Ірімшік өндірген сұлу

Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстік Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысында «2017 жылдың үздік әйел кәсіпкері» атанған Алмагүл Айқан – Астана өңірінің тумасы. Жұрт жұмыс іздеп елордаға қарай ағылып жатқанда, ол өз отбасымен Шымкентке келіп орныққан. Мұның себебі де жоқ емес еді... Бұл жөнінде Алмагүлдің өзі былай деп сыр сабақтайды:
– Менің мамандығым бухгалтер, яғни ауыл шаруашылығы саласы бойынша есепшімін. Ал, күйеуім Мухаррем Айқан оралман, Қазақстанға Түркиядан келіп, Павлодарға орныққан. Бұл тоқсаныншы жылдар еді. Мамандығы технолог күйеуімнің Анкарада сүт өнімдерін экспорттайтын фирмасы болған. Сол себепті оған осы Павлодардағы сүт зауытын қайтадан қалпына келтіруге ұсыныс жасалады. Мухаррем зауыт жұмысын жолға қойып берген. Кейінірек екеуміз кездесіп, отбасын құрдық. Бірде ол «мен технологпын, сен есепшісің, қашанғы біреу үшін жұмыс істейміз? Өз зауытымызды ашып көрейік» деді. Сонымен іске кіріспекші болдық. Ең алдымен шикізат іздедік, бірақ солтүстіктен таппадық. Сосын ол Шымкентке кетті. Осы жақтан Астанадағы маған қоңырау шалып, «мына жерде шикізат көп. Ешкім мұнда жұмыс істемейді екен, ірімшікті Өзбекстаннан әкеліп жатыр» деп хабарласты. Осында көшіп келдік те, жалға сол кездегі Сайрам ауданы, Мәртөбе ауылынан ғимарат тауып, ісімізді бастап кеттік. Бұл 2000 жыл еді. Сөйтіп, бастапқыда «Эмнұр» фирмасының директоры болдым. Фирмамызға өзге құрылтайшыларды да тартқанбыз. Кейін балалар өскен соң ондағы өз акционерлік үлесімді сатып жібердім. 2013 жылы күйеуім екеуміз өз алдымызға «Айқан» ЖШС атауымен бөлек отбасылық компания құрдық. Сүт өңдейтін зауытымыз «Эмир» тауарлық маркасымен ірімшік шығарады. Сүтті Сайрам ауданының Қарабұлақ, Манкент, Қарамұрт елді мекендерінің тұрғындарынан жинаймыз. Қыс мезгілінде күніге 10-13 тонна, жазда бұдан да көп мөлшерде сүт қабылданады. Бүгінде ірімшіктің 12 түрі шығарылып, Қазақстанның түкпір-түкпіріне таратылуда. Қазіргі таңда Ресей нарығына шығу да жоспарланған. Алайда, олардың сұраныстары тым жоғары мөлшерді құрайды.
Бүгінде Шымкенттің Қаратау ауданы аумағында орын тепкен зауыт алғашында жұмысын 24 адаммен бастаса, қазір мұндағы жұмысшылардың саны 50-ге жеткен. Олардың барлығына ірімшік жасау технологиясын Алмагүлдің жолдасы Мухаррем Камелханұлы өзі үйретеді. Өткен жылы «Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша зауыт жаңғыртудан өткізіліп, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегімен «Казком» банкінен жеңілдетілген пайызбен несие алыпты. Сөйтіп, Түркиядан құрылғылар әкеліп орнатқан. Табиғи сүтке қозының ұлтабар-мәйегін қоса отырып, түрік технологиясымен дайындалатын «Эмир» ірімшіктері сапаның еуропалық стандартына сәйкес келеді.
Биыл компания жаңа жобаны қолға алмақ. Яғни зауыт Сайрам ауданына көшірілмек. Сол жерде қуаттылығы 50 тонна болатын еуроүлгідегі зауыт ашылады. Ал, қазіргі зауыттың қуаты 20 тонна ғана. Осыған орай Сайрам ауданынан жер телімі сатып алынып, оған коммуникациялық жүйелер тартылуда. Әрі қарай құрылыс бастамақ. Зауыттың жобасын шетелден әкеліпті, бұдан бөлек субсидия жөнінде Түркияның бір банкімен келіссөздер жүруде.
Сүт өнімдерінен ірімшік дайындайтын компаниялар арасынан «Айқан» ЖШС 2017 жылы Қазақстан бойынша жалғыз халал сертификатына ие болды. Оны еліміздің сол кездегі бас мүфтиі арнайы келіп, Шымкенттегі орталық мешітте тапсырған екен.
Алмагүл «Жылдың үздік кәсіпкер әйелі» марапатын осымен екінші рет алып отырғанын айтты. Үздік кәсіпкер әйел атағын алғаш рет 2003 жылы сол кездегі әкім Б.Жылқышиевтің қолынан алыпты. Бұдан бөлек, ол – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аймақтық іскер әйелдер кеңесінің, «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Әрбір жетістікке маңдай терімен, адал еңбегімен жеткен осындай абзал жандар барда еліміздің жарқын болашағына зор сеніммен қарайсың.