«Ұрпаққа қалатын ең үлкен мұра – ол білім»

Саттар ҚУАШБАЙ, 
«Болашақ» үздіксіз білім беру орталығы директорлар кеңесінің төрағасы:

Саттар ҚУАШБАЙ 1998 жылы Шымкент қаласында «Болашақ» мектебінің, ал, 1999 жылы «ШГЭУ» колледжінің негізін қалады. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары білім беру саласына жаңаша оқыту жүйесін енгізген алғашқылардың бірі болды. Ол  – «Құрмет», «Парасат»  ордендерінің иегері. «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағын алған. Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласының және Төлеби ауданының құрметті азаматы.
Білім саласына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым – экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі. Ол 1955 жылы қазіргі Төлеби ауданы, Бірінші Мамыр ауылдық округіне қарасты Алғабас ауылында дүниеге келген. Жақында газет тілшісі 72 жасқа аяқ басқан академикпен сұхбаттасып қайтқан еді.

«Бір сыныптан екеуміз ғана оқуға түстік»

 – Саттар Ибатбайұлы, еліміздегі білім мен ғылымды дамыту жолында өз қолтаңбаңыз бар. Еңбегіңіз елге елеулі. Түркістан облысының жұртшылығы сізді жақсы таниды. Тәуелсіздік жылдары білім саласында тәуекелге барып, батыл қадамдар жасадыңыз. Оның нәтижесін бүгінде бәріміз көріп отырмыз. Бұл туралы сәл кейінірек. Газет оқырмандарын сіздің балалық және жастық шағыңыздың қалай өткені де қызықтыратыны сөзсіз. Сондықтан алдымен сол кезеңдерге тоқталып өтсеңіз... 
–  Мен бұрынғы Леңгір, қазіргі Төлеби ауданындағы Алғабас елді мекенінде дүниеге келдім. Әкем Ибатбай еңбекқор адам еді. Қарапайым шаруа болды. Ұзақ жылғы қажырлы еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
Бір отбасыда үш қыз, бір ұл өстік. Менің екі әпкем және бір қарындасым бар. Ауылда мектеп – сегізжылдық. Сондықтан жоғары сыныптарды аудан орталығындағы №2 қазақ мектебінде жалғастыруға тура келді. Шалғай елді мекендерден келген балалардың көбі осында жатып оқитын. Жаңылмасам, интернатта 200-дей оқушы болды.
Біздің білімге деген құштарлығымыз ерекше еді. Аттестатты да осы мектептен алдым. Ол кезде оқу біз үшін үлкен арман болатын. Ал, жоғары білім алу – сол арманға бастайтын күрделі сынақ еді.
Мектепті жақсы бағамен бітірдім. Бірақ, Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтының ауыл шаруашылығы құрылысы факультетіне құжат тапсырып, сынақтан өте алмай қалдым. Ауылға қайтып келіп, жұмысқа тұрдым. Сөйтіп, еңбек жолымды қарапайым жұмысшыдан  бастадым. Сол уақытта «Бірінші Мамыр» совхозында комсомол-жастар бригадасы құрылып жатты. Білек сыбанып, кірісіп кеттік. Бригадада ынталы жастарға жоғары оқу орнына жолдама беру қарастырылған екен. Адал еңбек, маңдай тер осылайша өзін ақтады. 1975 жылы Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық курсына жолдама маған бұйырды. Келесі, 1976 жылы ғана география факультетінің студенті атандым. 
Расын айту керек, ол кезде жоғары оқу орнына оқуға түсу өте қиын болатын. Мысалы, біздің сыныптан екі түлек қана ілікті. Бірі – өзім, екіншісі досым – Әуесхан Тұрдалиев. Қуанышымызда шек болмады... Жоғары оқу орнында жақсы оқыдық. Бүгінде екеуміз де ғылым докторымыз. Мен экономика ғылымдары бойынша, ол техника ғылымдары бойынша қорғаған. 
              
