Жемқорлыққа қарсы күрес - қоғамның ортақ жауапкершілігі
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіретін, мемлекеттік басқару жүйесіне, қоғамдық сенімге және заң үстемдігіне нұқсан келтіретін жағымсыз құбылыс. Онымен күресу – мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Адалдық, әділдік, ашықтық пен жауапкершілік қағидаларын ұстану сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Бұл дерттің алдын алу бағытында елімізде заңнамалық және ұйымдастырушылық шаралар жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік органдардың қызметін ашық жүргізу, қызмет сапасын арттыру – жемқорлықтың алдын алу болып табылады.
Мемлекеттік қызмет – халықтың сеніміне негізделген ерекше жауапкершілік. Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде заңдылық, адалдық, әділдік, ашықтық және халыққа қызмет ету қағидаларын басшылыққа алуы тиіс. Қызметтік міндеттерді орындау барысында жеке мүддені емес, қоғамдық мүддені жоғары қою – кәсіби әдептің негізгі талаптарының бірі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру да ерекше маңызға ие. Қоғамда парақорлыққа, қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалануға және заңсыз әрекеттерге төзбеушілік қалыптасуы қажет. Әрбір азамат заң талаптарын сақтап, құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға үлес қоса алады.
Қоғамдағы бұл індетпен күрес тек жазалау шараларымен шектелмейді. Оның алдын алу, қоғамның құқықтық санасын қалыптастыру, мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайту маңызды.
Адалдық пен әділдік – өркениетті қоғамның негізі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршамызға ортақ міндет. Әрбір адал әрекет әділетті, ашық және сенімді қоғам қалыптастыруға бастайды.
Болат НҰРМАНОВ, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.