Бір ауладағы «Қазақстан»

Мәдина МӘДІ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Төлеби ауданы Зертас ауылындағы «Аяулым» бөбекжай-балабақшасында әр жаңа күн бүлдіршіндердің  шат күлкісімен  басталады. Бірі тәрбиешісінің қолынан ұстап топқа беттесе, енді бірі досын көріп, алыстан жүгіре жөнеледі. Бала көңілдің пәктігі де осында: қуанышы кіршіксіз, өкпесі баянсыз, достығына ұлт бөгет емес.
Таңғы жиында бүлдіршіндер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындайды. Кішкентай дауыстар бірде әуенге ілесіп, бірде сөзінен жаңылса да, бар ықыласымен айтуға тырысады. Олар әзірге елдік пен егемендіктің мәнін толық түсінбес. Бірақ туған елдің Әнұранын бірге шырқап, бір шаңырақтың астында өсіп келеді. Бәлкім, елге деген сүйіспеншіліктің алғашқы ұшқыны да осындай қарапайым сәттерде тұтанады.
Республика күні қарсаңында бұл көрініске тереңірек үңілесің. Өйткені ел болу – шекараны айқындаумен ғана емес, сол шекараның ішінде өмір сүретін адамдардың бір-біріне деген құрметімен өлшенеді. Мемлекеттің ертеңі туралы сөз болғанда, көбіне биік мақсаттар мен үлкен жетістіктерді алға тартамыз. Сол болашақтың іргесі бүгін баланың жүрегіне қаланып жатқанын естен шығармау керек.
«Аяулым» бөбекжай-балабақшасында алты топта 150 бала тәрбиеленеді. Олардың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне 19 тәрбиеші мен жалпы саны 43 қызметкер атсалысады. Балабақша меңгерушісі Ұлболсын Нұрланқызының айтуынша, тәрбиеленушілердің 40 пайызы – өзбек, орыс, түрік, күрді және өзге де ұлт өкілдері. Бір шаңырақ астында өскен бүлдіршіндер бірге ойнап, білім алып, ортақ қуанышқа бөленеді. Бірі қазақша еркін сөйлесе, екіншісі тілді үйреніп жүр. Бірақ бала көңіліне достық орнату үшін ортақ тілден бұрын ортақ ықылас керек. Ересектер татулық туралы ұзақ сөз өрбітеді. Ал, балалар оның мәнін бір ойыншығын бөлісіп, сүрінген досына қол созып-ақ ұқтырады. Ренжіскенімен, қайта табысады. Өйткені бала жүрегі өкпені ұзақ сақтаудан бұрын, қуанышты бірге бөлісуге жақын. Татулықтың тамыры да осындай қарапайым қарым-қатынастан нәр алады.
Елдің шекарасын карта белгілейді, ал елдің шын кеңдігін адамға деген құрмет айқындайды. Сол құрмет бала жүрегіне бүгін ұяласа, ертең тұтас қоғамның құндылығына айналады. Өйткені елдің ертеңі алыста емес – ол бүгін қол ұстасып, бір аулада ойнап жүрген балалардың бойында өсіп келеді.
Пікір қалдырыңыз