ҚАРАШЫҚ СУ ҚОЙМАСЫ 350 ГЕКТАР АЛҚАПТЫ СУЛАНДЫРАДЫ

  Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Жансейiт Түймебаевтың және ауыл тұрғындарының қатысуымен, Түркiстан қаласы маңындағы Үшқайық ауылдық округiнде жаңа «Қарашық» шағын су қоймасы пайдалануға берiлдi.

 

Су қоймасы жалпы қоры 2 млн. текше метр суды сақтауға қауқарлы. Су қоймасы ендi 350 гектар аумақты суаруға тiкелей септiгiн тигiзедi. Ашылу салтанатына қатысқан облыс әкiмi өңiрде мұндай су қоймаларының саны болашақта артатынын жеткiздi.

«Оңтүстiк Қазақстан облысында келешекте 30-ға жуық су қоймасының құрылысы басталады. Нәтижесiнде суды тиiмдi пайдаланып, оны сақтап, егiске пайдалануға болады. Осылайша облыста егiстiктiң көлемi артып, жергiлiктi жұртты жұмыспен қамтуға мүмкiндiк туады. Ең бастысы, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше екпiн бередi» дедi Жансейiт Қансейiтұлы.

Айта кетерлiгi, «Қарашық» шағын су қоймасының құрылысын «СМК и Ж-7» ЖШС-i жүргiзген. Құрылыс нысанын салуға 471,4 млн. теңге жұмсалыпты. Бүгiнде су қоймасы ел игiлiне берiлiп отыр. Алдағы уақытта Үшқайық ауылдық округiнде жүгерi, жоңышқа, бақша дақылдары егiлетiн болады.

Пікір қалдырыңыз