«Жақсылар ұмытылмаса екен деймін»
Серікбай Ибадуллаұлы,
Түркістан облысының құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері:
Әрнәрсені әріден ойлап жүретін, әсіресе, елге берері бар дүние болса ешнәрседен аянып қалмайтын азаматтар болады. Сондай азаматтардың бірі ретінде Серікбай Ибадуллаевты айтуға болады. Ұзақ жылдар бойы түрлі басшылық қызметтерді абыроймен атқарған ол қай салада жүрсе де елдің руханиятын түгендеп, ұлттық құндылықтарды насихаттаумен ерекшеленді. Мәдениет, әдебиет, мемлекет қайраткерлерін дәріптей жүріп өзі де ел құрметтісіне айнала білген ағаны таяуда ойламаған жерден кездестіріп қалып, едел-жедел сұхбатқа шақырдық.
Мені Абайдың рухы жебеді
– Серікбай Ибадуллаұлы, мен Сізді Шардара ауданына әкім болып барған кезіңізден бері білемін. Оған да жиырма жыл болып қалыпты. Өзіңіз білесіз, ол кезде елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы онша мәз емес еді. Шалғайдағы Шардара ауданы да Кеңестер Одағынан кейінгі тоқыраудан әлі толық ес жия алмай, шайырлардың тілімен айтқанда, шаршаңқырап жатқан кез еді. Сіз келдіңіз де ауданды дүр сілкіндірдіңіз. Менің өзім, Шардараның бір тұрғыны ретінде айтайын, шаршап жатқан ауданнан үлкен қалаға қарай көшіп кеткім келіп жүретін. Елдің рухын ояту арқылы Шардараның шырайын келтірдіңіз. Әсіресе, мәдени-рухани салаға ерекше көңіл бөлдіңіз. Көптеген тың идеялардың авторы ретінде айтыңызшы, бұрын Түркістан қаласында әкімнің орынбасары болып жүрген жылдары жүзеге асыра алмай қалған жоспарларыңызды шағалалы ауданның тізгінін қолға алғанда емін-еркін атқаруға мүмкіндік алған боларсыз, солай ма?
– Түркістан қаласы әкімінің орынбасары болып жүрген кезімде де ешкім қолымды қаққан емес. 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығын атап өтетін болдық. Түркістан қаласының әкімі Мұхит Әлінің бастамасымен соғыс ардагерлерінің тізімі жазылған монумент орнатуды ұйғардық. Маған бір ой келді. Тек монумент орнатумен шектелмей, Түркістаннан шыққан төрт батырымыз -- Расул Есетов, Абдулла Үсенов, Құрбанбай Рысбеков, Файзулла Юлдашевқа ескерткіш қоюды ұсындым. Бұл ойымды қала әкімі құптағанымен, ол кезде қаржы мәселесі қиын ғой, бұл жұмысты орынбасары ретінде өзіме жүктеді. Ойланып отыруға уақыт жоқ, бұрыннан сыйласып жүретін кәсіпкер жігіттермен ақылдастық та, тәуекел деп бастап кеттік. Аз уақытта әлгі ескерткіштерді орнатып, Ұлы Жеңістің 60 жылдығын жоғары деңгейде атап өттік. Ол кезде Расул ағамыздың көзі тірі, Мәскеуде парадта жүр. Өзіне ескерткіш орнатылып жатқанын біледі ғой, келе салып, «мені ескерткіштің басына апарыңдаршы» деді. Қазақы қалпақ киген өзінің еңселі ескерткішін көрген батыр ағамыздың көңілі босап, көзіне жас алды. Сол кезде адам баласына одан артық құрмет жоқ екенін түсіндім. Кейін Шардара ауданына әкім болып барғанымда да жергілікті үш батыр – Абылай Әлімбетов, Сейітқасым Әшіров және Халық Қаһарманы Мәулен Қалмырзаевқа ескерткіш орнаттық. Оны өзің де білесің...
– Иә, осы жайды да кішкене таратыңқырап айтыңызшы...
– Айтсам, мақтанғандай болам ғой. Бірақ, осынау игі істердің басы-қасында жүрген азаматтардың құрметі үшін айта жүрген де жөн шығар. Ауданға әкім болып барғаныма көп бола қоймаған кез, облыс әкімі Болат Жылқышиев жұмыс сапарымен Шардараға келді. Түске дейін аудандағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, түс қайта Сырдың бойында жұмысын қорытындылады. Қолға алынып жатқан жобалар облыс басшысының көңілінен шықса керек, бір кезде маған «жаңа саябақ ішіне үш батырға ескерткіш қоюды жобалап қойыпсыз, бюджетте қаржы жоқ, сіз оны қалай шешпексіз?» дегені. Мен «кәсіпкерлер бар, акция өткізіп көрерміз» дегенімде Болат Әбжапарұлы «батыр бәрімізге ортақ, Сәкең бастап, біз қолдап, осы үшеуміз қалтамыздан қаржы шығарып, өзіміз бітірейік. Бұған қалай қарайсың?» деп жанында отырған Нұрлан Қаныбековке қарады. Ол да мақұлдай қойды. Осылайша үшеуміздің қаражатымызбен екі айда ескерткіш тұғырға қонды.
– Сізді руханият жанашыры ретінде білеміз. Бір мысал айтайын, марқұм Жұмабек Мұқанов ағамыз айтқандай, «жаман шалдай жарбиып» тұрған Шардарадағы Абай ескерткішін өз күшіңізбен жаңаладыңыз. Ақын-жазушыларға құрметіңіз ерекше. Оның сыры неде?
– Ақын да, жазушы да, жалпы алғанда барлық өнер адамы – елдің адамы. Оларды насихаттау арқылы өскелең жастарға үлгі етуге болады. Ескерткіші тұрса, ел оның алдына барып суретке түсіп, шығармалары туралы айтса, жастардың құлағына сіңісті бола береді емес пе?! Қай жерде жұмыс істемейін, ең алдымен сол өңірден шыққан жергілікті ақын-жазушыларды сұрастырамын. Олардың шығармаларымен танысып, керек кезінде қолдау білдіру есті басшының әрекеті деп есептеймін. Ол елдің мақтаулы перзенттерін бағаламай, қалың елдің жүрегіне жол табу мүмкін емес. Шардараға әкім болып барған кезімде де жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларына көз жүгіртіп шықтым. Аудандық газеттің редакторы Жұмабек Мұқановтың «Сексеуілдің шоғы» деген кітабынан Ұлы Абайға мұң шаққан өлеңін оқыдым. Содан ертеңіне барып көрсем, Мәдениет үйінің алдындағы ұлы ақынның ескерткіші, расында да, мүсіркеуге лайық екен. Лениннің бұрынғы ескерткішін иығынан шауып, кірпіштен кітап жасап, қолтығына «қыстырып» қойыпты. Иегін де аздап жонғаны болмаса қас-қабағы ұлы Абайға мүлде ұқсамайды. Жұмабек өлеңіндегі отты сөздер намысымды қоздырып, дереу осы істі қолға алдым. Әрине, тұлғалы ердің ескерткішін жаңадан орнату оңай болған жоқ, бірақ, сол жұмыс біткенше жаным жай таппады. Бұл менің жеке өзім орнатқан ескерткіштердің алғашқысы еді. Абай атамыздың әруағы жебеген шығар, Шардарадағы одан кейінгі шаруа өз-өзінен дөңгелеп жүре берді.
– Рас айтасыз. Екі жылға жетпейтін уақытта қыруар шаруаны қолға алып, оның біразын бітіріп үлгердіңіз. Әлеуметтік жағдайы төмен жиырма отбасыға асарлатып үй салып беру -- басқа аудандарда болмаған бірінші жоба шығар. «Алты алаш», «Абай» ойын-сауық алаңдары мен «Тұңғыш Президент» саябағының, әр ауылдардағы балалар алаңшаларының авторы ретінде ел әліге дейін Сізді айтады. Одан бөлек, ана мен бала монументін, тарихи-өлкетану мұражайын, Дарын мектебін, «Ақ босаға» неке сарайын салдырғаныңызды да білеміз. Шардаралық ақын-жазушылардың үздік шығармаларын кітап етіп шығарғаныңыз, сазгерлер байқауын ұйымдастырып, шағалалы өңір туралы жақсы әндер жазылуына себепкер болғаныңызды қалай ұмытайық?! Асыра айтты демеңіз, аға, өз басым Сізді қазақтың жоғын түгендеп жүретін Өзбекәлі Жәнібековке ұқсатамын. Қазақта «Болмасаң да ұқсап бақ» деген сөз бар. Сіз шын мәнінде де рух сардарына еліктейсіз бе, әлде біз сырттай ұқсатып жүрміз бе?
– Өздерің жақында ғана «Оңтүстік Қазақстан» газетіне «Жәнібековтей болмақ қайда?» деме, мемқызметші!» деген мақала жазыпсыңдар ғой. Өзбекәлі Жәнібековтей болсақ қанекей... Әсіресе, жастар осындай рух сардарларына ұқсап бағуы керек. Белгілі тұлғалардың басын қарайтып, ескерткіш қоюдағы мақсат та сол, өскелең жастар өнеге алса, үйренсе екен дейміз.
Ұр да жық мінезбен ұшпаққа шыққан ешкім жоқ
– Мінезсіз адамды өлі балыққа теңеп жатамыз. Шынында да, ағыспен арқайын жүзе беретін балық өлі болмағанда не болады?! Осы ретте Сіз өзіңізді қаншалықты тірімін, ағысқа қарсы жүзе аламын деп айта аласыз?
– Мінез деп екі мағынада айтуға болады. Ұр да жық мінезбен ұшпаққа шыққанды көргенім жоқ. Бірақ, бұл шамадан тыс мәнжубас бол дегенді білдірмейді. Еркекке ең керегі – уәдеге беріктігі. Азды-кем қызметте жүрген соң арқа сүйеп келетіндер аз болмайды. Ондайда он ойланып, тоғыз толғанамын. Шын мәнінде жәрдемге мұқтаж болса, көмектескенше жаным тынбайды. Кейде өзім бастамашы болып, арамызда жүрген ақын-жазушылардың, өнер адамдарының шығармашылық кештерін ұйымдастырып беруге атсалысамын. Өйткені, өнер адамы елдің еркесі болады. Біреуге барып жағдайын айтуға намыстанады. Оны өзіміз біліп, қолдауымыз керек.
– Кейде біреудің атқарған игі істерін сыртынан «байқатпай» иеленіп кететіндер де болады. Түркістан қаласындағы Сіздер салдырған төрт батырдың ескерткішін «мен салдырғанмын» деп жүргендер де бар көрінеді. Хабарыңыз бар ма?
– Бар болғанда не қылайын, барып жағасынан алайын ба? Оны сол күннің ертеңіне-ақ біреулер видеосын жіберіп «Сіз салдырған ескерткішті басқаға теліп тұр» деп «сүйінші» сұрады. Тыңдап көрсем, әскери іс-шарада жүргізуші жаңылысып айтып тұр екен. Бірақ, менің таң қалғаным, «ескерткішті салдырған» деген адам да беті бүлк етпей қарап отыр. «Әй, қателеспеңдер, бұл ескерткішке менің түк қатысым жоқ» деп басын ашып алуына болады ғой. Олай етпегеніне қарағанда, кім білсін, дайын асқа тік қасық болғысы келіп жүрген шығар.
– Серікбай аға, тағы бір сұрақ, айтыскер ақын Әселхан апамыздың өмірден өткеніне де бес жыл болып қалыпты. Бұл кісінің басын қарайту, ел қатарлы ескерткіш қою... Неге айтылмайды?
– Әселхан Қалыбекованың ескерткіші дайын тұр, жасатып қойғанмын. Көпен Әмірбек, Әселхан Қалыбекова үшеуміз түйдей құрдаспыз, жасымыздан бірге өстік. Көпен Әмірбек екеуміз төртінші сыныпқа дейін бірге оқыдық. Қоржынға қауын салып, бір есекке мінгесіп мектепке баратын едік. Өмірден өткенге дейін сырлас болып, жұбымыз жазылмай қатар жүрдік. Әселханмен де солай, арамыздағы сыйластық үзілген емес. Алпыс жасқа толғанда, мен досы ретінде Әселханның құрметіне Шымкенттегі ресторанның бірінде 200 адамға дастархан жасап, айрықша атап өттік. Көпен мен Әселханның жетпіс жылдығын жоғары деңгейде атап өтуге дайындалып жүр едік, пандемия басталып кетті де кейінге шегерілді. Шегерілді деп әдейі айтып отырмын, кейінге қалдырылған шаруа көбіне құмға сіңген судай жоқ болып кетеді. Кейіннен Көпен досыма атап қойған «атымды» конвертке салып, Алматыға барып, ресторанда отыз шақты өнер адамының басын қосып, сол жерде тапсырдым. Сықақшы досым «мен өлгенде ескерткішті өзің қоясың» деп ойнап айтатын еді, оны да жақында орындадым. Әселхан Қалыбекованың ескерткішін де екі жыл бұрын дайындап, үйіне апарып, бетін матамен жауып қойғанмын. Облыс, аудан басшылары шешім қабылдап қоятын жерді белгілеп берсе, ескерткішті орнатып, абаттандырып беруге дайынмын.
Дүниеден бұрын ниетке баймын
– Ескерткіш жасауды бұйым құрлы көрмейді екенсіз. Біз ағайындар болып қай жылы бабамыздың басын қарайттық. Жиырма миллиондай қаржы кетті...
– Ескерткіш жасайтын зауытың бар ма деп сұрағың келіп тұр ғой. Ондай ештеңем жоқ, тек жақсылар ұмытылмаса екен деген ізгі ниетім ғана бар. Облыстық мәслихат депутаты болып Отырар ауданынан сайланғаннан кейін ауданға бардым. Аудан әкімі Ерлан Айтаханов бір сөзінде «Отырар — ақындардың отаны» деген кітап шығаратынын айтты. Елең ете қалдым. Онда мен осы аттас мұражай ашайын дедім. Оның эскизін дайындадым. Жергілікті ақын-жазушылардан елге белгілі бесеуінің ескерткішін жасатуды қолға алдым. Сөйтіп жүргенде Ерлан Айтаханов Шымкент қаласына ауысып кетті де, кейінгі келген әкім болмайдыға шығарды. Дайын дүниені қашанғы сақтап отырамын, марқұм Қаныбек Сарыбаев ағамызбен қалжыңымыз жарасқан жанбыз, 60 жылдығын дүркіретіп өткізіп беріп, алғысын да алған едім. Қайтыс болғаннан кейін оның да ескерткішін жасатып, басына апарып қойғанмын. Тәушен Әбуованың ескерткішін Балтакөлге, Мәдениет үйінің алдына орнаттым. Барған адам тәу етіп, суретке түседі. Ауылда одан басқа көрікті не бар дейсің?! Әселхан Қалыбекованыкі үйіндегі гаражда тұрғанын айттым. Тағы бір көзі тірі ақын ініміздің ескерткішін де дайындатып қойып едім, ол аса құп көрмеді. Оны інілерім бұздырып еді, құнды металының өзі сұмдық ақша болды. Тек металының өзі осындай құнды болса, дайын ескерткіш қаншаға бағаланатынын өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз. Оған мүсіншілердің еңбегін қосыңыз. Осынша қымбат дүниенің не қажеті бар дейтін шығарсың, ел ақын туралы аңызға бергісіз әңгіме естіп, оның өлеңдерін жатқа оқып жүреді. Әсерленген адамдар оның ескерткішін немесе мүсінін көрсе... Бұдан артық қандай құндылық болуы мүмкін?! Ол осылайша мәңгі «тірі» қалады. Міне, құндылық!
– Шымкенттегі «Шәмші әлемі» аллеясын салдыруға да атсалысқан екенсіз...
– 2010 жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметов шақырып, бұрынғы базардың орнына Шәмшіге арнап саябақ салу керек екенін айтты. Облыстық энергетика және тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысымын, маған сенім артып отырған соң тәуекел еттім. Мәселе бюджеттен емес, қалталы азаматтардың көмегімен салуда ғой. Вальс королінен кім аянып қалсын, кәсіпкерлерге қолқа салған едік, қолдай кетті. Бүгінде аллеяға барсаң айнала тізіліп теректер өсіп тұр. Өз қолтаңбаңды көргендегі ерекше сезім, айрықша мақтаныш... Одан артық не керек.
Айтпақшы, аллеяның ашылуына Шәмшінің шығармаларын, ол туралы естеліктерді жинақтап Көпен досымның атынан кітап шығардық. Оған журналист Сабырбек Олжабай да көп еңбек сіңірді. Кітап демекші, 1994 жылы Оразбек Бодықовтың Шәмші туралы жазған кітабын жарыққа шығаруға да жәрдем бердім. Ол бір қиын кезең еді ғой, сонда да болса рухани құндылықтарды ұлықтау үшін барымызды салдық. Ол туралы журналист Төрехан Рәмберді «Оңтүстік Қазақстан» газетіне мақала жазды. Оразбек Бодықовпен одан кейін де сыйласып жүрдік, қолдан келген көмегімізді аямадық. Өмірбай Сәуірбаев, Сабырхан Асановқа да ескерткіш қойдық. Рахманқұл Бердібай ағамыз үйге жиі келіп тұратын. Қоңырау шалып, үйде келін бар ма дегеннен білемін, ол кісі біздің үйдегі жеңешеңнің асқан сүрленген етін жақсы көретін. Әңгімеміз жарасады, бірде әзілдеп, «олай-бұлай болып кетсеңіз қай жерде жатқанды тәуір көресіз» деп едім, көңіліне ауыр тиді-ау, үндемей қалды. Арада біраз уақыт өткенде «өткендегі әңгімені орынды қозғаған екенсің, ол жағын енді өзің ретте» деді. Түркістанда қызмет етемін, ағаның аманаты ғой деп жер дайындап қойдым. Мәңгілік мекенін кейіннен өзі келіп көріп, жанынан тағы бір метрдей қостырып кетіпті. Сол жерде қазір жеңгеймен екеуі қатар жатыр. Көпен досыма да осылай еттім, таяуда басын қарайтып, ескерткішін орнаттым. Райымбек Сейтметов ағамызға да Ислам Әбішов бастаған біраз азаматтар үлес қосып, ескерткіш орнаттық. Мұның бәрін біле жүріңдер деп айтып отырмын. Әйтпесе, мақтанып айтатын нәрсе емес. Қазақта «Бір қолыңның бергенін екінші қолың білмесін» деген мақал бар емес пе?!
– Иә, Серікбай аға, әр азамат Сіздей-ақ болсын! Руханият жанашыры ретінде өз басым Сізді айрықша құрмет тұтамын.
– Рахмет, айналайын!
Сұхбаттасқан
Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».