«БӘРIНЕН БҰРЫН МЕКТЕП МӘСЕЛЕСI ШЕШIЛУI КЕРЕК!»

  Алматы қаласындағы №178 физика-математика мектебiнiң директоры Әбдiмәжит ӨТЕШ: «БӘРIНЕН БҰРЫН МЕКТЕП МӘСЕЛЕСI ШЕШIЛУI КЕРЕК!»

 

Менiң анам Солженицынды мойындатқан...

– Бүгiнгi таңда мұғалiм ер адамды, оның iшiнде директорды көрсек көзiмiзге сүртуге жақындап қалдық-ау деймiн... Сiздiң осынау аса ауыр да мәртебелi мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?

– Менiң анам – математик және жақсы математик. Бiздiң елдi кеңес өкiметi 1928 жылы Арқадан, бүгiнгi Жаңаарқа ауданынан отырықшы ел етуге Жамбыл облысының қазiргi Сарысу ауданының жерiне әкелiп қоныстандырған ғой.

– Иә, аталарыңыз «онда ең болмаса ауданымызды атақоныс Сарысу өзенiнiң атымен атауға рұқсат берiңдер» деп, жаңа аудан Арқадағы өзен атымен аталып кеткенiн кәрiқұлақтардан естiгенмiн.

– Ал, Ташкенттегi САГУ-де (Орта Азия мемлекеттiк университетi) сабақ беретiн бiздiң елдiң бiраз азаматтары бар екен. Бiреуiнiң фамилиясы тiптi Көтiбаров! Сiрә, атақты батырдың тұқымы болса керек, өйткенi, ондай есiм өте сирек кездеседi ғой. Солар жылда жазда елге келiп, оқимын деген екi-үш баланы алып кетедi екен. Бiр келгендерiнде менiң нағашы атам Тәйке молданың үйiне түседi. Бiрақ, ол ауылдан оқуға баратын ер бала табыла қоймайды. Менiң шешемнiң оқуға ынтасы барын көредi, есеп берiп қараса шемiшкеше шағып тұр! Содан «өз қызымдай көрейiн» деп атамыздан сұрап әкетедi. Апарып рабфакқа түсiредi. Бiрақ, анам оны бiтiрiп, университетке түсер шақта соғыс басталып кетiп, бара алмай қалады. Ол екi ортада анамыз тұрмысқа шығады. Дегенмен, оқуға деген құштарлық бәрiбiр отырғызбайды, Әулиеатадағы педучилищеге сырттай түседi. Оны қызыл дипломмен бiтiредi. Қайынатасы Өтеш көзi ашық адам екен, мектепте математикадан сабақ беретiн келiнiнiң деңгейiн байқайды-дағы: «келiн, айналайын, оқы!» дептi. Содан анамызды Әулиеатаға әкелiп, Алматының пойызына салып жiбередi.

– Айналу керек қой мынадай қайын атадан!

– Шешемiз қарашаңырақ ҚазПИ-дiң сырттай оқу бөлiмiне құжат тапсырады. Үстiнде қазақы қамзол, басында орамалы бар бiрнеше баланың анасына басқа абитуриент қазақ қыздар таңырқап қараса, орыс қыздар менсiнбей, күле қарайды ғой баяғы. Ал, бiздiң ауылда Поволжьеден жер аударылған немiстер тұратын, орыстар да бар едi, алғыр анамыз орысша да, немiсше да таза сөйлейтiн. 1920 жылы туған анамыз «немiс балалармен ойнап өстiм» дейтiн, демек, немiстер ол жерге ертеректе қоныстанса керек.

– Патша өкiметi 1-дүниежүзiлiк соғыста тұтқынға түскен немiс жауынгерлердi қазақ даласына жiберiп отырған, өйткенi орыстар «ата жауымыз» деп оларды өлтiрiп тастауы мүмкiн ғой. Герольд Бельгер: «Қазақстанға жер аударылған бiздiң бәрiмiз қазақтардың арқасында аман қалдық, ал, Сiбiрге тап болған туыстарымыз түгелге жуық қырылып қалды» дейтiн. Жарайды, сөздiң ретi келген соң айтып жатқаным ғой.

– Содан анамыз «сендерге менсiнбегендi көрсетейiн» деп ойлайды. Ол кезде 8 (!) сабақтан емтихан тапсырады екен. Орыс тiлдiң өзiнен екеу ме, үшеу ме, Құдай-ау... Бiрiншiсi математикадан ауызша болған екен, анамыз билет алған бойда «отырмай жауап беремiн!» дептi. Комиссия мүшелерi елең ете қалмай ма?! «Ала ғой» дейдi. Алған бойда сартылдатып жауап бередi. «Екiншiсiн алшы!» дейдi. Оған да солай. «Үшiншiсiн!» «Әуре болмай-ақ қойыңыздар, мен бұның бәрiн бiлемiн!» Комиссия мүшелерi бiрiне-бiрi қарайды. «Қайдан келген баласың?» «Осылай да осылай». «Балаң бар ма? Неше бала? Ой, айналайын-ай, талабыңа нұр жаусын! Атаңа рахмет сенiң!»

