«КӨП ІШІНДЕ ЖАЛҒЫЗБЫН»

Қасымхан Бегманов, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, ақын: «КӨП ІШІНДЕ ЖАЛҒЫЗБЫН»
Атым ауызға ерте iлiндi
– Политехникалық институттың түлегі. Өндіріс командирі. Мәдениет қызметкері. Ол екі ортада – жастар жетекшісі. Осы саланың біреуіне түбегейлі табан тіретпеген, ешкім жазбаған кезде Созақ көтерілісіне арнап «Тұяқ серпудей» поэма жазуға алып келген қандай күш?
– Үшінші курсқа өткен кезімде өлеңдерім мерзімді баспасөзде жарық көре бастады. Алғашқысы – Фариза Оңғарсынова апамыздың өзі басқарған журналының екі бетіне «Күнге қарап келемін» деген атпен берілген топтамам еді. Одан бөлек ҚазМУ-дегі профессор Сұлтанғали Садырбаев жетекшілік еткен әдеби бірлестік ұйымдастыратын поэзия кештеріне қатысып жүрдім. Оған мен, Ерік Асқаров секілді үзбей қатысатын «бөтендерге» Сұлтекең әр кеш сайын сөз беретін. Университеттің өзінің студенттеріне ондай жеңілдік жоқ. Сондай кештің бірінде Сағат Әшімбаев қолымнан ұстап алды да «Қасымхан, қанша өлеңің бар, соның бәрін маған дүйсенбіге дейін әкеп бер!» деді. «Лениншіл жаста» жұмыс істейтін Сағат сол кезде отызға да толмаған екен ғой... Бір дәптерді толтырып апардым, Сағат оны «Лениншіл жасқа» шығарды, дәптерімді «Қасымхан ақын болады!» деп сыйлас ағасы Өтежан Нұрғалиевке берді. Институтты бітіретін 1980 жылы 5-6 жас ақынмен қатар марқұм Өтекеңнің редакторлық етуімен менің де «Бастау» атты жеке өлеңдер жинағым шықты. Оған рецензияны Жұмекен Нәжімеденов жазды. Осылай атым ауызға ерте ілінді... Студент кезінде, ҚазМУ-дың журфак ия филфагында оқып жүріп кітабы шыққан адам өте сирек, ал, мен Қазақ политехникалық институтында оқып жүріп кітабы шыққан адаммын.
Менің кішкентай кезімнен-ақ бар мақсат-мұратым ақын болу еді. Жақсы ақын болғым келді. Ұлы болғым келді деп айта алмаймын. Төлеген Айбергеновтің өлеңін алғаш рет бала күнімде туған әпкемнің блокнотынан оқыдым. Қайран қалдым! «Құдай-ай, не деген өнер мынау!».
– Қай өлеңі еді? Алғаш қатты әсер еткен өлеңнің рөлі де ерекше болады ғой...
– «Өмірді үлкен домбыра деп білем мен,
Егіз тартқан екі ішектен тұратын.
Бірі – қайғы, қабағыңда түнерген,
Бірі – шаттық, әлдилеген мұратын» деп басталады.
Немесе:
«Саясында болдым мен сан шынардың,
Мен жүз қызға ғашық болған шығармын.
Адаммын ғой шын сағыныш тән маған,
Бipaқ менің тамды бүгін көз жасым
Сол қыздардың бipiнe де тамбаған».
– Сенің өлеңдеріңде Төлегеннің әсері айқын байқалып тұратыны содан екен ғой...
– «Жаралы хәл ғой ғашық хал. Рояль көрсең бір тілін, Мені ойлап бар да басып қал». Қараңызшы, не деген сөз! Мен ол өлеңді әпкем жазған екен деп қалдым, блокнотта авторы көрсетілмеген. Жоғары класқа барғанда қарасам, әпкемнің блокнотындағы өлеңдердің бәрі Төлегеннің кітабында жүр. Содан бастап өлеңге деген құмарым, ақындарға деген құрметім артты. Сөз өнері деген қандай болатынын, одан артық, бұдан құдіретті өнер жоғын ерте түсіндім.
1975 жылы журфакқа келгенімде емтиханға шығармашылық байқау енгізілді. Қабылдау комиссиясында отырған жасы үлкен кісі «жазғандарыңды бер» деді. Аз да болса бар еді, бірақ, жинамағанмын. «Мен жаза аламын, құжатымды қабылдаңызшы» десем, «мен де жаза аламын, бірақ, әлі жазған жоқпын» деді. Ауылдағы кітапхананың кітабын тауысқан, ақын болғысы келетін арманшыл баланың арманы қайда қалады - ауылға барып тракторист болғанша деп политехқа түстім...
