Аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сапархан Омаров Отырар ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, аймақтағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Депутат алдымен аудандағы 7 елді мекенде жүргізіліп жатқан газдандыру жұмыстарымен танысты. Мұнан соң Мәжіліс депутаты Шәуілдір ауылындағы жаңадан бой көтеріп жатқан «Оқсыз» спорт кешенін аралап көрді. Заманауи талапқа сай салынған кешеннің көңілінен шыққанын айтқан халық қалаулысы салауатты өмір салтын қалыптастыруда аталған нысанның маңыздылығын тілге тиек етті. Одан соң аудан орталығында салынып жатқан көпқабатты қызметтік үйлер мен Темір ауылындағы Мәдениет үйін аралаған депутат аудандағы ауқымды жұмыстарға басшылық жасаған азаматтарға шынайы алғысын айтты. С.Омаров сондай-ақ, Маяқұм, Балтакөл ауыл округтерінің тұрғындарымен де кездесті. * * * Халық қалаулылары Фахриддин Қаратаев пен Сапархан Омаров арнайы жұмыс сапарымен Кентау қаласында болды. Қалада салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер мен емхана, Кентау көпсалалы колледжі жатақханасының құрылысымен танысқан депутаттар өзге де әлеуметтік нысандарды аралады. Сондай-ақ, индустриалды аймақта атқарылған жұмыстармен танысты * * * Фахриддин Қаратаев жұмыс сапары барысында Түлкібас ауданындағы алма өсіретін «Мөлдір», «Кентал» шаруа қожалықтарының жұмыстарымен де танысты. Аудан әкімі Н.Тұрашбеков халық қалаулысын аудандағы бау шаруашылығы, ауданның жалпы экономикасымен қысқаша таныстырып өтті. Соңғы 10 жылда аймақта алма баудың көлемі 3077 гектарға жеткен. Соған орай жүздеген тұрғын жұмыспен қамтылыпты. Ал, қарқынды бау көлемі – 120 гектар. Фахриддин Әбдінәбиұлы тұрғындармен жүздесіп, олардың өтініштері ескерусіз қалмайтынын айтты. Сонымен қатар Елбасының маңызды бастамалары жөнінде тарқата айтып берді. * * * ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ф.Қаратаев облыстық кәсіподақтар кеңесінде де болды. Халық қалаулысы онда облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Б.Бекжановпен және салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен кездесті. Кездесу барысында жұмысшылардың құқықтарын қорғауды жетілдіру жайы талқыға салынды. Мәжіліс депутаты Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруда кәсіподақ ұйымдарының жетекші рөлге ие болуы керектігін атап өтті. «Оңтүстік»-ақпарат.