Алғашқы еңбек жолы

– Университет қабырғасында жүргенде отбасын құрып үлгерген сияқтысыз?
– Марқұм Зейнегүл әжемнің «Сенен тұяқ көріп кетейін» деген сөзі жүрегімде сақталып қалыпты. Сол әңгіме түрткі болды ма, 2-курстан соң шаңырақ көтердім.  Үйленгенде мен  22 жастағы жігітпін, ал, жұбайым Гүлжан 19 жаста еді. Осылайша студент кезімізде екі перзентіміз дүниеге келді. Мұның ертерек екі бөлмелі пәтер алуымызға септігі тиді. 
Қолымызға диплом тиісімен жұбайымыз екеумізді Жезқазған педагогикалық институтына оқытушы етіп жіберді. Ол кезде аталмыш институттың жаңадан құрылып жатқан кезі. Мамандар жетіспейтін. Бір топтан 5 адам жолдама алдық. Бізге тұрғын үй, көтерме ақы берілді. 
Институтта ұлттық аспаптар ансамблін ұйымдастырдым.  Жезқазған қаласында екі жоғары оқу орны бар еді. Алғашқысы біздің педагогикалық институт болса, екіншісі – Қарағанды политехникалық институтының филиалы және бірнеше училище бар. Осы оқу орындары арасында қалалық конкурс өтті. Оған қатысқан біздің ұлттық аспаптар ансамблі белсенді өнер көрсетіп, 1-орынды жеңіп алды. Осыдан кейін мені институттағы кәсіподақ комитетінің төрағасы етіп сайлады. Оқытушылық еңбекақым – 125 сом болса, кәсіподақтағы қызметім үшін 140 сом алатынмын. Сөйтіп, тұрмысымыз біршама түзелді. Кейін аға оқытушы болдым. Ол кезде ЖОО-дағы ұстаздардың беделі өте жоғары болатын. 
– «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, жақсы қызметіңізді одан әрі жалғастыра бермей, не себепті елге оралдыңыз? Әлде, бес жылдық келісімшарттың («отработка») мерзімі біткен бе еді? 
– Әңгімемнің басында отбасымызда үш қыз, бір ұл болғанын айттым. Яғни қарашаңырақтың ортаншысы әрі жалғыз ұлы менмін. Аспирантураға түсіп, кандидаттық диссертация қорғайын деп жүргенімде анам Зәбира: «Біз қартайып келеміз, балам. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Үйде үзеңгіге аяқ артып отырған әкең екеуміз ғана қалдық. Жырақта жүрген немерелерімізді сағындық. Олар да жат болып кетпесін. Ауылға қайт» деді. Перзент үшін ата-ананың айтқаны қашанда заң! Осылай арада 5 жыл өткенде отбасылық жағдайға байланысты туған жерге оралдық. Сол аралықта ғылыми ізденісімді жалғастыра жүріп, Қарағанды кооператив институтында (қазіргі Қарағанды экономика университеті) жұмыс істеген кезім болды. Ал, кандидаттық диссертацияны Мәскеу қаласында қорғадым. 
Шынымды айтайын, Сарыарқа төсінде тұрақтап қалуыма мүмкіндік мол еді. Жері қаншалықты байтақ болса, адамдарының пейілі де сондай кең, ықыласы ыстық болды. «Бөтенсің» деп ешкім алалаған жоқ. Ең бастысы, жұмысты жақсы білетін кадрды, әсіресе, жастарды бағалай білді. Тіпті, алақандарына салды десем, артық айтқандық емес. Алайда, «Ер туған жеріне тартады» демекші, отбасылық парыз бен туған жерге деген сағыныш мені елге қайтарды.
Сөйтіп, елге келдік. Ата-анам қатты қуанды. Бұл кезде жасы ұлғайған әкем Ибатбай зейнетке шыққан болатын. Ол кісі 2002 жылы өмірден өтті. Анам Зәбира 97 жыл ғұмыр кешті....

«Мемлекеттік қызметтен өз еркіммен кеттім…»

