тәулік бойы үш қызметкер жұмыс істейді. Ал, жалған ақпарат берушілер қатаң жазаланбақ. Себебі, арнайы аппараттар арқылы телефон соғушыларды анықтауға мүмкіндік мол.
Қ.ҚУАНЫШБЕКҰЛЫ.