Политехта оқысам да ҚазМУ-ды оқығандаймын, сонда оқығандармен бірге жүрдім, бірге өстім, олармен бірге оқу бітірген сияқтымын, бірақ, олар аудиторияда, ал, мен көшеде жүріп бітіргендеймін. Өзімді «көше ақынымын» дейтінім содан.
– Иә. «Көше ақындары басында мұңлы Мағжан мен қайсар Қасым тұр,
Соңынан шапқан жас тұлпарлардан екі алып солай басым тұр.
...Артында қалған жас жетімдердің қабырғалары қатпаған,
Көше ақындары сырласы түгіл, көз таныстарын да сатпаған» деп жаздың ғой...
– Бірақ, сол университетте оқи алмай арманда кеткен адаммын. Қаршадайдан Қадыр, Тұманбай, Өтежан секілді классик ағалардың артынан ердік. Маған олар туған ағамдай болды. Илья Жақановпен өте жақын сыйластым. Өз қатарларымнан жүре келе алшақтай бастадық. Уақыт ажыратты бізді. Бірақ, өмір бойы ішкі намыс мені қайрап, алға сүйреп келеді. Былтыр Әлихан Бөкейханов жайлы «Алашорда аманаты» деген поэма жаздым. Оны «Қазақ әдебиеті» басты. «Дәстүрдің» тұтас бір нөмірін Әлекеңе арнадым. Кейбір ақындарымыз «Алаш» өміріне терең бойлай алмайды, ал, біз жалаң публицистикамен олардың келбетін аша алмаймыз. Ашу үшін көркем дүние жазуымыз керек. Бала жастан арманшыл болып өстім. Екі ағам ерте қайтыс болды. Әпкем де ауырып ерте қайтты. Осының бәрі қаршадай кезімде жүрегіме жара салды.
Мен Түркістанға Тайқазан қайтқан кезде қалалық мәдениет бөлімін басқаратынмын. Оны қайтарудың авторлығына талас көп, мен таласпай-ақ қояйын, тек Тайқазанды әкеліп, «лентасын кім қияды» дегенде аудан басшысы Н.Балқияевқа академик Зейнолла Қабдоловты ұсындым. Әке-шешем, ата-әжем келіп, Зекеңді ауылға апарып күтті. Неге Зекең? Ол кісі Қадырлардың ұстазы болған. Университетке барып жүрдім, бірақ оның лекциясын басқалар секілді армансыз тыңдай алмай арманда кеткен адаммын. Бірінші рет барып лекциясын тыңдағанымда: «Мына бала кім?» деді. Ал, политехтағы ұстазым Ұлықпан Сыдықов мені институттың «За инженерные кадры» газетіне редактор етіп қойды. «Бәйшешек» өнер бірлестігіне жетекші етіп сайлады. «Менің Қабдоловым – Ұлықпан Сыдықов» дейтінім сондықтан. Менің артымда сондай ұстаздар, сондай қара шаңырақтар тұрғаннан кейін қатардағы көп ақынның бірі болуға хақым жоқ, оған менің намысым жібермейді...
– Сыйлық алу – еңбек бағаланды деген сөз. Кез келген еңбек бірден бағаланбайды. Жастар сыйлығын қашан алдың?
– 1990 жылы ең соңғы Ленин комсомолы сыйлығын Нұрлан Өнербаев, Жанар Айжанова, Бауыржан Ибрагимов, Гүлнәр Салықбаева бәріміз бірге алдық.
– Сенің өлеңдеріңді ешкім жаман дей алмайды. Бірақ, олар кейде дау тудырады. «...Қала жаққа қарасам, көзіме жас толасың, Қалай қиып кетермін Төлебидің моласын?! ...Алпамыстай түп атам, атасы бопты өзгенің. Жайымды ұғар деймісің, ұпайы түгел өзбегім... » дедің «Ташкентпен қоштасуда». Ақынның жан-күйін түсінбеген жұрт «Ташкентте несі бар-ей?» дейді. Ал, «Қасымхан Бегманов нені болса да жаны өртеніп, егіліп, төгіліп жазады» деген қазақтың Қадыры оны құбылыс деп бағалады. Сенің өлеңің ешкімді бей-жай қалдырмайды. Ой тудырады. Ой тудырған поэзия адамды тазарта бастайды. Міне, бұл поэзияның ең үлкен парызы. Төлен Әбдік ағамыз айтпақшы, «адам жанын тазарта алсаң, одан асқан бақыт жоқ».
– «Анау ағаның жазғаны да, мына көкенің жазғаны да поэзия емес, көсемсөз» дейтін жастар бар. Мен оларға: «Сендер жазғанның да бәрі аксиома емес. Рас, онда сезім бар, бірақ, өмір жоқ» деймін.
