ҚАЛАМЫ – ҚУАТТЫ, ЖАНЫ – ШУАҚТЫ

  Ұстаз-ғалым Тұрдыбай ҚaлдыбаевтыҢ өмiрлiк философиясын оның қаламынан туған дүниелерi арқылы танып бiлуге болады. Бiлiм мен ғылым жолында жүрген азамат кiтаптарын – «Арын», «Ардақталған өзiңдей...», «Тарихқа көш бастаған инабатты», «Әр елдiң өзi шығар биiгi бар...» деп атапты. Тұрдыбай Қалдыбаев қазақ ғылымы, әдебиетi мен мәдениетi үшiн не бiтiрдi? Бұл туралы талант иесiнiң әрiптестерiне сөз бергендi жөн көрдiк.

 

Әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Құлбек Ергөбек:

«Соңғы жылдары Тұрдыбай Қaлдыбаевтың қаламынан шыққан iрiлi-ұсақты дүниелердi оқып, өз басым риза күйде жүремiн. Тұрдыбай – бүгiнгiдей жадау-жалпы, тиiп-қашып диплом алған жастардан емес, кәдiмгi классикалық бiлiм алған буын өкiлi. Бiлiмдi. Қалам қуаты мол, жан шуағы нұрлы.

Әттең-ай, елдiң сыртында, әдеби ортадан жырақта жүрiп кезiнде қаламын еркiн қайраққа сала алмаған. Әйтпесе, Тұрдыбайдың бойындағы бiлiм, зерттеудегi методологиялық жiтiлiк, Шығыс, қазақ, өзбек, орыс филологиясынан сiмiре қанығу – Тұрдыбай жазған еңбектерiнiң әрқайсысынан-ақ көрiнiп тұрады. Сондықтан Тұрдыбай Қалдыбаевтың «Арынын» дарын жемiсi деп қараймын».

 

Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетi «Қазақ тiл бiлiмi» кафедрасының доцентi Байқазақ Бекетов:

«Тұрдыбай Қалдыбаевтың қаламынан туған дүниелер өзiнiң нақтылығы, терең ғылымилығы жағынан қазiргi дәуiрдегi құнды туындылардың бiрiнен саналады. Ол – қаламынан шыққан әр сөз бен сөйлемге терең мән берiп, пiкiрiн орынды қолдану үшiн күресетiн еңбек торысы. Ғалымның Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев, Мұхтар Омарханұлы Әуезов туралы жазған мақалалары – пiкiрiмiздiң дәлелi».

 

Қазақ әдебиетi кафедрасының доцентi Ақжол Қалшабеков:

«Әдебиет зерттеушi ғалым Тұрдыбай Қалдыбаев өз еңбектерiнде бiр ғана ұлттың төңiрегiнде шектелiп қалмай, бүкiл түркiтектес халықтардың әдебиетiн, мәдениетiн, өнерiн, тарихын түгел қамтиды. Бұл ерекшелiк бiздiң бүгiнгi әдебиетшiлерiмiзге өте зәру, аса керектi қасиет.

Мысалы, ол өзбек әдебиетшiсi Натан Маллаевты қазақ әдебиетшiсi Немат Келiмбетовпен салыстыра отырып зерттейдi. Мұндай салыстырмалы әдiстiң ғылымға тигiзер әсер-ықпалын өте ұтымды пайдалана бiлген. Нәтижесiнде бүкiл түркiтектес халықтар әдебиетiнен көптеген пайдалы ғылыми мағлұматтар алуға болады».

Ендi ғалымның өмiр жолынан сөз қозғайық. Ұлы Отан соғысының ардагерi Қалдыбай Кенжебайұлы мен Сырғагүл анамыздың сүткенжесi Тұрдыбай 1947 жылы 20 маусымда Ташкент облысының Төменгi Шыршық ауданындағы Жаңбыршы ауылында дүниеге келдi. Низами атындағы Ташкент мемлекеттiк педагогикалық институтының «Қазақ тiлi мен әдебиетi» бөлiмiн бiтiрдi. Еңбек жолын туған ауылындағы № 24 орта мектепте пән мұғалiмi болып бастап, директордың тәрбие жұмыстары жөнiндегi орынбасарына дейiн көтерiлдi.

Республикалық, облыстық мұғалiмдердiң бiлiмiн жетiлдiру және қайта даярлау институттарында қазақ тiлi мен әдебиетiн оқытуда инновациялық технологияны қолданудың тиiмдi әдiстерi жайында дәрiс оқыды. Оқу-әдiстемелiк, тәлiм-тәрбиелiк жұмыстармен айналысты. Ташкент облыстық бiлiм басқармасының штаттан тыс инспекторы ретiнде қазақ мектептерiндегi мұғалiмдердiң бiлiмiн жетiлдiру шараларын жүзеге асырды. Қазақстандық әрiптестермен байланыс орнатуға деген талпынысы өз нәтижесiн бердi.

