Киеңнен айналайын арымаған...
Отырарлық Дәурен Полатбаев – қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ақын. Ел руханиятын дамытуға айтарлықтай үлес қосып жүрген Дәуреннің айтыс сахнасында да өз қолтаңбасы бар. Ақынның өлеңдері әртүрлі тақырыптарды, соның ішінде қоғамдағы өзгерістер мен ел тарихын қамтиды.
Байрақ
«Жан шыдаса мен шыдармын-ау...»
Ескелді Дауыл батыр.
Ойран төбе...
Қиян-кескі тау іші,
Бақ пен сордың алма-кезек ауысы.
Сып-сып еткен сұр жебенің үнімен,
Құлақ тұнған қалың қолдың дауысы…
Аласапыран, алағай да бұлағай,
Екпініне ердің дәті шыдамай.
Алмас қылыш әбжыландай ысқырып,
Жазған құлдың жанын ап жүр сұрамай.
Құтылар жол іздеп мынау тұйықтан,
Жұп-жұмыр боп босып әлек, иықтан.
Айғыз-айғыз суретін сап ажалдың,
Көк сүңгіден сүмектейді сұйық қан.
Кенет…
майдан арасынан шаң үзіп,
Алдаспаннан жаудың қанын тамызып,
құлап бара жатқан бөрі байраққа,
Сүйінғара тұра шапты ағызып.
Ал, байрақ ше, байрақ Дауыл қартымда,
Жаудың оғы жанын тіреп алқымға,
Қалғып кете жаздап тұрған беті екен,
Сол қаһарлы қалпында.
Сүйінғара:
– Ел-жұртыңның қамы үшін,
Сәл шыдай түс, алатаудай арысым!
– Жан шыдаса, мен шыдармын, қам жеме,
Кіріс жауға, шығар әрі-сәрісін!
– Жан шыдаса, мен шыдармын, тарт батыр,
Алаңдаған ауыл-елің артта тұр.
Соны айтты да, тіктеп бөрі байрағын,
Кесек-кесек қан түкірді қарт батыр.
Тағы қырғын! Алағай да бұлағай,
Екпініне ердің дәті шыдамай.
Алмас қылыш әбжыландай ысқырып,
Жазғандардың жанын ап жүр сұрамай.
Жә-жә, содан тарландарым түйіліп,
Түре қуды, жауын қойдай иіріп.
Күн еңкейіп, екінтіден ауғанда,
Майдан бітті, айғай-сүрең тыйылып.
Соңғы жауға сілтегенде қылышты,
Анодайдан қарға-құзғын, жымысқы
Қарқ-қарқ күліп, жайрап жатқан даланы,
Жайбарақат тазалауға кірісті.
Ақ байрақты тербейді кеп, аңызық,
Көрген елдің көзінен жас тамызып.
– Уа, қарт неге қалшиып тұр...
– Жо... Жо... Жооқ!
Сүйінғара тұра шапты-ай, ағызып...
Жеткен жеңіс шеккен зарға тати ма?!
Қалай тынды, Құдай-ау, бұл уақиға.
Қайран Дауыл, ақ байраққа сүйеніп,
Көшіп кеткен екен дәріл бақиға.
– Басын қағып кәпірдің,
Ақыңды алып келіп ем ғой, ақылдым.
Сүйінғара тұңғыш рет солқылдап,
Жылап тұрды, басын сүйеп батырдың...
Құлақтыға құйып кеткен құла дүз,
Қарт тарихтан бұлдырайды бұл аңыз?!
Аңыздағы абыздай көк байрақтың,
Қадіріне жете алсақ қой мына біз?!
Жампозымның жел тараса айдарын,
Желбіретіп сені көкке байладым.
Мен жығылсам, жығылайын түк етпес,
Сен еңкейе көрмеші, КӨК БАЙРАҒЫМ!
Түркістан
– Я Сұбхан Алла, Ием, – деп
Бір кезде мұнда Ясауи жазды-ау ұлы еңбек.
Солардан кейін алшайтып тұрып ақ бозға,
Абылай қонған, Алаштың ұлын түгендеп.