Өтеш атам келiнi соңғы курсқа келгенде қайтыс болады-дағы, анамыз оқуына бара алмай қалады. Дұрысы, әкей аңшы, сал-серiлеу адам болған, жiбермей қояды... Негiзi, менiң әкем – анамыздың екiншi ерi. Бiрiншi күйеуi соғыстан оралмапты. Ол кiсiден Абай атты бiр ағамыз бар. Анамыз бен әкемiз екеуi мектепте бiрге оқыған. Әкей соғысқа қатысқан. Әскерге 1938 жылы алынып, 1947 жылы бiр-ақ қайтқан ғой. Аңшы адам майданда да мерген болған.

– Сарысу ауданының қай жерiнде тұрдыңыздар?

– Iлия Жақанов ағамыз өлмес ән жазған Жайлаукөлде, Ақтоғайда, Көктеректе тұрдық. Айтпақшы, анам Көктеректе атақты Александр Солженицынмен бiрге жұмыс iстеген. Солженицын Ростов университетiнiң математика факультетiнде күндiз, филология факультетiнде сырттай оқыпты. Менiң анама: «Катя, ты единственная казашка, который знает математику!» деп автограф жазып берген кiтабы бар едi, осы берiде бiреу ұрлап кетiптi. Екеуi мектепте айтысып қала бередi екен, Солженицын «қазақтар математиканы бiлмейдi» деп кекiрейедi, анам «мен тұрмын ғой алдыңда» десе, «сен – жалғызсың, байқамай барып қалғансың...» деп жеңiстiк бермейтiн көрiнедi.

– Жетпiсiншi жылдардан берi әлемдегi үздiк 100 математиктiң iшiнде 2-3 қазақ ғалымы жүретiнiн естiсе, ол ойынан қайтуға мәжбүр болар едi...

– Үйде математика туралы кiтап көп, соларды қызығып оқыдым, түсiнбегенiмдi сұрадым, бұл пәндi игеру маған қиынға соққан жоқ. Қысқасы, математикаға деген қабiлет, құштарлық менiң қанымда бар десем болады. Бiр күнi «Бiлiм және еңбек» журналын оқып отырсам, АТОМ (алғырлар, тапқырлар, ойшылдар мектебi) деген жаңа айдар көрдiм. Онда Алматыдағы академик Жәутiков атындағы республикалық физика-математика мектебiне оқушылар қабылдайтыны жазылыпты. Бiрден «осы мектепке барып оқимын» дедiм. Әке-шешем қарсы болған жоқ. Бұл – 1972 жыл едi.

– Нешiншi класқа (сыныпқа) келдiңiз?

– Тоғызыншы. 7-сыныптан бастап алады екен, оған дейiн ол Алматыдағы №56 физика-математика мектебi болып аталып келiптi. Емтихандарын тапсырдым. Менiмен бiрге 9-сыныпқа 2-3 бала ғана қабылданды. Бiтiрдiм. Оқуға баруым керек қой? Ойланбастан ҚазМУ-дiң физматына құжат тапсырдым.

Осы жерде бiр қызық нәрсе айтайын. Анам телефон соғып, «мен түс көрдiм, түсiмде ҚазПИ-дiң түндiгi желпiлдеп тұр екен, соған оқуға бар» десiн. Жалпы, менiң нағашыларымда көрiпкелдiк қасиет болатын. Бүгiнгi дiншiлдер оны мүлдем жоққа шығарады, дегенмен, өмiр шындығы басқа. Мысалы, нағашы әжем кiмнiң қашан қайтыс болатынын алдын ала бiлiп отыратын. Ауылда Бiркен деген қария бар едi, әжем бiр күнi: «Бiркен өлдi» дедi. Мен кiшкентай баламын, жүгiрiп барып келдiм, «Бiркен ата шәй iшiп отыр» дедiм. Анам «туу, апа, тiрi адамды өлтiрмей отырыңызшы!» дедi. Сәлден кейiн «Бiркен ата қайтыс болыпты» деп естiдiк...

Апамның да айтқаны келiп тұратыны бар, құжатты университеттен алып, институтқа тапсырдым. Шынын айтайын, анамның айтқанын iстемеуге қорықтым... Сынып болып түгел ҚазМУ-ге тапсырғанбыз ғой, олар аң-таң. Ал, мен себебiн айта алмаймын... Әйтсе де, кейiн сол КазПИ-ге түскенiм дұрыс болған екен деген ойға келдiм. Сабақты өте жақсы оқыдым, бiр «4» алған жоқпын, Лениндiк стипендиат болдым, «қызыл дипломмен» бiтiрдiм.

– Мектептi де алтын медальмен бiтiрiп пе едiңiз?

