АҚ «НИВА» АҚДАЛАҒА КЕТТI

Базаргүл ҚАЛБЫР, «Оңтүстiк Қазақстан». Дәстүрге айналған «Алтын күз» мерекесi Арыс қаласындағы Әл-Фараби алаңында тойланды. Қала әкiмi М.Қадырбек еңбеккерлер мен тұрғындарды еңбек жеңiсiмен құттықтады. «Биыл 21200 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егiлiп, жоғары өнiм алынса, 900 гектарға жаңа технология – тамшылатып суару әдiсi қолданылды. 4,5 гектар алаңды алып жатқан жылыжай да жұмыс iстеп тұр. 9450 гектардан 1485 тонна арпа-бидай өнiмдерiмен бiрге 2300 тонна мал азығы өндiрiлген. 34254 iрi қара мал, 1858 түйе, 12469 жылқы, 374979 қой, 13921 ешкi, 70000 құс өсiрiлiп, тиiстi ет, сүт, жұмыртқа өнiмдерi алынуда» деген аудан басшысы қол жеткен табыстарға кеңiнен тоқталды.
Ерен еңбектiң үлгiсiн көрсеткен ауыл шаруашылығының еңбеккерлерi «Еңбек даңқы» белгiсiмен, Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды. Ал, Ақдала ауылдық округi әкiмдiгi ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiруде жоғары табыстарға қол жеткiзгенi үшiн жаңа «Нива» автокөлiгiне ие болды.
Бұл күн тұрғындар үшiн нағыз мерекеге айналды. Олар төмен бағамен ұсынылған азық-түлiк жәрмеңкесiнен өз қажеттерiн сатып алып, өнерпаздардың өнерiн тамашалады.
Арыс қаласы.