Сондай үлкен қадамның бiрi – 1987 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң ғылыми кеңесiнде «Қазақ халық дастандарының типология және ұлттық ерекшелiктерi мәселелерi» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғауы. Содан көп өтпей «Қазақ халық ауыз әдебиетiндегi Шығыс дастандарының дәстүрi» тақырыбында докторлық диссертациясын жазуға кiрiсiп кеттi. Осы жұмыс үстiнде әйгiлi әдебиеттанушы ғалымдар Бейсенбай Кенжебаев, Мұхамеджан Қаратаев, Зәки Ахметов, Ханғали Сүйiншәлиев, Зейнолла Қабдоловтармен тығыз байланыста болды. Iзденiмпаз ғалымның араласуымен Өзбекстандағы қазақ мектептерiнiң оқушыларына арналған «Қазақ тiлi», «Әдебиет», «Оқу кiтабы» жарық көрдi.

Тұрдыбай Қaлдыбаев ұстаздық етумен бiрге қоғамдық жұмыстарға да атсалысты. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының II және III Құрылтайларына,

ЮНЕСКО-ның аясында тойланған ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына Үкiмет делегациясының құрамында қатысты. Шымкент қаласындағы хакiм Абай мұражайының ашылу салтанатының куәсi болды.

Ғалым-ұстаз 1993 жылы «Өзбекстан Республикасы оқу iсiнiң үздiгi» атанды. Сондай-ақ, Өзбекстан тәуелсiздiгiнiң 12 жылдығына орай кеудесiне республика президентi И.Каримов өз қолымен «Достық» орденiн тақты. Ғалым-ұстаз сонымен қатар, республика Бiлiм министрлiгiнiң, «Камолат» жастар одағының, ТМПУ ректоратының Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Тұрдыбай Қaлдыбаев атамекенге 2005 жылы оралды. Содан бергi уақыт аралығында Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевпен бес рет кездесiп, үш рет сыр-сұхбат құрғанын мақтан тұтады.

Өмiрi ғибратты ғалым Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiнде ұстаздық қызметiн жалғастырды. Аталмыш жоғары оқу орны құрамындағы Педагогикалық мәдениет институты директорының ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнiндегi орынбасары, «Қазақ әдебиетi» кафедрасының меңгерушiсi болды. Бүгiнде «Абайтану» ғылыми-оқу орталығының аға ғылыми қызметкерi.

Ұстаз-ғалымның ғылыми-зерттеу еңбектерi Ташкент, Нөкiс, Алматы, Шымкент, Анкара, Баку, Бiшкек қалаларындағы көпшiлiк баспадан жарық көрдi. Соның iшiнде «Арын» атты монографиясы, жетi оқулығы, алты көмекшi оқу құралы бар.

Әр iсi ғибратқа толы ғалым жайлы айтылар сөз, жазылатын iзгi ниет – көпшiлiк ықыласының бiр көрiнiсi. Ұлтжанды, иманжүздi, ғылымға шынайы берiлген ағамызға «айтарыңыз таусылмасын!» дегiмiз келедi.

Әбдiсаттар ӘЛIП, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесi.

2 пікір

  • Ысқақова Рәзия . Қызылорда обл , Шиелі ауданы ,  Қарғалы ауылы . Зейнеткер  -  ұстаз .
    Ысқақова Рәзия . Қызылорда обл , Шиелі ауданы , Қарғалы ауылы . Зейнеткер - ұстаз .

    Иә , Ташкенттегі Низами атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін сырттай 1982 жылы бітірдік . Сол кезеңдерде бізге сабақ берген Т . Қалдыбаев ағайдан дәріс алған болатынбыз . Өте салмақты , салиқалы , бойына пайым мен парасатты қоса жиеаған білімді де білікті ұстаздан сабақ алғанымызға тек қуана отырып , алғыс айтамыз . Көптеген еңбектерін осы жерден оұып , оқып риза боп отырмын . Сол группада Қызылордадан бір өзім болдым . Кейін курстастармен де , ұстаздармен де хабарласу мүмкін болмады . Қазір гуглден іздеп , тауып , оқып отырмын . Сабақ берген Саттаров , Айдаров ағайлардың өмірден өтіп кеткенін оқып , көңілім қүлазып кетті . Иманды болсвн , амал жоқ , өмір ғой , біреу ерте , біреу кеш . Сосын , Оразов , Қосанбаев сияқты ұстаздарымызға мың алғыс . Сырттай оқысам да , осы кісілерден алған білімнің арқасында мектепте білімді , сауатты , қадірлі ұстаз болдым . Сол 80 ж партия қатарына өттім , мектеп дир тәрбие ісі жөніндегі орынбасары , мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқардым . Әрбір алған мадақтауларыма , елдің құрметіне бқленуіме бірден - бір үлес қосып , бағыттаған , ізденуге , сауаттануға құштарлық туғызған ұстаздарыма мың алғыс . Қалдыбаев Тұрдыбай ағайға зор денсаулық , ұщақ ғұмыр тілеймін , осындай білімдарлық қасиеті ұрпақтарына жұғысты болсын .

  • Тельхазиева Маржан
    Тельхазиева Маржан

    Қалдыбай атамен бетпе бет көрісіп, дауысын естіп, оның шеберлігінен дәріс алғаныма қатты қуанамын. Кейінен ұстаздарымның ұстазы болғанын да өз ауызынан естідім!

Пікір қалдырыңыз