– Жоқ, физмат мектебiнде орыс тiлiнен «2» алатынмын. Орыс мұғалiмiм «сенi құртамын...» дейтiн. Тiлдi ұқпаймын, қате жазамын. Бiрақ, газеттi көп оқимын. «Комсомолканы» күнiге таңертең сатып аламын. Бiр күнi оқып отырсам, Герцен жайлы жазыпты. Орыс тiлi сабағында ағайымыз «бүгiн орыстың қай атақты ағартушы, революционерiнiң туған күнi?» деп сұрады. Тек мен қолымды көтердiм. «Утешов, молодец! Садись!» Ендi Герценнiң қандай газет шығарғанын сұрады. Тағы да жалғыз мен. «Калакол» дедiм. Ағайым түзедi: «Не «Калакол», а «Колокол!» Сол күннен бастап орыс тiлiнен «3» ала бастадым... Мен қазiр де «орыстың бiр ғана сөзiн дұрыс айтамын» деп әзiлдеймiн. Сол орыс ағай нағыз педагог екен-ау деп ойлаймын. Неге? Ол сол сабақта жаңағы сұрақтарының жауабын қайдан бiлетiнiмдi сұрады ғой. Сосын күн сайын сабақтан соң қалдырып, кешегi «Комсомолкадан» не оқығанымды айтқызатын. Сөйтiп жүрiп тiлiм ашылды... Бiрақ, қанша тырысқанмен «4-ке» жете алмадым. Тiлге икемiм мүлде жоқ екен. Әйтпесе, «Квант» орысша, оны түсiнемiн. Мектеп бiтiрерде мазмұндама жаздық қой. Тағы да нашар. Ағайым өзiме қайта жазғызып, «4» қойып бердi...

– Сонымен ҚазПИ-дi бiтiрдiңiз. «Қызыл диплом» иесi 3 жұмыстың бiреуiн таңдай алатын едi ғой.

– ҚазПИ-ге өкпем жоқ, ұстаздарым менi ғылымға тартудай-ақ тартты. Екi жыл стажер (тәлiмгер) болдым, әрi сабақ та бердiм. Сосын Мәскеуге аспирантураға жiбердi, ауылда бiр досымның үйлену тойын тойлап жүрiп, одан кешiгiп қалдым. Шынын айтсам, ынтам болған жоқ. Содан Жезқазғанның пединститутына оқытушы етiп жiбердi. Алматыны қимай қиқайып, оған да бармай қалдым... Сол орынға жете алмай жүрген бiреу бар екен, министрлiктегiлер қолыма дипломымды қуана-қуана ұстатты: «Қайда барсаң онда бар!» ҚазПИ-дiң қасында ол кезде атынан ат үркетiн Госплан (Мемлекеттiк жоспарлау комитетi) бар, оларға программист керек екен, бiлмесем де үйренiп алдым. Содан Өмiрзақ Шөкеев, сiздерде әкiм болған Нұрғали Әшiмов, мен, үшеуiмiз бiр кабинетте жұмыс iстедiк. Үш жыл өттi. Кезектi демалыстан келсем бәрiмiздi бiр-бiр министрге көмекшi етiп тағайындап қойыпты. Менi Бiлiм министрi Ш.Шаяхметовке жiберiптi. Бармадым. Жалпы, мен өз ғұмырымда мықты орындарға 4-5 рет көмекшiлiкке ұсынылдым, бәрiне де барған жоқпын – ондай қызмет менiң болмысыма келмейдi. Мен сол үш жыл бойы жазда қазақ мектептерге жұмыс iздеп барып жүрдiм, бiрақ, ешқашан бос орын болмайтын.

– Не үшiн Госпланнан кеткiңiз келiп жүр?

– Жұмыс ұнамады. Қызық емес. Есебiмiз, жасайтын жоспарымыз – бәрi өтiрiк! Ең бастысы – мен мұғалiм болуды армандайтынмын, ал, Алматыда қазақ мектебi екеу-ақ, бос орын қайдан болсын... Сол жылы өзiм оқыған физматта 6 сағат сабақ, әрi тәрбиешiлiк қызмет берiп қалмасы бар ма? Оның үстiне мен репетитор болып, оқушыларды емтиханға даярлап, ақша тауып жүрдiм. Соның арқасында 3-курста оқып жүргенде жеке үй сатып алдым! Одан бөлек қазақша журналдың бәрiне үзбей математика бойынша мақалалар жазамын. Қаламақы ағылып келiп жатады.

 

«Қазақтың баласы жүрген жерде неге менiң шаруам болмауы керек?!»

– «Математиканы бiлген адам бәрiн бiледi» деген рас-ау, сiз нарық заңдылығын кеңес заманында-ақ игерiп алған екенсiз ғой...

– Содан өз мектебiмде тәрбиешi болып жүрсем, бiр апай «Мәжит, өлмейсiң бе, не мынау, шылапшын, сүлгi алып жүгiрiп жүргенiң?» дегенi. Ашуландым. Намысым да келдi. Не айтарымды бiлмей, тығылып қалдым. Тек, Құдай аузыма салған шығар, «Мен тәрбиешi болуға келген жоқпын, мен директор болуға келдiм!» дедiм. Пионервожатый деген жұмыс болатын, сол жылы оны да iстедiм. Директорымыз Чернобай бiр жылдан кейiн тәрбие iсiнiң меңгерушiсi еттi, тағы бiр жылдан соң оқу iсiнiң меңгерушiсi қойды, сол қызметте 20 жылға жуық iстедiм. Директор мектептiң орыс бөлiмiн, мен қазақ бөлiмiн, интернатты басқардым.