– Оңтүстік жұртшылығы сізді жоғары білім беру саласындағы білікті менеджер, озық ойлы азамат ретінде жақсы таниды. Бұл саланы қалайша бизнеспен ұштастырдыңыз? 
– Иә, бұл кезде Оңтүстіктегі білім беру саласында жаңа бетбұрыстар жасалып жатыр еді. Ұмытпасам, 1996 жылы алғашқылардың бірі болып «Ұлағат» университетінің Шымкенттегі филиалын аштым. Шымқаладағы ең алғашқы  жекеменшік жоғары оқу орны (ЖОО) Мардан Сапарбаев атындағы ОҚГИ болса, екіншісі менікі еді. Ол кезде мен облыстық білім жетілдіру институтында проректор қызметін қоса атқарып жүргенмін. Арада екі жыл өткен соң,  1998 жылы «Болашақ» мектебі құрылды. Ал, 1999 жылы «Болашақ» колледжінің негізін қаладым. Жасыратыны жоқ, бастапқыда ғимарат мәселесі қиын болды. Политехникалық техникумның ғимаратын жалға алдық. Англиямен білім саласындағы байланыстың арқасында талапкерлердің бізге деген сенімі артты.
2000 жылы Ұлттық банктің балабақшасы сатылатынын естідім. Оны қалай да сатып алуға тәуекел еттім. Сол кезде 24 пайыздық үстемемен 5 миллион теңге несие алып, ғимаратты сатып алдым. Айына 182 мың теңге төлеп тұрдым. Өзім 7 мың теңге жалақы алатынмын. Соған қарамастан, қарызды өтеп шықтық. Осылайша бүгінгі білім ордасының іргесін қаладық.
Мемлекеттік оқу орындарында қала беруге болар еді, бірақ мен жекеменшік білім ордасын ашу жолын таңдадым. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, оның ыстық-суығына төзуге тура келді. Тәуекел еттім. Бірқатар достарым мен әріптестерім ол кезде мені түсінбеді. Арасында күлгендері де болды. «Сен адасып жүрсің! Үй-жайыңды кепілге қойып, болашағы бұлыңғыр оқу орнын ашпақсың ба? Ол жоба өзін ақтамаса, қарызға батасың ғой» деп таңдаған жолымнан айнытқысы келгендер де табылды. Бірақ, бәріне уақыт төреші. Жоспарымыздың дұрыстығы іс жүзінде дәлелденді. Кейін сол күлген азаматтар маған жұмыс сұрап келді...

Отбасылық білім жүйесі

– Тағдыршешті қадамдар жасарда жаңашылдыққа ұмтылып, өзгерістерге батылдықпен барғаныңызды білеміз. Бұл жолда сізге не күш берді?
– Тәжірибе. Мақсатың айқын болса талай жылдар бойы жинақталған тәжірибе кез келген тығырықтан алып шығады екен. «Ұлағат» университетінің филиалын ашқаннан кейін білім алу мақсатында шетелге сапар шектім. Мәселен, тұманды Альбион – Англияға 3 рет барыппын. Әр барғанда 2-3 апта аялдайтынмын. Атап айтқанда, Кембридждегі, Хартфордтағы колледждерді, Лондондағы жекеменшік мектептерді, Берлиндегі университеттерді аралап, олардың іс-тәжірибесімен жете таныстым. Жаңа технологияларды көкейге түйдім. Сол кезде «Шіркін-ай, мен де осындай мектеп ашсам екен» деп армандайтынмын. Сөйтіп үздіксіз білім беру жүйесін қолға алдым. Бастапқыда көңілде үрей мен қорқыныштың болғаны рас. «Бұл жүйе өзін-өзі ақтай ма? Жобаны жүзеге асыру қиынға түспей ме?» деген қауіп санамнан кетпей қойды. Тәуекелге бел буған соң, Алла сәтін салып, бәрі де оңынан шешілді. 1998 жылы Ұлыбритания оқытушылары бізге келіп, келісімшарт бойынша дәріс оқыды. Сөйтіп, жұмыс басталып кетті. Қазір «Болашақ» үздіксіз білім беру орталығы – біртұтас білім беру кеңістігіне айналды. Бір жарым жастағы баладан бастап бөбекжай, балабақша, мектеп, колледж, университет, магистратура – бәрі 1,5 гектардан асатын аумақта тәрбиеленіп, дәріс алады.  Бұл – үздіксіз білім беру жүйесінің бүгінгі нақты көрінісі. 
Бұл күндері сол идея толық жүзеге асып, жемісін беріп жатыр. Бейнелеп айтқанда, тәй-тәй басып кірген бүлдіршін әуелі балабақшаға, сосын мектепке барып, оны тауысқан соң, колледжге қадам басады. Оны бітірсе, жоғары оқу орнының есігі ашық. Жалпы, жүйелі, үздіксіз білім алу үшін орталықта барлық жағдай жасалған. Мәселен, колледждің материалдық-техникалық базасы талапқа сай жабдықталған. Онда 8 оқу ғимараты, кітапхана, оқу залы, акт залы, конференция залы, барлық спорт құралдарымен жабдықталған спорт кешені, ашық спорт алаңы, интернет желісіне қосылған 10 компьютер сыныбы, 3 лингафон кабинеті, әдістемелік кабинет, 18 мультимедиялық интерактивті тақта қойылған сыныптар, 200 орынды асхана, 2 дәрігерлік көмек көрсету бекеті бар.