Ғасырларға аян ғұлама,
Кімдерге қоныс болмады дейсің бұл ара.
Темір де сүйген, үркітіп жарты ғаламды,
Дәлелі мынау мұра боп қалған мұнара.
Еңсегей бойлы ер Есім.
Жұрты тұр қазір әлдилеп әзиз денесін.
Ажалдың дәті жетпеген дей ме бұзуға,
Бейітте жатқан би-сұлтандардың кеңесін.
Олардан бөлек заңғарың аз ба заты ұлы,
Сұлтанбектер ше, заманның көзсіз батыры.
Солардың тірі жүргендерінен қорқып,
Қорқаулар өңкей атып өлтірді ақыры.
Түкпірде қалған түркінің жиып, жұратын,
Қағанат қайда, қасқайып кеңес құратын?!
(Түркістан десе есіме түседі ескі бір,
Ұмытып қала жаздаған ұлы мұратым).
Солардан қалған кәрі жер,
Сырыңды ішкі ұға алмай жүр-ау әлі де ел.
Рухани қала тұрғызамыз деп әйгілі,
Әйнекпен зәулім сарайлар салып әбігер.
Бұл байтақ сондай, сұрайсың көкем,
е, е, е несін?!
Елестетші енді ал іңкәрлігінің елесін.
Арқада қайтқан Келдібек бидің ұлы да
Кебінмен кепті дегесін.
Айналдым сенен, Түркінің ұлы кіндігі,
Ауғанда бастан пенденің күйкі тірлігі
Жарқырап өткен жақсыларыңның жанына,
Жантаярмыз-ау бір күні...
Отырар төбе
Беу, менің сырын бүккен сары далам,
Киеңнен айналайын арымаған.
Құмыңа қымтап қойған құпияңды,
Тауысып үлгерген жоқ әлі ғалам.
Көз тартқан сонадайдан сары белім,
Тарих шетін шығарар тағы ненің?!
Бүк түсіп ап, бүлк етпей жатырмысың,
Бүкіл мұңын жасырған жәдігерім.
Күн мүжісе жотаңды, жыл ескіріп,
Тарихыңа бұл нендей тілекшілік.
Әлі келе жатырмыз сырт жағыңда,
Сені ақтарып көруге жүрексініп.
Әлі қанша мұраң бар, жасырған құм,
Түртіп-түртіп қояды тасыңды әркім.
Екі нәрсе түсіндік әзірге біз,
Еншісінде осынау ғасырлардың.
Еншісінде ғұлама ғасырлардың,
Арпалысын аңғардық хас ұлдардың.
Сүйем қарыс жеріңді жауға қимай,
Сүйегін сүйреп өлген асылдардың.
Сосын, қандай жау өссе жатырыңда,
Қалары һақ, тарихтың тақырында.
Соған қарап түсіндік сатқындықтың,
Қайда әкеліп соғарын ақырында.
Көз қадасақ тарихтың көшіне егер,
Құмға айналған қаншама есіл өнер.
Айналайын Отырар, саған қарап,
Аз ғана сыр аңғарсақ кешіре гөр.
Тәуелсіздік
Қаласа Алла,
Қазақтың бағы қалай аласармақ.
Талайлар басын тіккен дала мынау,
Киелі Қара Шаңырақ.
Қаншама соқты дауыл, көшті заман,
Көміліп көште қалды көп сыбағам.
Арқаның даласынан арқар ауып,
Басынан Қаратаудың көш құлаған,
(Өткенін еске алатын өстіп анам...)
Қазақтың қолы жеткен бұл несібе,
Салады кешегі өткен күнді есіме.
Келешек бас көтеріп жүрсе екен деп,
Хан Кене бассыз кеткен мүрдесіне.
Содан бері қаншама ғасыр өтті,
Кешегі Желтоқсан ше, қасіретті?!
Ақ таңын азаттықтың алаулатып,
Жанарымның содан соң жасы кепті.
Ал, қазір сертім – мығым,
Жыртып отқа жаққалы шер түндігін.
А Құдай, ақыретке дейін сақта,
Алты Алаш жылап жеткен еркіндігін.