Орыс бөлiмiнде 24, қазақ бөлiмiнде 12 сынып болды. Бiзге сағат жетпейдi, ал, орыс бөлiмiне бала жетпейдi, оларда бiр орынға бiр баладан, бiзде бiр орынға 20 баладан! Қазақ сыныптарын ашайық десек, Қарабай (Чернобай) қарабайлығын iстеп, аштырмайды. Ақыры, осы iштарлығы оның түбiне жетiп тынды.

Бiр күнi бәрiмiз Чернобайға тағы кiрдiк. Жолатпайды. Айтысып отырмыз. Ақырында Чернобай ашық айтты: «Пока я здесь, ни один класс на казахском языке не будет открыт!» Шыққан соң бiр апайымыз «Чернобай тұрғанда аша алмайды екенбiз, онда бұның өзiн құрту керек!» дедi. Апаймен iштей бәрiмiз келiстiк...

Соның ертесiне ме, оқушыларды қабылдау жүрiп жатқан, есiктiң алдына қара «Волга» тоқтап, iшiнен алақандай алтын сырғасы күнге шағылысып, бiр сары апай түстi. Қасында баласы бар. Бiр уақытта маған кiрдi. «Менiң кiм екенiмдi бiлесiз бе?» дейдi. «Қайдан бiлейiн, баласын әкелген көп ананың бiреуiсiз ғой». «Мен мүфти Рәтбек қажының үйiндегi апаңызбын. Бiр орынға 20 бала дейдi, сұмдық қой! Ал, менiң балам осында оқуы керек!» Ым-м... «Мақұл, апай, балаңызды алайын, бiрақ, сiз де маған қазақша тағы бiр класс ашуға көмек берiңiз!» «Болды, ағаңа айтамын!» Жарты сағаттан соң қайтып келдi: «Ағаңыз түсiнбедiм деп жатыр, бiр-екеуiңiз жүрiңiзшi». Жасы үлкен бiр апайымыз екеумiз бардық. Рекең мәйкiшең тамақ iшiп отыр екен: «Тұра тұрыңыздар!» деп әйелiне халатын алдырды. Мән-жайды баяндадық. Мүфти сол сәтте Өзбекәлi Жәнiбековке қоңырау шалды. «Осылай да осылай, физмат мектебiнде қосымша қазақ сынып ашу керек!» Өзекеңнiң не дегенiн бiз естiмедiк, бiрақ, мүфти орнынан атып тұрды: «Қазақтың баласы жүрген жерде неге менiң шаруам болмауы керек?! Қолыңнан келмесе айт, Президентке өзiм кiремiн!» Сөйтсе, кейiн бiзге айтып бердi ғой, Өзекең: «Мектептiң шаруасына мүфтидiң қатысы қанша?» дептi. Рекең сөйлесiп болған соң: «Жоқ, аға, көп рахмет! Тек дiнмен болмай, осындай жанашырлық көрсеткенiңiзге қатты риза болып отырмын» деп жатыр маған. Өзбекәлi айтса iстейдi, бара берiңiздер» дедi бiзге.

Ертесiне түстен кейiн Чернобай менен мектеп жайлы ақпарат сұратты. Таңертең Шаяхметовке барыпты. Адам әрқашан өзiне-өзi iстейдi ғой, министрге «мақұл» дей салса ешнәрсе жоқ, сынып ашылып бiз мәз боламыз, қанша жылдан берi отырған жылы орнында ол қалады. Ал, Чернобай «болмайды» дегенi аздай, сол күнi түстен кейiн неге болмайтынын өзiнше негiздеп, министрге салақұлаш анықтама апарып берiптi...

– Оның бәрi кеңес заманында шовинистердiң мейманасы тасып кеткенiнен, қазаққа әбден айтқанын iстетiп, айдауына жүргiзiп үйренiп қалған әдеттен, не iстесек те бiздiкi жөн деген өктемдiктен туып жатыр ғой.

– ...Құдайын ұмытқан Чернобай ертесiне-ақ орнынан алынды, Мәдиев деген №2 қазақ мектеп-интернатының директоры келдi. Ол келген бойда менен «қанша қазақ сыныбын ашуға мүмкiндiк бар?» деп сұрады. «Төрт сынып!» Қарық болдық та қалдық... Жақсы кiсi едi, тек iшiмдiкке үйiрлеу екен, директор болғысы келген бiреулер дос болып араласып жүрiптi-дағы, бiр күнi түнде бiрге болған жақсы отырыстан соң жұмысқа келгенде министрлiкке телефон соғыпты... Оның орнына келген кiсi де көп отырмады. Сол кезде басшыларды сайлау сәнге айнала бастаған-тұғын. Өзiмiздiң ғылым жөнiндегi ұзақ жылдар бойғы орынбасарымыз Оспановтың құжаттарын мен өзiм апарып өткiзген едiм, «бiр адаммен сайлау өтпейдi, балама керек» деп қайтарып жiберiптi. Мен ол кезде 39-дамын, директорлыққа таласу ойымда жоқ, әлi жаспын деп жүрмiн. Жиналыс жасап, балама үмiткер таңдадық. Бiр апай «Өтешовтi жазайық, бәрiбiр, өзiңiздi өткiземiз ғой» дедi. Сайлау қорытындысында жеңiмпаз болып Оспанов емес, мен аталдым...

