Республика күнінің құрметіне арналды



25 қазан — еліміздің тарихындағы маңызды күндердің бірі. 1990 жылы осы күні Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның тәуелсіздікке қарай жасаған маңызды қадамдарының бірі болды. Республика күні бізге ел тарихын құрметтеп, тәуелсіздіктің қадірін түсінудің маңызын еске салады.

Құқықтық мемлекеттің басты негізі — заңға құрмет, адам құқықтарын қорғау және әр азаматтың өз міндетін түсінуі. Заңды білу адамның өз құқығын қорғауына көмектессе, оны сақтау қоғамдағы тәртіп пен әділдіктің орнығуына ықпал етеді. Сондықтан құқықтық сауаттылық әрбір азамат үшін қажет. Осы ретте біздің Жетісай қаласындағы Н. Оңдасынов атындағы жалпы орта мектебі жоғары сынып оқушылары арасында құқық пәнін оқыту барысында түрлі іс-шаралар өткізіп отырамыз. Өйткені заң талаптарын білу мектеп қабырғасынан басталады. Сабақ барысында оқушылар тақырыптарды мұқият тыңдап, сұрақтарға жауап іздейді, заң талаптарын талқылап, түрлі құқықтық жағдаяттар бойынша өз ойларын білдіреді. Олар өз пікірлерін дәлелдеуге, мәселені жан-жақты қарастыруға және өмірде кездесетін жағдайларға құқық тұрғысынан баға беруге үйренеді.

Құқық сабағында оқушылардың өз құқықтарымен қатар, міндеттерін де білуіне назар аударылады. Өйткені өз құқығын білу жеткіліксіз, өзгенің құқығын құрметтеу де маңызды. Қоғамдағы сыйластық пен тәртіп әр адамның өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауынан басталады.

Республика күніне орай мектебімізде мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың туған күніне байланысты онкүндік іс-шаралар өткізілді. Мұндай шаралар оқушылардың ел тарихына қызығушылығын арттырып, көрнекті тұлғалардың өмір жолы мен еңбегін тануға мүмкіндік береді. Елге адал қызмет еткен азаматтардың өнегесі жас ұрпаққа білімнің, еңбектің және жауапкершіліктің қадірін түсіндіреді.

Бүгінгі оқушы — ертеңгі ел азаматы. Оның заңды білуі, өз пікірін еркін жеткізе алуы, өзгелерге құрметпен қарауы және жасаған ісіне жауап беруі мектеп қабырғасынан қалыптасады. Сондықтан құқықтық білім беру тек пәндік біліммен шектелмей, күнделікті өмірде дұрыс шешім қабылдай алатын азамат тәрбиелеуге бағытталуы керек.

Алмаш МОМБЕКОВА,

Н.Оңдасынов атындағы мектептің құқық пәнінің мұғалімі.

Жетісай ауданы.  

Пікір қалдырыңыз