«Құтқарушылар аллеясы» ашылды
Құтқарушылар күніне орай Түркістан қаласында «Құтқарушылар аллеясының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа аллея – адам өмірін сақтап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген құтқарушыларға көрсетілген құрметтің белгісі.
Мерекелік жиынға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Бағдат Чайзада, сондай-ақ азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты іс-шара барысында Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы мен қала әкімі құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы қажырлы еңбегіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ, кәсіби міндетін мінсіз атқарып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкер мен сала ардагерін марапаттады.