Шеберлік шекара талғамайды

Хирургтің қолында – скальпель, алдында – адам өмірі. Ота үстінде әр секундтың салмағы бар. Бір шешімнің дұрыстығы, бір қимылдың дәлдігі талай тағдырға әсер етуі мүмкін. Сондықтан хирургияда білімнің тереңдігі тәжірибемен, ал кәсіби шеберлік жауапкершілікпен өлшенеді. Мұндай маман кездейсоқ қалыптаспайды, оның әрбір дағдысы үздіксіз ізденіс пен тынымсыз жаттығудың нәтижесі.

Осы талапты ту еткен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында хирургиялық пәндер бойынша IV халықаралық олимпиада өтті. Үш күнге созылған білім додасы болашақ дәрігерлердің кәсіби даярлығын сынап қана қоймай, тәжірибе алмасуына, халықаралық байланыстарын нығайтуына жол ашты. Қазақстанның түрлі өңірінен, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген 14 команда 14 конкурс бойынша бақ сынады. Қатысушылар үшін бұл – білгенін көрсету ғана емес, білімін нақты жағдайда қолдана алу қабілетін дәлелдейтін сын.




Өйткені хирургияда теорияның өзі жеткіліксіз. Білім әрекетке айналғанда ғана шеберлікке ұласады. Ал, шеберлік сын сағатта, күрделі міндеттің шешімін табу кезінде танылады.

Олимпиаданың ашылу салтанатында академияның клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры Бекайдар Нұрмашев, ғылыми және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Нұрлан Аукенов, тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Ербол Сәлім сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Олар халықаралық білім додасының медицина ғылымын дамытуға, жас мамандардың әлеуетін арттыруға және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.

Олимпиаданың мазмұны да осы мақсатпен сабақтасты. Нейрохирургия, кардиохирургия және басқа да хирургиялық бағыттар бойынша ұйымдастырылған практикалық тапсырмалар қатысушылардың білімі мен машығын ұштастыруға мүмкіндік берді. Жүрек пен бүйрекке жасалатын оталарға қатысты сынақтар күрделі медициналық міндеттерді орындауға даярлықтарын байқатты. Тәжірибелі дағдылар орталығының басшысы Нұрлан Жұманұлының айтуынша, олимпиаданың негізгі мақсаты – болашақ мамандардың біліктілігін арттыру, шетелдік командалармен тәжірибе алмасу және қалыптасқан серіктестікті дамыту. Бұл – бір реттік жарыстың аясынан әлдеқайда кең міндет. Өйткені медицинаның өрісі мамандардың өзара үйренуімен кеңейеді. Бір ортада жинақталған тәжірибе екінші ортаға жетіп, жаңа ізденіске негіз болуы мүмкін.




Бүгінгі медицина күн сайын жаңарып, хирургияның мүмкіндігін кеңейтіп келеді. Жаңа технологиялар мен заманауи әдістер маманнан білімін үнемі толықтырып, тәжірибесін жетілдіріп отыруды талап етеді. Мұндай жағдайда кәсіби дамудың тоқтауы – заман көшінен қалу. Сондықтан жас мамандарға тәжірибелік машық беретін орталықтардың, ал білім мен білікті қатар сынайтын халықаралық олимпиадалардың маңызы арта түседі.

Үш күндік сайыстың қорытындысында әр конкурс бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар I, II және III орындармен марапатталды. Қорытынды жиында «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ ректоры Жанна Сейтжанова қатысушы жоғары оқу орындарының басшыларына, оқытушылар мен студенттерге алғыс білдіріп, халықаралық ынтымақтастық пен болашақ дәрігерлердің кәсіби әлеуетін арттырудың маңызын атап өтті. Жалпы командалық есепте үздік нәтиже көрсеткен командаларға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.




Дегенмен, медициналық олимпиаданың мәнін жүлде мен дипломның өлшеміне сыйғызу қиын. Жарыс аяқталып, жеңімпаздар анықталғанымен, оның шынайы нәтижесі алдағы уақытта көрінеді. Тәжірибесі толысқан маманда, кәсіби көкжиегі кеңейген жас дәрігерде, елдер арасындағы нығайған ынтымақтастықтан байқалады. Бүгін үйренген дағды ертең күрделі ота кезінде қажетке жарауы мүмкін. Бүгін басталған кәсіби байланыс ертең ортақ ғылыми ізденіске ұласуы ықтимал.

Адам өмірін сақтап қалу үшін хирургтің қолы нық, білімі терең, шешімі дәл болуы керек. Мұндай деңгейге жеткізетін жолдың бірі – тәжірибе, ізденіс және үздіксіз үйрену. Халықаралық олимпиада осы үш арнаны тоғыстырып, жас мамандардың кәсіби қалыптасуына мүмкіндік берді. Өйткені медицинадағы ең үлкен жеңіс – мінберге көтерілген сәтте емес, адам өміріне араша түскен сәтте бағаланады.


Мәдина МӘДІ,

«Оңтүстік Қазақстан».



Пікір қалдырыңыз