Жаңаша жазу керек дейді жас жігіттер. Ол үшін сен өз дәуіріңнің Жұмекені болуың керек, ұлтыңа шексіз беріліп қызмет етуің, оның ыстығына күюің, суығына тоңуың керек, санаң сарғайып, сартапты азабын тартуың керек. Онсыз жақсы дүние жаза алмайсың. Бізде керемет бай этнография бар, ал, соған сай этнографиялық өлеңдер жоқ... Өйткені, этнография дегеннің не екенін менің өзім Жағда Бабалықұлының кітабын шығару, сегіз жыл «Дәстүр» журналын шығару, оның алдында соған деген дайындық жұмыстарын жүргізуден кейін барып, енді-енді түсініп жатырмын.
– Адамды білім өсіреді ғой...
– Иә, иә. Тек енді Жаратушы уақыт пен мүмкіндік берсе... Мен дүние қусам кәсіпкер достарымның бірінің алдында, біреуінен кейін жүрер едім ғой. Мен соған қызықпадым. Дүние-мал ақындығыма қызмет ету үшін, журнал шығару үшін, экспедиция құру үшін керек болды. Өзім қара үзіп кеттім дей алмаймын, бірақ, әркім өз деңгейін білгені жөн...
Мен деңгейі өте жоғары, бірақ әлемге қазақтың Абайдан кейінгі ақыл-парасаты болып әлі таныла алмай жатқан Қадыр, Тұманбай, Төлеген, Жұмекен, Жұматайдай ағаларымды қатты аяймын. Абайды аудару өте қиын ғой, Қадекеңді аударуға болар еді... Сол Қадекең маған үнемі «еңбек ет, еңбек!» дейтін.
Кеше Ташкенттен Насыр Фазылов ағам хабарласып «кітабыңды өзбекшеге аудартып, алғысөзін өзім жазып, ішінде мұң мен сағыныш көп болғандықтан, өзім де Түркістанның даласын өмір бойы сағынып келе жатқандықтан «Сағыныш» деп кітаптың атын өзім қойып, дайындап отырмын. Қазақтар сенің бағаңа жетер-жетпес, ал, мен сені өзім тіріде өзбекке танытып кетпекпін» деді... Сонымен, жуырда Ташкентте өзбек тілінде жыр кітабым жарық көреді.
– Қазақ шығармаларын шетелдерге таныстыру өте орынды. Бұл тұрғыда сіздің шығармаларыңыздың аудармасы қалай болып жатыр?
– Биыл аударма жағынан жемісті жыл болды десем де болады. Өйткені, жылдың басында татар бауырларымыз өлеңдерімді аударып, кітап етіп шығарды. Татарстанның «Илһам нәшрияты» атты баспасынан ақын Рафис Құрбанның аудармасымен татар тілінде жарық көрді. Кітабымның тұсаукесеріне Ғалым Жайлыбай екеуміз барып қайттық. Көктемде Қырғызстанның «Улуу Тоолор» баспасынан «Гүл көктем» деген атпен қырғыз тіліндегі жыр кітабым қырғыз ақыны Марқабай Ааматовтың аудармасымен жарық көрді.
Ресейдің белгілі ақыны Михаил Синельниковтің аудармасымен оның «Семиречье» атты кітабына топтама өлеңдерім шықты.
ХХХVII халықаралық поэзия конгресінің аясында моңғол тілінде «Алаш орда гэрээслэл» атты кітабым шығып, «Word poetry 2017» атты ағылшын тіліндегі антологияға өлеңдерім енді. Осы халықаралық поэзия конгресіне мүшелікке қабылданып, ғылым докторы дәрежесіне ие болдым.
– Қадыр ойдың ақыны болып өтті. Төлеген басқа бағытта жазды. Сен «Дүниеде» «Жүрегін жаудың қақ тілген, Алшайтып тұрып ат мінген. Қазақ деп мұңға баттым мен, Қазақ деп жылап жаттым мен... Кесіле жаздап тілім де, Үзіле жаздап ділім де. Қиямет-қайым жолдармен, Тұралап жеттім бүгінге» деп жаздың. Сөйте тұра өзі «махаббат жыршысы» атанған Тұмағаң сені «махаббат ақыны» атады. Екі бағытты тең ұстау қиын емес пе?
– Ол өзі өсе келе, толғанып, санаңдағыны саралай келе табиғи түрде солай қалыптасты. Уақыт соған алып келді. Қазір жаһандану заманы. Жеке елдер біріккен кезде ғана оған қарсы тұра алады, ал, азаматтық поэзия елді біріктіреді. Бірақ, азаматтық екен деп жалаң ұрандатуға болмайды, Төлегеннің тулаған асау сезімімен, Тұманбайдың мөлдір лирикасымен, Қадыр мен Жұмекеңнің философиясымен тек өзіңше жазуың керек.