– «Не iстесең де өзiң үшiн iстейсiң, өйткенi, бәрi алдыңнан шығады» деген сөз ақиқат қой негiзi. Ойламаған жерден директор болып шыға келдiңiз...

– Иә. Үш жыл iстедiм. Iстей де берер едiм, менiң де кетуiм «өзiмнен» болды. 2000 жылы кезектi «Түлектер кеңесiн» өткiзуге Бақыт Сұлтанов, Қайрат Келiмбетов, Тимур Құлыбаев, Кәрiм Мәсiмов секiлдi түлектердiң бәрiн шақырдық. Кеңес үстiнде шәкiрттерiмiз менi және Елфиева Галина Владимировна есiмдi орынбасарымды мақтап, сөз сөйледi. Сол кезде Елфиева тұрып: «Менi мақтамаңдар, Мәжиттi мақтаңдар. Көрдiңдер ме, Мәжиттiң оқушылары оны мектепке директор қойды, ал, мен әлi завуч болып жүрмiн» дегенi!

– Ойпырмай, қай жерде жарылуды тауып барып жарылыпты ғой!

– Ал, сол «Елфиеваны ауыстыр, кейiн саған сор болады» деп талай адам айтып едi, «ел iшiнде бiр тентек жүрмей ме» деп тыңдамаған өзiм едiм... Ертесiне «Әбеке, сiздi республикалық жаңа технологиялар орталығына ауыстыру қажет деген пiкiр бар» деп қалалық әкiмдiктен бiр маман келiп тұр. Қаным басыма шапты, бiрақ, не iстейсiң?.. «Ол орталыққа бармаймын, менi кез келген мектепке жiберсе болды!» дедiм. Түстен кейiн Астанадан, министр Көшербаевтың қабылдау бөлмесiнен «тез жетiңiз» деген қоңырау түстi. Оның да баласы менде оқыған едi, құшағын жайып қарсы алды. Соның алдында «еңбек сiңiрген мұғалiм» деген атақты бермек болғанда, өзiме алмай, жасы үлкен бiр апайымызды ұсынғанмын, Қырымбек «қызық екенсiң, мен министр болып отыра бередi дейсiң бе?» деген... «Орталыққа барсайшы, 300 млн.теңге бюджетi бар, бұйрық қол қойылып дайын тұр» дедi. «Ондай жұмыс iстегiм келмейдi, маған мектеп керек» деп шынымды айттым. Қырымбек үгiттеп тағы бiр сөз айтып едi, «онда мен Қырғызстанға кетемiн, пәленше республикалық физмат мектебiне шақырып жатыр» дедiм. Оным рас болатын. Бiрге оқыған досым қырғыз қызға үйленген едi, сол Қырғызстанның Бiлiм министрiнiң орынбасары болып iстеп жүрген. «Екеу болайық, келсейшi» дейтiн. Көшербаев Алматы әкiмiне телефон шалды: «Менде бiр жақсы жiгiт отыр, мектептерiңiзде бос орын бар ма?» «Бес директордың орны бос, қайсысына барғысы келедi, айтсын». Мен Ақсайда тұрамын, сол маңайда болса дедiм. «Онда 141-мектеп». Көшербаев «бұйрықты өзiм берейiн!» дедi, төбесiне: «Согласовано. Храпунов» деп жазды. Әйтпесе, мектеп директорын қалалық бiлiм департаментiнiң бастығы тағайындайды ғой...

– Министрдiң өзiнiң бұйрығымен жай мектепке директор болдыңыз, жұрт сiздiң маңайыңызға жолауға қорқады... Ары қарай қалай өрбiдi?

– Келген бойда қала әкiмiне қатырып тұрып хат жаздым. «Елiмiзде әлi сол жалғыз физмат мектебi, әлi сол 1 орынға 20 үмiткер. 141-мектептi физмат мектебiне айналдырайық». «Мүмкiншiлiк жоқ» деген жауап келдi. Ендi мен мықты түлектердiң құлағына құя бастадым, олар Президентке жеткiздi. Нұрекең Алматыға келген кезектi бiр сапарында «қаланың өзiнiң физмат мектебi неге жоқ, неге ашпайсыңдар?» демей ме? Бiлiм департаментiнiң бастығы менi өзiне шақырды. «Тезiрек ашуымыз керек, жолын айтыңыз». «Мектеп - үлкен, жартысынан бөлсек болды». Әкiм Храпунов менi шақырып алды: «Бәленi бастаған өзiң, өзiң директор боласың. Мұғалiмдердi, оқушыларды өзiң табасың». «Одан қам жемеңiз, ақша бөлсеңiз болды!» Мұғалiмдердi шақырып алып, «сендердi жұмысқа аламын» деп едiм, олар бәрiн iстеп тастады. 1 қыркүйекке, 3 айда физмат мектебi дайын болды, оған №173 деген атау берiлдi. Алғашқы жылы-ақ барлық көрсеткiштер бойынша қалада 1-орын алдық. Себебi, екi жыл директор болып отырғанда 141-дiң өзiн физмат мектебiне айналдырып едiм. Бұл – мақтанғаным емес. Балалардың ең мықтыларын жаңа мектепке ауыстырып алдым. Әкiм болып Тасмағанбетов келдi. Ол «Мамыр» ауданында жаңа керемет ғимарат салды. Соған көшiп бардық. Оған 2000 баланы толтырып тастадық.

