САБАҚТАН СЕБЕПСIЗ ҚАЛҒАНДАР АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДI

Оқу жылы да аяқталып қалды. Сабақтан себепсiз қалған оқушылардың мәселесiн майшаммен қарау ендi басталады. Оңтүстiк Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың iстерi жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Серiкбай Төлепбергенов балалардың мектепке бармағанына байланысты келiп түскен арыз-шағымның аз еместiгiн айтады. Оқу жылы аяқталып қалды деп сабақты жiберiп алуға болмайтынын ескерткен маман кiнәлi тараптан айыппұл өндiру iсi жаз айларында да, яғни бала демалыста жүргенде де жалғасатынын алға тартады.  

 

ҚР Әкiмшiлiк құқықбұзушылықтар туралы кодекстiң 127-бабы да «Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу мен оқыту жөнiндегi мiндеттердi орындамауы – жетi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады» деп көрсетiлген. Яғни мектеп оқушылары сабақтан себепсiз қалатын болса, олардың ата-аналары мен заңды өкiлдерiне 15 883 теңге көлемiнде айыппұл салынады. Ал, сабаққа бармай қалу бiр жыл iшiнде екi рет қайталанатын болса, онда айыппұлдың көлемi 45 380 теңгеге дейiн жоғарылайды. 

Айта кетейiк, былтыр сабақтан «қашу» бойынша 324 iс тiркелсе, соның 20-сы екiншi рет қайталанған. Биыл 248 iс тiркелiп, 178-i қаралды.  

-- Сабақтан себепсiз қалатын оқушылар туралы ақпаратты бiрiншi мектеп директорының тәрбие iсi жөнiндегi орынбасарлары мен инспекторлары жинақтайды. Соның негiзiнде хаттама толтырылып, арыз-шағым жазылады. Ол Оңтүстiк Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың iстерi жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданады. ҚР Әкiмшiлiк және құқықбұзушылық туралы кодекстiң 127-бабы бойынша құқықбұзушылықтар дәлелденген жағдайда, сот мектепке бармаған балалардың ата-аналары мен заңды өкiлдерiне айыппұл салатын болады, -- дейдi Серiкбай Төлепбергенов.

Қазiргi таңда мұндай құқықбұзушылық әрекеттердiң басым бөлiгi Шымкент қаласында орын алуда. Сол себептi тәртiп сақшылары халық тығыз орналасқан аудан, қалаларда түсiндiру жұмыстарын жүргiзуде. Олардың айтуынша, мектепке барғысы келмейтiн балалардың ата-аналарының көпшiлiгi iшiмдiкке салынған.

Д.ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ. 

Пікір қалдырыңыз