– Сен жүзге жуық әнге мәтін жаздың немесе керісінше, композиторлар сенің өлеңіңе ән жазды. Соның 60-70-і айналымда жүр. «Ол көктем оралмайды», «Аяулым», «Бала кез». Гауһар Әлімбекова, Роза Әлқожа өлендеріңе ән жазды. Илья Жақановтың «Арыс», «Қарашық», «Дүние», «Менің де даусым естілер» романсы бастаған ән циклдары бір бөлек дүние. Ол жайлы Ілекең кітап та жазды... Мен үшін сіздің шығармашылығыңызда «Дүниенің» орны бөлек. Соны жазуға не түрткі болды?
– Мен оны Қытайда жаздым. Илья Жақанов ағам, Ақтолқын жеңгем бәріміз, он шақты адам тоқсаныншы жылдардың ортасында Қытайға бардық. Ұмытпасам аты Ислам Икрами еді, Оспан батырдың кеңесшісі болған кісі маған түнімен әңгіме айтады. Сол кісі: «Осы Үрімшіден Бейжіңге дейін қазақтың жері ғой, Қасымхан-ау! Ана жерде Пәленше бидің қыстауы, мына жерде Түгенше батырдың моласы жатыр ғой...» деп таң атқанша аңырайды. Күрсінеді. «Қытайлықтар салған Қытай қорғанын, Ал, салдырған соны біздің бабамыз» деген сарындағы әңгімелер. «Дүние қызыл-жасылды» болатын себебі, сол «қызыл» кеңес заманының өзінде біздің ауылда күңірентіп намаз да, Құран да оқылатын. Аналарымыз киіз, текемет басатын, алаша, сырмақ тоқитын. Ол кезде этнографияны ойлаған ешкім жоқ, сол өмірде кеше мен бүгін астасып, қатар өмір сүріп жатты. Осының бәрі маған ой салды. Бәрі өткінші болса, өткінші емес, тек жазу-сызу екен ғой деген ой ерте келді. Ақын-жазушының маған бәрі әулиедей көрінетін!
– «Он сегіздегі сезіммен,
Сүйдім мен қоңыр күзімді.
Тағы бір көктем көзімнен,
Сағыныш болып үзілді» секілді өлеңдерің сол тұтас күйінде түсе қалғандай...
– Өлең әр кезде әрқалай түрде келеді. Сондықтан мен оны түрлендіріп, әдейі басқа бейнеде берейін деген емеспін. Өлеңнің ұстыны өз-өзінен келген кезде ұстап қала алсам, дұрыс өлең туады. Бұл енді тылсым бір дүние...
Алашордашылар — феномен!
– Отанды сүю отбасыңды, атаң мен анаңды, ғашығыңды сүюден басталады дейді барлық данышпандар...
– Мен қазақты сүюді «сен менің өзімді көрсең, тұрысым осы менің. Ал, мендегі ғаламат сезімді көрсең шошыр едің!» деген Төлегендерден үйрендім. Менің иір-қиыр өмір жолымдағы бір адамға, бір қызға деген шынайы махаббатым тұтас ұлтымды сүюге алып келді. «Күреңбел» – сол ауылдағы «күн батқан соң шығатын ол ұрланып, бұлақ жаққа қайтатынбыз бір барып» қызға арналған кітап. Ал, жаңағы даналық сөз – ақиқат сөз.
«Алашорданы» шексіз жақсы көру Түркістанның топырағынан басталған. Мен оқуға түсуге келгенде арман болған Алматымда мүлдем қазақша сөйлемейтін сұмдықты көріп, есімнен танып қала жаздағанмын. Идеал тұтқан адамдарым қазақша сөйлемейді, Кенесарымның, Абылайханымның, хиссадағы батырларымның иісі де жоқ! «Алашордашыларды» жау етіп көрсетті. Санамда неге бұлар жау деген сұрақ туды. Оларға деген аяушылық сезім пайда болды. Неге халық батырлары мен ақындарын бірдей жақсы көрді? Өйткені, ақыны да батыры секілді отаршыл жүйеге қарсылық көрсетті. Кеңес кезінде де. Астарлап болса да. Алашордашылар – феномен! Тұтас бір ұрпақтың осылай туа қалуы ғажап құбылыс! Өзбек, қырғыз, басқаларда ондай феномен бар ма?! Солардың ішінен біреуді таңдау керек болды, мен Мұстафаны таңдадым. Үш жұртымның ешқайсысының қыпшаққа қатысы жоқ. Туыс-руластарымның ішінен неге Сұлтанбек Қожановты таңдамадың, соны неге зерттемейсің дегендер де болды.
– Оларға не деп жауап беріп жүрсің?