– Бiрақ, бiз бүгiн «Мамыр» мөлтекауданында емес, жаңа «Алатау» мөлтекауданында отырмыз ғой?

– Оның да сыры бар ғой... Берi келiңiз. Мына панораманы көрiп тұрсыз ба? Тамаша ғой, ә?! Мен Алматыны не үшiн қимай жүрмiн? Осы Алатауы үшiн қимай жүрмiн. Ал, ана «Мамырдағы» дәл тау жақтан зәулiм үй салынсын... Тау жоғалды. Өкпем қысылды. Тұншықтым. «Құрысын, кетейiн» дедiм. Сұрастырсам, 126 мектепте күрделi жөндеу жүрiп жатыр екен. Орыс-қазақ мектебiн бiрте-бiрте қазақ мектебiне айналдыру керек деген идея туған кез. Әлгi мектептi таза қазақ мектебiне айналдыр десе, ешкiм бармайтын көрiнедi. Соған өзiм сұрандым: «Бiр жылда қазақ мектебi, әрi физмат мектебiне айналдырамын. Алматының қаласында емес, әр ауданында бiр арнайы математика мектебi болса артық етпейдi» дедiм.

– Бұл сiздiң математик ретiнде өз идеяңыз ба, жоқ әлде әркiм-әркiмдерден бiлген тәжiрибеңiз бе?

– Мәскеуде 200 физмат мектебi бар! Тұрғындарының саны Алматыдан 10 есе көп. Ендеше, неге бiзде 2 ғана мектеп болуы тиiс? Ельцинге кезiнде 20 орыс академигi «Известия» бетiнде «Борис Николаевич, Ресейдi сақтап қалу үшiн бiздегi физмат мектептердi кемi екi есе көбейту керек! Мәскеуге 200 мектеп аз. Және бұл жеке қаланың емес, тұтас елдiң мәселесi!» деп хат жазған.

– Ал, бiздiң ғалымдардың физмат мектепке деген көзқарасы қандай?

– Ой, айтпаңыз, сiз менiң жанды жерiме тиiп кеттiңiз. Оларға деген менiң өкпем қара қазандай. Жоқ, Қаратаудай! Сiз қазақтың бiр академигiнiң жаңағыдай хатын ия мақаласын оқып көрдiңiз бе? Физмат мектеп ашайық деп жүрген кезiмде Ұлттық Академия президентi болған, Математика институтының директоры Ө.Сұлтанғазинге бардым. «Менiң ойымды қолдап, хат жазып берiңiз». «Ұят қой». Ойбай-ау, несi ұят оның? Бұрыннан таныспыз, «аға, ең болмаса ертең атыңды беремiз!» дедiм. «Оған ерте ғой әлi» деп күлдi. Бiрақ, көп ұзаған жоқ, кетiп қалды ғой... Бiздiң қазақ академиктер мектепте сабақ бергендi намыс көредi, ал, Мәскеуде олар кәдiмгiдей сағат алады!

Сонымен, 2011 жылы 126-мектепке келдiм. Әп-әдемi iстеп жүргенмiн. 2013 жылы Алатау ауданының әкiмi Мәнiзоров өзiнiң бiлiм бөлiмiнiң бастығына «қала бойынша бiлiмнен басқаның бәрiнде алдамыз, ия жұмыс iсте, ия орынды босат» дептi. Ол жiгiт салып-ұрып маған келдi. «Құтқар менi, әкiмге барайық!» «Бармаймын, келгенiме ендi екi жыл, ұят болады». Жанымды қоймады: «Ол менiң досым, бiрақ, көрсеткiштi көтермесем менi құртады». Бардым. «Сiз туралы хабардармын. Бес жаңа мектеп салып жатырмыз. Қалағаныңызды алыңыз». Бесеуiн де аралап шықтым. Қазiр сiз екеумiз отырған мектептiң айналасы ашық, кең екен. Ұнады. 2014 жылы 1 қаңтарда жұмысты бастадық. Көрсеткiш те жақсарды. Iзденген адамға жол көп қой. Үш жыл бойы аудан бiлiм жөнiнен қаланың алды болып келе жатыр. Ал, қала елiмiз бойынша алда.

– Мұғалiмге қоймай тұра алмайтын сұрағымды қояйын. Сiз математик ретiнде шыныңызды айтыңызшы, тест дұрыс па, ауызша, жазбаша есеп шығарған дұрыс па?

– Бұрынғы жүйе дұрыс едi, бiрақ, оны бақылау iсi оңбады ғой. Мына жерде бақылау мәселесi жолға қойылған. Қанша жаман десек те жолға қойылған.

– Тесттiң арқасында бiлiмi бар шетелге кете алады, жемқорлық сәл де болса жойылды дейдi. Техниканың осынша дамыған заманында ауызша, жазбаша емтиханды да әдiл, таза етiп өткiзуге болмай ма?