Тіл білу – уақыт талабы

– Қазіргі таңда елімізде білім берумен қатар, оның сапасын жақсартуға да баса мән берілуде. Бұл туралы Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында айтып келеді. Сіз басқаратын орталық осы талаптарға сай болу үшін қандай жұмыстар атқарып жатыр?
– Мені «Білім берудің барлық деңгейінде математика мен жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек» деген талап   ойландырады. Бұл мәселеге басымдық бергеніміз жөн. Сонымен қатар, Президент өскелең ұрпақтың болашағы қазақ, орыс  және ағылшын тілдерін еркін меңгеруі  мен компьютерге қатысты екенін тағы атап өтті. Біздің бұл бағыттағы жұмысымыз да ауыз толтырып айтарлықтай. Тіл меңгеру бастауыш сыныптардан бастап қолға алынған. Атап айтқанда, орталықтағы балалар компьютерді еркін меңгеріп, ағылшын тілінде сөйлесуді күнделікті әдетке айналдырған. Біздің түлектер шетелге шыққанда тіл білмей қиналмауы тиіс. Бұл – біз ұстанатын басты қағида.
– Әлі есімде, 2013 жылы наурыз айында Оңтүстік Қазақстан облысы делегациясының құрамында Түркияның Измир қаласындағы Гедиз университетінде болдық. Сонда осы жоғары оқу орнының басшыларымен келісімшартқа отырған едіңіздер. Нәтижесі қандай?  
– Иә. Осы Гедиз университетімен келісімге келіп, студенттер «алмасу» жобасын қолға алдық. Бұл университеттің материалдық базасы мықты екен. Себебі, ел жанашырлары тікелей қолдау көрсетеді. Сондықтан біз де академиялық мобильділік жүйесін іске қостық. Студенттер 6 ай Түркияда, 6 ай елімізде оқып, түрік немесе ағылшын тілінде білім алады. Бұл – тіл үйренемін деген бала үшін үлкен мүмкіндік. Студенттердің Түркияға барғанда қиналмауы үшін кезінде арнайы түрік тілі курсын ұйымдастырып, облыстық мәслихатпен бірлесе, дарынды балаларға қолдау көрсетіп, жолақысы мәселесін де шешіп бердік. Өкінішке қарай, талапты жастар аз болып шықты. Ынтасыздық және жалқаулық кей жастардың бойынан әлі де байқалады. Ал, Жамбыл облысы мен Алматы қаласынан келген екі қазақ қызының сол Гедиз университетінде білім алып жүргенін көріп, қатты қуандым. Біз де сондай болуға тиіспіз.
          
Маман даярлығы мен оқушы бағасы

– Орта болмаса, тіл дамымайды. Оған жағдай жасау керек. Оқытушылардың білімін жетілдіру, баланың білімін бағалау мәселелері де өзекті. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы тілге тиек етсеңіз.
– Көптеген студенттерді тіл үйрену мақсатында Англияның Кембридж, Стивенидж қалаларындағы қысқа мерзімді тілдік курстарға да жіберіп отырдым. Бірақ, шетелде тілді үйренгенмен, елге оралған соң, күнделікті орта болмаса, ол тез ұмытылады. Сондықтан қазір бастауыш сынып оқушыларын өзара ағылшын тілінде сөйлесуге дағдыландыру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Балалардың еркін сөйлеу дағдысы қалыптасқан. Қазіргі балалар өте бақытты. Шетелге шығуға мүмкіндік мол. Ал, біздің кезімізде ондай жағдай мүлде болмаған еді. Тәжірибе алмасу мақсатында АҚШ, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Англия, Түркия, Нидерланды, Венгрия, Беларусь және басқа мемлекеттерге  шығып жүріп байқағаным, ағылшын тілін білсең, саған бүкіл әлемнің құшағы ашық.
Педагогтердің кәсіби деңгейін көтеру – менің басты назарымда. Қайбір жылы 16 ұстазды Назарбаев зияткерлік мектебіне арнайы оқуға жібердім, білімдерін шыңдап қайтты. Олардың барлығы сертификатпен оралды. Ал, мұндай сертификаты жоқ мұғалімге бастауыш сыныпты сеніп тапсыра алмаймыз. Бастауыш – іргетас. Сондықтан ол мұғалім жан-жақты болуы керек. Біз бұл бағытта қаржыны аямаймыз. 
Ал, білімді бағалауға келсек, оқушыны баға қоймай оқыту жүйесіне түбегейлі қарсымын. Кей бала жақсы баға алу үшін ұмтылып, солай дами түседі. Бағасыз оқыту жауапсыздыққа жетелейді. Сондықтан баланың ойын білу үшін сабақты сұрап, білімін саралап отыру қажет.    
        