– Мұстафа Шоқай Шолпан жұлдыз секілді жарқырап туды ғой. Сұлтанбек Мұстафамен бірлесіп «Бірлік туын» шығарды. Мұстафа эмиграцияға кеткен соң оның туған інісі Нұртазаны НКВД тұтқындады, тергеді, ол осы Шымкентте атылды. Нұртаза архив құжаттарында «Сұлтанбек бізге тікелей қамқорлық көрсетті, мені ауылдан алдыртты, қызметке тұрғызды, қаржылай жәрдем берді» деп көрсеткен. Сталин «Мұстафа Шоқай – кеңес өкіметінің ең бірінші жауы» дейді. Ағасы шетелдерде Кеңес өкіметін баспасөзде аямай сынап жатыр, мына жақта оның інісіне Қазақстанның басшыларының бірі көмек көрсетіп жатыр... Сұлтанбек те қатарластарының арасында дара. Бірақ, ортасы бөлек. Сұлтанбек Қожановтың Мұстафа Шоқаймен бірге «Бірлік туы» газетін шығарғаны оның тікелей рухани шәкірті екенін көрсетеді. Екеуінің мұраты бір. «Алашорданы» феномен ретінде біз енді ғана тұтас қарастыра бастадық. Ақындар елдің алдында жүреді ғой, мен «Алашорда аманаты» деп былтыр поэма жазып, «Қазақ әдебиеті» оны жариялады. Қазақстанда ол әлі кітап болып шыққан жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, Моңғолияда моңғол тілінде жеке кітап болып шығып қойды. «Алашордашыларды» түбегейлі зерттеу, олардың еңбектерін толық жарыққа шығару – бүгінгі ұрпақ міндеті.
– Мұстафа Шоқайды таза «алашордашыл» деуге келмейді ғой?
– Әңгіме сонда, ол «Тұтас Түркістан» идеясын ұсынды ғой, бүкіл түркітілдестердің бір болуы үшін күресті. «Алашорда» қазақ мемлекетін құруды, атамекен жерлеріміздің өзгеге кетіп қалмауы үшін, шекараны айқындау үшін Ленинге кірді, Сталинмен айқасты. Ташкент кетіп барады, Орынбор, Омбы, Қосағаш кетіп барады. Біреуі математика оқулығын жазып, біреуі теміржол салып жатыр, біреуі алфавит жасап, біреуі қазақ романының, біреуі қазақ поэзиясының, біреуі қазақ психологиясының, біреуі медицинаның негізін қалап жатты. Ахаң өзі 18 кітап, Шонан Телжановпен бірігіп бір кітап жазған адам. Олардың әрқайсысы бір адамның тамағын ішіп, бір-бір зерттеу институттарының жұмысын атқарған алыптар. Солардың ішінде Мұстафа заманынан да, замандастарынан да озып туды. Біз бүгін «түркі дүниесі, бірігейік» деп ұрандап жүрміз, Шоқай оны 100 жыл бұрын айтып қойған.
«Алашорда аманаты» – ел мен жер жайлы поэма. Әлекеңнің «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!» деген сөзі бар. Біз бала кезімізден мемлекетшіл бола алмасақ, мына ұланғайыр даланы ұстап қала алмаймыз. Елге еге болу үшін баланы сәби кезінен соған баулу керек. Мемлекетшілдік деген не? Ол – қазақы салт-дәстүр. Қазақы тәрбие. Қазақы мінез. Басқалай тәрбие алған, басқа енені емген, доңыздың етін жеген, топыраққа табаны күймеген ұл-қызға бәрібір, олар жаһандануды қолдайды. Еттің, сүттің, нанның аржағында қандай еңбек тұрғанын, қандай ел тұрғанын түсінбейді...
Алаш арыстарының тағдыры – біздің ұлттық трагедиямыз. «Моласы жоқ Құран бағыштап, барайын десем басына» деген жол келді бірде басыма. Осындай жолдар келеді өзі. «Алашорда аманаты» деген жол келді. Жұрт ол кезде жер туралы шулап жатты. Мен де үн қосайын деп ойладым, «Алашорда аманаты» содан туды. Әлекең «қазақ жерінің әрбір тасы қазақтың түймесі болып қадалуы тиіс» деген адам ғой. «Шерлі Түркістан» – бұл Мұстафа Шоқайдың тұтас Түркістан атты тұтас түркітілдес елдердің мемлекетін құру арманы жайлы поэма. Мұстафа тек Қоқан автономиясын, ал, дұрысы Түркістан мемлекетін құрып қана қойған жоқ, ол Әлекең бастаған «Алаш Орда» үкіметінің мүшесі де болды. Әлекең қазақтың «Алашорда» мемлекетін құрса, Мұстафа Түркістан мемлекетін құруды аңсады. Ол идея бүгін ерекше өміршең!
