Елдің байлығы – намысшыл жастарда

Пернебай САПАР,
«Оңтүстік Қазақстан».

Мафтуна Нажиева 2003 жылы Сайрам ауданы, Қарамұрт ауылында дүниеге келген. Ұстаздар отбасында өскендіктен болар, ол жастайынан зерек болыпты. Үш жасында еліміздің әнұранын жатқа айтып, әріп танып, аты-жөнін жаза алатын болған. Мектеп қабырғасында жүргенде әдебиетке ерекше қызығып, кітапханадан шықпаған екен. Әсіресе ертегі кітаптарды көп оқыған. 
«Менің ертегіге деген қызығушылығымды әжем Барчиной оятты. Бала күнімнен әжемнің ертегілерін тыңдап өстім. Сол кісінің ақылын тыңдап, тәрбиесін алдым. Жалпы, кітапқа деген құмарлығым осылай басталды» дейді Мафтуна.
Кейіпкеріміз Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде, кейін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде білім алған. Студент кезінде жарқырап көзге түсіп, түрлі іс-шаралар, кездесулер, «дөңгелек үстел» мәжілістері мен рухани кештер ұйымдастыруда алдына жан салмапты. «Егемен Қазақстан», «Жанубий Қозоғистон», «Мәртөбе», «Сайрам садоси», «Рухият олами», «Көкшетау», «Арқа ажары», «Бұқпа» газеттерінде және Ziatker.kz, «Түріктілдес журналистер қоры» сайттарында мақалалары басылған.
«20 жасымда жазушы  Әкім Ысқақтың «Алтыным» деген кітабын өзбек тіліне аудардым. Өзбекстандық оқырман жақсы қабылдады. Алдағы уақытта да қазақ жазушыларының шығармаларын шет тілдерге аудару ойымда бар» дейді ол.
 Кейіпкеріміз бүгінгі жастардың мақтан етуге тұрарлық ұрпақ екеніне сенімді. «Бүгінгі жастар бұрынғы буынға ұқсамайды. Олар – нағыз жаужүрек! Тәуекелден қорықпайды, еңбекқор! «Қазіргі жастар жалқау» дейтіндер  қателеседі. Көптеген жастарымыз таңғы 6-да тұрып, сабағына барады, кешке дейін курьер болып жұмыс істейді, түнде SMM үйренеді. Ұйқыдан қалып, арман қуып жүрген де солар. Миллион жастың жүрегінде кемінде бір бизнес-идея, бір үлкен арман бар. Олар – білімге құштар! Диплом үшін емес, білім алу үшін оқиды. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Олар – мейірімді! Қай жерде қайғылы оқиға болса, бірінші болып көмекке ұмтылатын – жастар. Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы су тасқыны кезінде волонтер болып жүгірген де солар. Олардың жүрегі таза. Олар – елдің рухын сақтаушы! Домбыраны тренд қылған, TikTok-та қазақша контентті миллионға жеткізген де – жастар! Демек, Қазақстанның жастары – біздің ең үлкен байлығымыз!» дейді Мафтуна.
Бес тіл меңгерген Мафтуна ғаламтор арқылы әлемнің көптеген елдерінен достар тапқан. Ол үнемі шетелдіктерге Қазақстанның салт-дәстүрі, тарихы, табиғаты жайлы әңгімелеп береді екен. «Үндістан, Пәкістан, Қырғызстан, Түркия, Моңғолияда таныстарым жетерлік. Саяхатта, әлеуметтік желі немесе форумдарда танысқан достарыма Қазақстан туралы жиі айтамын» дейді ол.
Кейіпкеріміз бүгінде туған ауылындағы «Нұрлы жол» мектебінде ұстаздық қызмет атқарып жүр. Бос уақытын кітап оқуға, психология, спорт, саяхат, шет тілдерді игеру, ұйымдастырушылық жұмыстар, мақала жазу, фотоға түсіру, бейне-ролик жасауға арнайды.
«Мемлекеттің егемендігі мен тұтастығы – бізге аманат етілген ең қастерлі құндылық. Оны көздің қарашығындай сақтау, еліміздің дамуына үлес қосу – әрбір азаматтың қасиетті борышы» дейді ол.
Пікір қалдырыңыз