Халық қалаулысы кезіндегі еңбегі ерекше

– Сәке, соңғы екі шақырылымда облыстық мәслихаттың депутаты болып сайландыңыз. Сайлаушыларыңыз сізді аманатына адал, уәдесін орындайтын белсенді халық қалаулысы ретінде білетін. Бұл жайында не айтасыз? 
– Иә, оның рас. Мен мәслихат сайлауына «Елге пайдам тисін» деген мақсатпен түскенмін. Өз мүддемді көлденең  тартатындай коммерциялық жобам, құрылыспен айналысатын компаниям жоқ. Кәсібімнің тағдыры тендерге байланысты болған емес. Кәсібім – ағарту мәселесіне қатысты болғандықтан елдің бетіне тіке қарай аламын. Жұрттың алдында жүзім де жарық.  
 «AMANAT» (бұрынғы «Нұр Отан», қазіргі «Әділет») партиясының Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық филиалының төрағасы ретінде Шымкент қаласы мен Төлеби ауданындағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және оны жақсартуға тікелей атсалыстым. Сайлаушыларымның өтініш-тілектерін әрдайым назарға алып, олардың шешілуіне барынша ықпал етуге тырыстым. Білім саласының өкілі болғандықтан, облыс әкімінің қолдауымен бірнеше мектептің құрылысын қолға алуға бастамашы болдым. Атап айтқанда, Зағамбар ауылындағы Әл-Фараби атындағы мектеп, «Бірінші Мамыр», «Жаңа ұйым» және М.Әуезов атындағы мектептерге кезінде қаржы бөлдіруге ықпал еттім. Ал, Таскешудегі 100 орынды мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде салынды. Сондай-ақ, «Алғабас», «Момынай», «Тағайна», «Қызылқия» мектептері де пайдалануға берілді. Арада қаншама жыл өтті ғой, мен қазір еске түскендерін ғана айтып отырмын. Негізінде атқарылған жұмыстар бұдан әлдеқайда көп. 
Ауыл-ауылға ФАП пен елді мекендер аралық жолдар салып, табиғи газ құбырлары  тартылды. Халық пен билік арасындағы байланысты үзбей, әлеуметпен жиі кездесіп тұрдым. Облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі  тұрақты комиссиясының төрағасы ретінде бірінші кезекте қалың бұқараның  әлеуметтік жағдайына ерекше көңіл бөлдім. Соның нәтижесінде Шымкент қаласы мен Төлеби ауданының ғана емес, тұтас өңірдегі әлеуметтік саладағы мәселелер оң шешімін тапты. Аудандағы елді мекендердің басым бөлігіне «көгілдір отын» тартылып, тұрғындар табиғи газбен қамтамасыз етілді. Жолдың сапасы жақсы, ауыз су мәселесі де ретімен шешімін тауып келеді. Қалада тұрғанмен, туған жерден қол үзген емеспін. Өйткені, ауыл – ұлттың ұстыны.
– Мазмұнды әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан 
Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,
 «Оңтүстік Қазақстан».

P.S. Жұқалтаң жүзінен үлкендік мейірім мен жанға жайлы шуақ есіп тұратын академик ағамен талай жүздестім. «Ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, қашанда кішіпейілділік танытады. Ауыл топырағында өсіп-өніп, білім мен еңбекті серік еткен ол ел ішінде ағартушы, ұйымдастырушы және жаңашыл азамат танылды. Алдына биік мақсат қойған Саттар Ибатбайұлы саналы ғұмырын жас ұрпақтың біліміне, тәрбиесіне арнап келеді. «Білім – болашақтың кепілі. Ұрпаққа қалатын ең қымбат мұра – сапалы тәрбие мен терең білім». Бұл – жай сөз емес. Академик Саттар Ибатбайұлының өмірлік ұстанымына айналған қағида. Ол тек педагог емес, елге жанашыр азамат. Қоғамның өзекті мәселелеріне үн қосып жүрген қоғам қайраткері.

Пікір қалдырыңыз