«БИЛЕР СОТЫ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ»

Елiмiздiң сот тарихында айрықша орны бар, шынайы халықтық үлгiде құрылған билер соты – бүгiнгi сот билiгiнiң бастау көзi. Осы құндылықты жаңғырту мақсатында облыстық соттың ұйымдастыруымен «Қазақ даласының билер соты – тарихи ұлттық құндылық» тақырыбында ғылыми-тәжiрибелiк конференция өттi. Оған облыс әкiмiнiң орынбасары Ербол Садыр, облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев, өңiр судьялары мен облыстағы құқық қорғау органдарының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары мен профессор-оқытушылары және студенттер қатысты.
Облыстық соттың төрағасы Талғат Баратбеков билер сотының тарихына тоқталып, оны бүгiнгi сот жүйесiнде жаңғырту мәселесiнiң өзектi екенiн алға тартты.
– Қазақ мемлекетiнiң нығаюына, өсiп-өркендеуiне ерекше еңбек еткен қазақтың әйгiлi би-шешендерi мен дала дiлмарларының билiк-кесiмдерi тарихтан белгiлi. Олар қазақ жерiнде әдiлдiктiң салтанат құруы үшiн көп қажыр-қайрат жұмсап, билер сотының биiк шыңына шықты. Бұл конференция қазақ даласында өмiр сүрген билер сотының тарихы тереңде екендiгiне ғалымдардың тағы бiр көзiн жеткiзiп, билердiң өнегелi iстерi мен әдiл төрелiктерiн, ұлағатты өсиет сөздерiн насихаттау мақсатында өткiзiлiп отыр. Сондықтан жиында талқыланатын өзектi мәселелер елiмiздiң сот билiгiнiң нығаюына, сан ғасырлар бойы қазақ даласында төрелiк еткен билер сотының тарихи еңбектерiн ғалымдардың тереңдете зерттеуiне оң әсерiн тигiзетiндiгiне сенiмдiмiн, – дедi Талғат Қожанұлы.
Облыс әкiмiнiң орынбасары Ербол Садыр, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдiров және М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң ректоры Жұмахан Мырхалықов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынып жатқан игi iстер жөнiнде ой қозғап, конференцияның табысты өтуiне тiлектестiк бiлдiрдi. Осыдан кейiн шара қонақтары облыстық соттың арнайы дайындаған «Қазақ билерi» атты бейнефильмiн тамашалады.
Конференцияда облыстық соттың азаматтық iстер жөнiндегi алқа төрағасы Түгел Бекiмбетов, облыс прокурорының бiрiншi орынбасары Ержан Бердiбеков, ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгiнiң ОҚО бойынша департамент басшысы Әли Көмекбаев, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркiнбек Жалбыров, құқық саласының ардагерi Балғабай Нақыпов, заң ғылымдарының кандидаты Нұрлан Бижан, студент Гүлзия Қарсыбай баяндама жасап, билер сотын дәрiптеу арқылы қоғамдық сананы жаңартудың маңыздылығына тоқталды. Қазақ билер сотының мұрасын зерттеу – Қазақстан ғана емес, бүкiл түркi әлемiнiң халықтары үшiн де өзектi екенiн атап өттi.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ, ОҚО бойынша соттар әкiмшiсiнiң бөлiм басшысы.