Мен Мұстафаның ұлт алдында иненің жасуындай кінәсі жоқ екенін жүрегіммен сездім. Сөйттім де «бір адам оны түбегейлі ақтау керек қой!» деп осы істің соңына түстім. Мұстафа Шоқай жайлы түсірген деректі фильмім, жазған кітабым – танымдық дүниелер. Оны түсіну, сезіну үшін керек дүниелер. Мен Қоқанға бармасам, 10 мың адамды кеңес әскері бір күнде қырып тастаған жерді көрмесем, солар жатқан моланы көрмесем, олардың қасіретін қалай сезінем? Сезінбесем қалай жазамын? Ферғана мен Қоқан арасындағы Мұстафа жүрген жолмен өткен кезде ерекше сезім — «Шерлі Түркістан» атты поэманың алғашқы шумақтары туды. Өлең жолдары сондай кезде ойға оралады. Бақытжан Қаратаев Батумиға 7 жылға жер аударылып келген кезде, сол жерде Сталин өмірге келіп жатқан. Бақытжан Қаратаевтан кейін бұл жерге табаны тиген екінші қазақ – Мұстафа Шоқай. «Батумиде түнгі жаңбыр жауып тұр» сол арада, Батуми түнінде жазылды. Шелльге, Мариям анамыздың басына арнайы іздеп барғанымызда да жаңбыр шелектеп құйып тұрды. Көктің өзі бізбен бірге жоқтап, аза тұтып жылап тұрғандай әсер етті. Мен сол араға тек тағзым ету үшін бардым, өйткені, Мариямның тек Мұстафаға емес, бүкіл қазақ халқына деген құрметі таң қаларлықтай! 1958 жылдан қашан қайтыс болғанша «Менің Мұстафам» деген күнделік-кітап жазған. Стамбулдың қазағы, 93-тегі Әлім Алматпен сырластым, «Мариям Горинаның қолына 1942 жылы барып, баласындай болып тұрдым» деген тағдырлы кісіні кездестірдім, әңгімесін естідім. Жады сол күйінде, көргенінің бәрі көкірегінде сайрап тұр...
Абайды бiлмей, дәстүрiмiздi толық тани алмаймыз
– «Дәстүр» журналын шығару идеясы неден туды? Әдетте ондай журнал шығаруды ақын адам ойлай қоймайды ғой...
– ...Мен тағы да жұмыссыз қалдым. Не істеуім керек? Жұмыс істеп жатқан журнал, газет, баспаларға барғым келмеді. Аппақ қағазды алдыма қойдым. «Дәстүр» деп жаздым. Оны жазған себебім, мен бұл кеңістікті алдын-ала зерттедім. Тек биыл, Елбасының «Рухани жаңғыру» жайлы әйгілі мақаласынан кейін ғана оған мемлекеттің де, қоғамның да мойны бұрыла бастады, әйтпесе, көңіл бөлінбей, елеусіз, ескерусіз жатқан сала болатын ол! Соны қолға алайын дедім. Қасыма сатпайтын, сатылмайтын серік жігіт іздедім. Көп уақытымды осыған жоғалтып алдым.
– Мұқағали секілді «Жігітінен қазақтың дос таба алмай, қыз да болса...» деп нәзік жандыға бұрылдым дейін деп отырсың ғой?..
– Соның өзі! Ол екеуміз жоқтан бар жасадық. 1980 жылдан 1990 жылға дейін, яғни «Қарашыққа» дейін менің жеке кітабым шыққан жоқ. Өлеңді тастап кеттім бе мен сонда? Жо-о-оқ! Бірақ, кітабымды шығара алмадым. Сондықтан журналға қоса «Дәстүр» баспасын аштым. Және ол ең алдымен елге рухани азық қой. Мен журналды шығара бастағанда кейбір достарым «көреміз ғой, ары барса бір жылға шыдар» деп көзімше кекеткенде жүрегім тас болып қатып қалды... Маған ештеңе оңайлықпен келе салған емес. Қазір, Құдайға шүкір, ат үстіндемін. Бірақ, рухани жалғызбын. Жанның жалғыздығы. Көп ішіндегі жалғыздық. Шәкәрім атамыз «Кіндігімді кесті, мен анамнан алыстай бастадым» дейді...
«Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» деген төрт томдық кітап Құдай қаласа қарашада жарық көреді. Онда қазақтың бүгінгі күннің озық ойлы перзенттерінің, абыздары мен ғұламаларының сұхбаттары жинақталған. 14 шрифтпен «Дәстүр» журналын шығарып келе жатқан менің 8 жылдан бері дайындаған сұрақтарымның өзі үш жүз беттей болды. Олар «Құран Кәрімнен» басталады. Абайтану – бұл дәстүрдің үлкені. Абайды білмей, дәстүрімізді толық біле алмаймыз. Дәстүрдің тозығы қалып, озығы бізбен болашаққа бару керек. Жергілікті ғана масштабтағы дәстүрді ел көлеміне көтеріп керегі жоқ. Қазақстанның түкпір-түкпіріне дейін араладым.