– Бiрте-бiрте соған келе жатыр. Ендiгi жылдан бастап тест мектепте емес, әр институттың өзiнде қабылданатын болды. Бiзде де мектепке қабылдау емтиханы бұрын бiр күнде өтетiн, анау бiр баланы, мынау бiр баланы тығып жiберетiн. Мен биыл сәуiр айынан бастап апта сайын емтихан тапсыратын етiп қойдым. Кiм «5» алды – түстi. Ала алмағаны келесi жолы қайта тапсыруына болады.

Жалпы, тест кедейдiң баласына «Болашаққа» жол ашқаны – шындық. Биыл менiң ең жоғары 134 балл алған оқушым шешесiмен маған келдi. Қолында торты бар. Нарынқолда тұрған екен. Бала бiздiң мектеп жайлы естiп, анасына «көшейiк, мен бiлiм алғым келедi» дептi. 8-сыныпта келiп түскен. Оның бәрiн кеше баланың өз аузынан естiдiм. Пәтерде тұратынын естiгенде ұялып кеттiм. Балаға көңiл бөлмейдi екенбiз ғой...

– Тарих, география, биология секiлдi пәндерге дауым жоқ, бiрақ, есеп шығаратын жерде тест сұрағы дегендi түсiне алмай-ақ қойдым.

– Бұл қаупiңiз орынды. Тестке 1-2 минутта шығаруға болатын есептер берiледi. Соның салдарынан балалар қиын есептi шығармайтын болды! Тiптi, мұғалiмдер де қарсы.

– Болашақта не болады? Математика – ойлау қабiлетiн дамыту емес пе?

– Математик математик күйiнде қалады. Ондай қабiлетi жоқ адам да сол күйiнде қалады. Болашақ инженерлер, ғалымдар үшiн емтихан керек. Басқа мамандық иелерi үшiн тест жүйесi дұрыс. Мен қазiр осындай ойға бекiдiм. Мәселе тестте емес. Мәселе – физмат мектептi көбейтуде. Маған ерiк берсе, аты физмат болмаса да, бәрiн менiң мектебiм сияқты етер едiм. Неге? Математиканы үйрету үшiн аптасына 6 сағат та аз, 8 сағат керек. Орыстар 12 сағат, қытайлар 16 сағат оқытады. Бiздiң физматта - 8 сағат, қытайлық физматта – 18 сағат.

 

Тек ақша үшiн репетитор болған жоқпын

– Мемлекеттiң мiндетi – маман даярлау. Баланың қай мамандыққа икемi барын бiлудiң жолы - тест тапсыру деймiз.

– Жоқ, оның жолы – мектепте анықтау! Бiр тестте немесе емтиханда қалай анықтап, бiлiп қоюға болады? 11 жыл нашар оқытып келiп, бiр тесттi (емтиханды) жақсы тапсыртқаннан не оңалып қалады? Баланың бiлiм деңгейi одан өзгермейдi ғой! Сондықтан, бiздiкiндей мектептi көбейту керек. 2000 баламыз бар. Оқимын дейтiндер тiптi көп. Әр сыныпта 36 баладан артық қабылдамайтын етiп бұйрық шығарып қойғанмын. Маған ақша берсе де одан артық қабылдай алмаймын...

– Бәрекелдi! Былтырдан бастап Германия барлық ЖОО оқуды тегiн еттi. Бiзде кеңес кезiнде сондай едi, қазiр грантпен оқитындар 30 пайызға да жетпейдi. Қалғаны - ақылы. Төлемақы мөлшерi 1 жылға 1 млн.теңге айналасында.

– Мектеп деңгейiн көтеру үшiн ең алдымен мұғалiмдер Ресейдегiдей орташа айлық жалақыдан кем алмауы тиiс. Бiзде ол қазiр 150 мың теңге, мұғалiмдердiң көбi 50 мың теңге жалақымен жүр. Қытайда мұғалiмнiң ең төменгi жалақысы 500 доллар. Мектеп түзелсе бәрi түзеледi. Әне, сонда оны бiтiрер кезде әрбiр жас таңдау жасап үлгередi. Менi қанша сүйрелесе де ғалым болмадым ғой. Өйткенi, мектептi бiтiрерде мұғалiм боламын деп түпкiлiктi шешкенмiн! Мен тек ақша үшiн репетитор болған жоқпын – балаға бiрнәрсе үйреткендi өте жақсы көрдiм.

