Мақта бағасы – 230 мың теңге
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Қазіргі таңда Мақтаарал, Жетісай аудандарында мақта терімі күн санап қарқын алып келеді. Шаруалардың алдында тұрған басты міндет – күзгі жауын-шашынға қалдырмай мақта жинау науқанын ұтымды ұйымдастыру болып отыр. Өнімді техника күшімен жинауға басымдық беріліп, қоза көсегі жаппай ашылған алқаптарда терім қыза түсуде. Мақтаны комбайнмен жинау тиімді әрі арзанға түседі. Техника жеткілікті. Комбайн кідіріссіз мақта теретін болса, 10 гектар алқапты 3-4 сағатта теріп шығады. Биыл мақта өнімділігі жақсы, алғашқы терімнің өзінде мақталықтың әр гектарынан 27-28 центнерден өнім жиналуда. Мақта терімін қазан айында толық аяқтап шығуға мүмкіндік бар.
Алайда, бүгінгі күні мақташыларды шитті мақтаны сатып алу бағасының төмендігі алаңдатып, көңілін күпті етіп отыр. Мақта зауыттары мақтаның әр тоннасын 220 мың теңгеден қабылдаймыз, авансқа 200 мың теңгеден алады деп уәде беруде.
Жақында Мақтаарал, Жетісай аудандары шаруалары мақта қабылдау пунктеріндегі кемшіліктерді айтып, мәселе көтерген-тін. Туындаған мәселелерді жедел шешу мақсатында Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маманы Ә.Мұстафаев, «ҚазАгроЭкс» зертхана басшысы Б.Смайылов, мақта зауыттарының басшылары, шаруалардың қатысуымен жиын өтті. Онда орын алған олқылықтарға талдау жасалып, зертхана, таразы жұмысын жетілдіру бойынша шаруалардың ұсыныстары қаралды. Қазір мобильді жұмыс тобы мақта зауыттары мен мақта қабылдау пункттеріне мониторинг жүргізуде. Мақтаарал ауданы ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әлімқұл Баязиттің айтуынша, мақта қабылдау бекеттеріндегі таразылардың уәкілетті органдардан алған сертификаттары болуы керек. Мақта сапасын анықтайтын лабораториялардың талапқа сай жұмыс істеуіне зауыт басшылары жауапты. Мақтаны қабылдау кезінде зертханаға байланысты кемшілік орын алса, шаруалар «ҚазАгроЭкс» мекемелеріне хабарласуы керек, – дейді.
... Осы жылы қазанның 3-ші жұлдызында мақта қабылдау бағасы әр тоннасына 10 мың теңге қосылып, 230 мың теңге болды. Әрине, бұл баға әлі де қанағаттанғысыз. Дегенмен, облыс әкімдігі тарапынан тиісті шаралар қабылданып, мақташылардың мұң-зары, нақты ұсыныс-пікірлері ескеріліп отыр. Шаруа мемлекет тарапынан қолдау болатынына, оң өзгерістер орын алатынына сенім артуда.