Барған жерімде облыстық музейде, архивте халықтық этнография өкілдерімен кездесу өткіздік. Көкшетауда, Қостанайда, Петропавлда, Өскеменде екі сағаттан орысша баяндама жасап, сұрақтарына жауап беруге, Өскемендегі шовинистік пиғылдағылармен айтысуға тура келді.
Сапар биыл Маңғыстаудағы Отпантаудан басталды. Әр жылы 14 наурызда батыс өлкелерімізде өтетін «Көрісу күні» – бүкіл қазаққа таратылуға тиіс тамаша тағлымды құбылыс. Отпантауда бір емес, 30-40 бүркітшіні, аспанға шапшыған аттарды, күнделікті киім етіп киіп алған қазақтың ұлттық киімін көргенде таң қаласың ба, қалмайсың ба?!
Шымкенттің артықшылығы – кезінде А.Мырзахметовтің басшылығымен еліміздегі жалғыз «Салт-дәстүр орталығы» осында салынды. Және әкім оның қалай болуы жайлы біздің ойымызды, идеямызды сұрап, ақылдасты. Салынуына, ашылуына қатыстым.
– Дәстүр жайлы С.Кенжахметовтің, А.Жүнісовтің, тағы басқалардың кітаптарында жазылған мәселелер шығайын деп жатқан 4-томдықта қайталанған жоқ па? Қытайлық Болат Бопаймен жолыға алдың ба?
– Ешқандай қайталау жоқ! Төрт томдықтың ерекшелігі – этнограф ғалымдарымыздан, жасы үлкен әр саладағы ғұламалардан, сонымен қатар этнографиямен айналысып жүрген Болат Бопай сияқты азаматтардан сұхбат алдым. Жаңа айтқанымдай, кітап тек салт-дәстүрмен шектелмейді. Құранды барынша қазақ тіліне жақын етіп аударған Уақап Қыдырханұлымен, мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен, ғалымдар Өмірзақ Айтбаевпен, Сейіт Қасқабаевпен, ұлттық психология жөнінде Құбығұл Жарықбаевпен, ұлттық тәрбие туралы Совет-Хан Ғаббасовпен, ұлттық рух тақырыбында Ұлықпан Сыдықовпен, Оразалы Сәбденмен, ұлттық құқық жайлы Сұлтан Сартаевпен, латын тілі жайлы Әлімхан Жүнісбековпен, абайтанушы Мекемтас Мырзахметовпен, ұлттық театр туралы Сәбит Оразбаевпен, ұлттық кино, өнер туралы Сатыбалды Нарымбетовпен, Жарқын Шәкіріммен, Шөптібай Байділдинмен, Сабыркүл Асановамен сұхбаттастым. Әрқайсысы 512 беттен төрт том кітап. Таза жазу, сурет жоқ. Артық сөз жоқ, жарау аттай. Суреттер жеке томға беріледі.
«Тағдырлы адам» дейміз. Қытайдың түрмесін бірнеше рет көрген Жағда Бабалықұлы «маңдайының соры арылмаған, бақытсыз, қазақтың далада қалған шалы едім» деді. Арыстарымыздың қайғысын, олардың трагедиясын сол деңгейде қабылдай алмау бізді жақсы дүние жазуға жеткізе алмайды. Мен Жағда атамыздың бүкіл қайғысын қабылдай алдым дей алмаймын, бірақ, ғұлама арқылы мынау жалған дүниенің опасыздығын сезіндім. Жылайды, көзінен жас шықпайды... Мен Жағданың дәуірі өтіп, демі бітіп бара жатқанын көрдім де, өлеңді де, Мұстафа экспедициясын да, бәрін де уақытша тоқтатып, сол кісінің берерін алып қалуға кірістім. Жағда мен Оспан батырдың ара қатынасы осы төрт томдықта Әлімғазы Дәулетханмен болған сұхбатымызда айтылады.
Бұл жобам — «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» жобасы негізі, биыл елеусіз қалған Жағда Бабалықұлының жүз жылдығына арналып отыр. Сонымен қатар Әлімғазы Дәулетханұлының үйіндегі Жағда Бабалықұлының 46 папкаға жинақталған, өз қолымен жазылған, әлі ашылмаған тың қолжазбаларымен де жұмыс істеп жатырмыз. Бұл қолжазбамен тарихшы, қаламгер Әлімғазы Дәулетханұлы менің қолдауыммен жұмыс істеп жатыр. Бұлар да жылдың аяғында кітап болып шығып қалады деп жоспарлаудамыз.
– Маған қазақ өзін әлі шындап көрсетпеген, соның ішінде ақын-жазушылары берерін сарқып беруді үйренбеген ел секілді көрінеді де тұрады. Негізі, табысқа әрқашан белсенді адам ғана жетеді. Бізге осы қасиет жетіспейді. Сен сол белсенді аз қазақтың бірісің...