...КСРО-ның кезi. Министр Шаяхметов бiрде Чернобайға «ең мықты математигiңдi алып келшi» дептi. Бәрiмiздi жиды. «Кiм барады?» дедi. Ордендi ағай, апайлар барғысы келмедi, маған қарады: «Мәжит, жассың, миың тынық, сен бар. Ол, Құдай бiледi, баласын оқытпақшы шығар». Көндiрдi. Кiрдiм. «Сен бе математик?» «Иә, мен». Арықпын, қап-қарамын. Шаяхметов түрiмдi ұнатпады. Онысы қытығыма тиiп тұр. «Отыра тұр». Қабылдау бөлмесiнде отырмын. Ұзын бiр кiсi кiрдi. Менi шақырды. Ермегияев екен. Ол да менi менсiнбедi. «Ең жақсы математигi екен, бiр нәрсе бiлетiн шығар» деп жатыр министр. Үйiне келдiк. «Мынау балам Талғат. Ендiгi жылы жазда Америкаға оқуға кетедi. Математиканы шемiшкеше шағатын ет. Күнiге оқытасың. Жаңа ағылшын тiлiнiң репетиторы 1200 сомға келiспей кеттi, сен 1000 сомға келiс, айналайын». Менiң ашылған аузым жабылмай қалды. Себебi, репетитор болып айына алатыным 50 сом болатын. Ермегияев 1000 сом дейдi... Сөйтсем, Талғат оқымай, 2-курстан әскерге кетiп, ендi қайта жалғастырып жатыр екен. «Маған басынан оқытыңыз» дедi. Әрi институттың сабағын да қайталап түсiндiремiн. Мәдениеттi бала, күй тартады. Үйiнде, залда, сағат 14-тен 18-ге дейiн сабақ оқимыз. Бiр аптадан асқанда шешесi «бүгiн ағаңды күте тұршы» дедi. Сағат 19-да ағай келдi. Тамаққа шақырды. 100 грамм iштiк. Сөйтсем, сол күнi Талғат сабақта интегралдан есептi шығарыпты. Оқытушы әкесiнiң досы екен, «балаң адам болатын түрi бар» деп телефон соғыпты. Оны екеуi «жуыпты». Маған рахмет айту үшiн күттiрген екен... Бiрiншi «жалақыны» алар күнi әйелiм келiп күтiп тұрды. Шықтық та таксимен ЦУМ-ға тарттық. Әйелге бiр туфли ұнады. 50 сом екен. «Мә!» Маған бiреуi ұнады. «60 сом ба? Мә!» 70 сомға пальто. Ақшаның бетiне қарап жатқан жоқпыз...

– Осы арнайы мектептердiң алдында қандай шешiлмеген мәселелер бар? 20 жылдық директорлық тәжiрибеңiз не дейдi?

– Менi шаршатып жүрген нәрсе – менде оқимын деген баланың бәрiн оқыта алмауым. Мен өзiм осындай екi мектептi басқара алар едiм. Алматыда физмат мектебi қазiр он шақты, бiрақ, оның өзi де аз. Сiз мына мәселенi жазыңызшы, мен сыныптағы 36 баланы екiге бөлiп оқытамын. Сонда түсiндiру оңай. Мектептiң бәрiн физматқа айналдыру керек дедiм ғой, екiншi мәселе сыныпта бала саны 18-20-дан аспауы керек. Жапониядағыдай 12-15 болса тiптi тамаша болар едi! Қазақстан бойынша ең болмаса физика, математиканы екi бөлiп оқытса екен. Биылдан бастап! Алматының өзiнде 20 мың бала нормадан артық оқып отыр. Мемлекет басқа жұмысының бәрiн қойса да мектеп мәселесiн шешуi керек! Бiз де 1200 баланың орнына 2000 бала оқытып отырмыз. Қасымыздан тағы бiр мектеп салсын. Шетелдерде мектеп мәселесi шешiлген, басқа мәселелер де сондықтан аз!

– Сiздерде дене шынықтыру сабағы аптасына неше рет?

– Үш рет. Шетелдерде – 6 рет. Мен де 6 рет етер едiм, тек мемлекеттiк бағдарламадан аттап кете алмаймын.

– Ендi мен сұрамаған, өзiңiз айтқыңыз келген нәрсе жайлы екi ауыз сөз.

– Мына медаль менiң марапаттауларымның iшiндегi ең жақсы көретiнiм. «Қадыр Мырза Әлi» қоры берген. Не үшiн? Қор жетекшiсi әншi, композитор Донедiл Қажымов келiп, «мына жердегi архивтiң акт залында поэзия кештерiн өткiзейiн деп едiм, Қадекеңнiң өлеңдерiн жатқа оқитын 2-3 оқушы бершi, №2 мектеп-интернат баруға алыс боп тұр» дедi. «Шетiнен шертiп ала берiңiз, менiң шаруам бар едi, жолымнан қалмайын». Сенбейдi. Бiз жыл сайын Қадыр Мырза Әлiнiң, Мұқағали Мақатаевтың, Тұманбай Молдағалиевтiң поэзия кештерiн атап өтетiнiмiздi ол кiсi қайдан бiлсiн... Донекең өзi таңдап әкетiптi. Ризашылығын айтты. Мен оқушыларға жыл сайын өздерiң жақсы көретiн ақындардың кемi он өлеңiн жаттайтын болыңдар деймiн...

– Мiне, мынауыңыз тамаша дәстүр екен! Тек ендi осы ақындардың қатарына Абайды, Мағжанды, Төлеген мен Жұмекендi қосуды ұмытпаңыз... Ойпырмай, шынында математиктердiң бiлмейтiн, ойына келмейтiн нәрсесi болмайды екен ғой...

Сұхбаттасқан Өмiрзақ АҚЖIГIТ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз