«Мені қызметке Өзбекәлі ағаның өзі қабылдаған»
Рахия Жүзбаева, музейтанушы ғалым:
Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ашылғанына жарты ғасырға жуық уақыт өтті. Жылына миллионнан астам турист келетін музей бүгінде қазақ халқының рухани, тарихи және сәулет мұрасын сақтайтын еліміздегі ең іргелі әрі маңызды орталықтардың біріне айналды. Осы кесенені музейге айналдырған Өзбекәлі Жәнібеков екенін, оның ұлт руханиятының жанашыры ретіндегі жанкешті еңбегін бүгінгі ұрпақ қаншалықты біледі? Біз музей ісіне жарты ғасырға жуық өмірін арнаған мәдениет жанашыры, Қазақстанның мәдениет қайраткері, ардагер музейтанушы әрі ғалым Рахия ЖҮЗБАЕВАМЕН осы жайында әңгімелескен едік.
– Рахия апай, сіз «Әзірет Сұлтан» музейі ашылған кезде Өзбекәлі Жәнібековпен қызметтес болып, қайраткер тұлғаның тағлымын алған екенсіз. Әңгімені содан бастасақ.
– Мен 1978 жылы Алматы шет тілдері институтын бітірген соң елге келдім. Мамандығым бойынша мектепке орналасуым керек еді. Бірақ, жұмыс табылмай, біраз жүріп қалдым. Бір күні анам мені жетелеп қалалық партия комитетіне апарды. Сөйтіп Түркістан қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Адыл Алиевке кірдік. Ол кісі «Ясауи кесенесінде музей ашылғалы жатыр. Онда министрдің орынбасары Жәнібеков жүр. Сол жақтан жұмыс табылып қалар» деді. Анам екеуміз кесенеге тарттық. Барсақ, жұмыс қызу жүріп жатыр екен. Ол кезде кесене тарихи ескерткіш ретінде тізімде болғанымен, ешқандай мәртебесі жоқ, елеусіз күйде тұрған. Есігі көбіне құлыптаулы тұратын. Еден төселмеген сыз. Келген зияратшылар қасиетті топырақ деп уыстап ала бергеннен аяқтың асты ойдым-ойдым болып кеткен. Анам екеуміз ішке кіргенде алакөлеңке, қараңғы екен. Жел соқса, шаң бұрқ ете қалады. Бірнеше адам зембілмен сыртқа топырақ тасып жүр.
Анам бастықты сұрастырып еді, зембіл көтеріп жүрген, балағын түріп, беторамалының төрт бұрышын түйіп басына киіп алған бір кісі «мен!» деді. Анам жағдайымызды айтып, мені жұмысқа алуды өтінді. Ол кісі «жарайды, қызыңыз осында қалсын. Жұмыс жетеді» деді. Сөйтіп, сол күні-ақ жұмысқа кірісіп кеттім.
Иә, айтпақшы, соның алдында ғана бір қызық түс көрген едім. Түсімде бір қария кісінің сұлбасы есіктен кіріп келе жатқандай болды. Қорыққанымнан көрпені басыма жаба қойдым. Әлгі сұлба әкем жатқан бөлмеге қарай жылыстай берді. Таңға дейін бүркеніп жатқаннан ба, әлде қатты қорыққаннан ба, азанда су тер болып ояндым. Бірақ, түсімді жақсылыққа жорыдым. Осы күні ойласам, сол түс атамның «Лайықты бол!» деген ишарасы ма екен деп ойлаймын. Атам Қарамырза қалпе Ясауи ілімін ұстанған, діни сауатты кісі болатын...
Мен қасиетті орын – бабамыздың кесенесін де, ардақты Өзағаны да алғаш рет сол жерде көрдім.
– Тарихи кесенені музейге айналдыру оңай болмаған шығар. Музей қалай қалыптасты?
– Әрине, ұзақ жыл бойы күтімсіз тұрған алып ғимаратты музейлендіру ісі оңайға соққан жоқ. Өзағаң 1972 жылы Түркістанда арнайы ашылған ТСНРМ – Түркістан ғылыми-реставрациялық шеберханасының қызметкерлерімен бірлесе отырып, кесененің еденінен бастап, төбе жабыны мен сыртқы қабырғаларына дейін толық ретке келтіру жұмыстарын жүргізді. Бөлмелердің ішіне үйілген топырақтар сыртқа шығарылып, едені тегістелді. Оған сол заманға сай төрт және алты қырлы қыш плиталар төселді. Ағаштан ойылып жасалған көне есіктердің санаулы үлгісі ғана сақталған екен. Олар музей қорына тіркеуге алынып, орнына кесене нақышы өрнектелген отыздан астам екіжақты жаңа есік орнатылды.
Өзағаң музейлендіру жұмысына ерекше мән берді, тіпті ұсақ-түйегіне дейін өзі араласты. Алматыдан түрлі мамандарды, небір хас шеберлерді шақыртты. Солардың бірі ҚазМУ-дің шығыстану факультетінің деканы Әбсаттар Дербісәлі болатын. Оған ғимараттың іші-сыртындағы араб жазбаларын аудару тапсырылды. Кесенеде сақталған құлпытастардағы жазуларды оқуды қоса жүктеді. Мені Әбсаттар Дербісәлінің көмекшісі етіп қойды.