– Шынымды айтсам, менің көп лирикалық керемет дүнием кеудемде тұншығып қалып жүр. Өлең келген кезде мен оны құрметпен қарсы ала алсам, өлең тұтас туады. Кейде бір-екі шумағы ғана келеді. Жол үстінде, қонақта, т.б. жағдаймен өлеңді оның мәртебесіне сай «күтіп ала алмасам» жөнді дүние шықпайды. Мына «Дәстүрдің» 4 томдығын жарыққа шығарып алсам, содан соң бойымды көптен буып жүрген өлеңге отырсам деймін. Сөйтіп, қазақтың санасында, жадында жоғарыда айтқан сол ақындардай жақсы ақын болып қалғым келеді, ең негізгі кітабымды жазғым келеді. Дәстүр жайлы кітаптарым – танымдық кітаптар. Олар ұлттың мүддесі үшін керек.
– Сонда негізгі кітабым әлі жазылған жоқ деген ой тұр ғой?
– Иә, сондай ой тұр. Танымдық кітаптарды шығарып өзімнің біраз парызымды атқарғандай болдым. Абыздарымыз, ғұламаларымыз ортамызда жүр. Олардың бәрін біріктіріп тұрған, бәрімізді біріктіретін жалғыз нәрсе – қазақты сүйген жүрегіміз. Менің кейіпкерлерім, төрт томдықта сөйлеген әрбір азамат қазақты шексіз сүйетініне ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені, олар қазақтың дәстүрін сүйеді. Мен соларды, Мұстафаны, Жағданы жастарға үлгі етіп ұсынғым келді. Танымдық кітаптар халыққа, жастарға өте керек деп ойлаймын. Денсаулығымды, бүкіл шама-шарқымды, білімім-білігімді, бәрін осы жобаға салғандай болдым. Бір тәулікте мың шақырым рульде отырған кезім де болды. Мен уақытты бағалауды Қадыр ағадан үйрендім.
– Негізгі кітабың жазылмаса... Сен ақын болуды армандасаң, мен 5 мың жылдық даңқты тарихымызды мәңгі өшпестей етіп кететін «Қазақ-наме» атты кітапты көріп кетсем деп армандаймын. Уәде берген бір ағам он жыл өтті, жазбады. Шамасы жететін еді, жігері жетпеді, пендешілігін жеңе алмады... Сен жазар ма едің?
– Мынау мүлдем тосын, қатты ойланатын мәселе екен. Сіз менің білімім, талантым жетеді деп ойлайсыз ба?
– Талантың жететініне сөз жоқ. Ал, тәжірибе секілді білімді де жинап алуға болады. Әсіресе, бүгінгі заманда ол қиын шаруа емес. Бұл жерде бастысы – ақыннның азаматтық ұстанымы. Дәл сен секілді ұлттық, отаншылдық тақырыпқа сонау «Тұяқ серпуден» бастап былтыр жазған «Алашорда аманатына» дейін жүйелі түрде жазып келе жатқан ақын аз. Сен қазір әбден бабыңа келген сияқтысың...
– Өмеке, айттым ғой, күтпеген ұсыныс. Мен бір-екі-үш жыл ішіме толып қалған, миымда пісіп тұрған өлеңдерімді қағазға түсіріп алайыншы. Мүмкін, сосын қалған ғұмырымды арнасам арнармын. Ой салдыңыз...
– Бәрекелді! Фирдоуси де «Шах-намені» жасы келген кезде бастаған...
– Ендеше, сізбен сұхбатты қырық жыл бұрын жазылған «Тұяқ серпуді» оқумен аяқтауға рұқсат етіңіз!
...Жалайыр, Үйсін, Қыпшақ, Тарақтылар,
Таманы інісіне балап тұрар.
Тыныш жатқан ауылдың шаңын қақты-ау,
Белсенді қатынқұмар, араққұмар.
...Молалар, біздің мола, менің молам,
Молалар, сіздің мола, сенің молаң,
Бесік пен бейітімнің арасында,
Басыңа сан келермін сенің, Бабам.
Бұл күнде көрінбейтін егістерден,
Бұл бейіт – біздің бейіт тегістелген.
Ауған тәуіп, Ақ ишан, ер Сұлтанбек,
Шағынардай шыға сап... тегіс көрден.
Кеше алмаймын мансапқа сатылғандар,
Қандасқа қарулы әскер шақырғандар.
Сендерге бәйіт жаздым, дұғам болсын,
Созақтың базарында атылғандар.
Атылғандар о, қайсар кектілерім,
Асыл ойым көміліп кетті менің.
Сызған жақта өсетін қызыл гүлдер,
Қызыл қаннан нәр алған деп білемін.
Қызыл қанды қыратқа шашыраған,
Өтінем жұла көрме, асыл адам.
Әлі күнге өкпелі тәрізденді,
Етпеттеп жата қалған тасы маған...
Сұхбатттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ,
«Оңтүстік Қазақстан».