Ол кезде кесененің ішіне электр жарығы әлі толық тартылмаған. Құлпытастардың әр жерін шаң басып жататын. Мен бір қолымдағы уақытша сымға жалғанған электр шамымен құлпытасқа жарық түсіріп, екінші қолымдағы шелектегі сумен тас бетіндегі шаң-тозаңды жуамын. Әбсаттар аға қалайы қасықтың көмегімен тас бетіне арнайы калька қағазын қойып, ысқылай отырып, жазудың сұлбасын түсіретін. Содан кейін сол сұлба арқылы арабша мәтінді транскрипциялап, қағазға жазып отыратын.
Музейдің қалыптасуына Алматыдан келген басқа да мамандар – «Казмузейреставрация» мекемесінің басшысы Шамиль Қожаханов, суретші-дизайнер Аманжол Найманбаев, суретші-керамист Владимир Шишкин, Алмас Жансүгіров сияқты азаматтар да көп үлес қосты. Барлығы да уақытпен санаспай, сенбі-жексенбі демей еңбек етті. Әбсаттар Дербісәлиев бір айдан астам уақыт жүріп, жәдігерлердегі жазуларды оқып, олардың кімге тиесілі екенін анықтап, жүйелеуге талпынды. Жазулардың біразы жартылай өшіп қалған, сондықтан көбі әлі де терең зерттеуді қажет ететін.
Әлі есімде, Өзағаң кейбір құлпытастарды: «мынау – Абылай ханның құлпытасы, анау – Тәуке ханның, мына бірі – Салқам Жәңгірдің белгітасы» деп белгілеп қоятын. Мамандар оған: «Өзеке, жазулары анық оқылмады. Бұл ол ханның белгісі болмауы мүмкін» деп шыр-пыр болатын. Сонда Өзағаң «көп сөзді қой, солай жазыңдар. Қатені жөндеп оқу – кейінгі ұрпақтың еншісінде. Қазір маңыздысы – төл тарихымызды жарыққа шығару. Кесенеге келген халық айбарлы хандарымыздың болғанын білуі тиіс, атына қаныға берсін» дейтін.
Өзағаның бұл сөзінің астарында үлкен мақсат жатты. Ол қазақ мемлекеттілігінің тарихын танытқысы келді. Жаттың тарихын жаттап өскен ұрпаққа өз тарихын көрсетіп, ұлттық санасын оятуды көздеді. Ол кезде қазақ хандарының жәдігерлерін әспеттемек түгілі, атын атауға қорқатын заман еді ғой. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған сондай кезеңде Өзағаңның бұл әрекеті – нағыз азаматтық ерлік болатын.
Өзаға кесенеде екі айдан астам уақыт білек түріп, бел шешпей табанды еңбек етті. Таңертең елден бұрын келіп алатын, кешке қас қарайғанда қайтатын. Шағын қонақүйде жататын. Талапшыл болғанымен жүзінен мейірім төгіліп тұратын. Жұмыс барысында мазалағанды жақтырмайтын. Кім келсе де басын бұрмай, жұмысын жалғастыра беретін. Бірақ, бізге білгенін үйретуден жалыққан емес. Мысалы, экспозицияға шығарылатын ақ киізбен қапталған кітап сақтайтын қобдиша бар еді. Оның жиегіне «түйе табан» өрнегін Өзағаның өзі кестелеп, үлгісін көрсетті. Қазақтың әрбір ою-өрнегінің өзіндік сыры бар екенін, қайсысын қай жерде пайдалану керектігін бізге ерінбей түсіндіретін. Тіпті, жіпті қалай ширату, кестені қалай тоқу, сыпырғыны қалай дұрыс ұстау керектігіне дейін айтқанда, соның көбісін білмегенімізге ұялатынбыз. Ол кісінің үйреткенінің бәрі бізге өмірлік сабақ болды.
Мен екі ай бойы Өзбекәлі ағаның жанында жұмыс істеп, оның тағлымын көріп, көп нәрсе үйрендім. Қазір ойласам, сол кезең менің өмірімдегі ең бір елеулі сәттер, ұлағатты мектеп болыпты.
– Музей қай күні ашылды? Ашылу салтанатына қалай дайындалдыңыздар?
– Музей қыркүйектің соңында ашылатын болды. Ашылуға бір күн қалғанда Өзағаң бәрімізді жинап алып, «экскурсоводқа кім лайық?» деп емтихан алды. Арнайы дайындалған бір-екі қызметкер ағаның сұрақтарын ести сала өздерінің шамаларын сезіп, бас тартты. Содан аға маған бұрылып «қане, қызым, сен сөйлеп көрші» деді. Мен кесене тарихы туралы кітаптарды күнделікті оқып жүретінмін. Оның үстіне бір күн бұрын Өзағаның берген түсіндірмесін толық әрі мұқият тыңдап алған едім. Сондықтан сұрақтарына жауап беру маған аса қиын болмады. Білгенімді орысшаға аударып айтып бердім. Мүдірмедім. Сөйтіп, музейдің алғашқы экскурсоводы болып бекітілдім.
Ертесіне Өзбекәлі аға қолында ұлттық ою-өрнек элементтері бар, қызыл матадан заманауи үлгіде тігілген бірнеше көйлек пен тақия алып келді. Экскурсовод киімі екен. Оны арнайы Алматыға тапсырыс беріп тіктіріпті. Әлі есімде, ер адамның костюмі қара түсті барқыт матадан тігілген. Ал, қыздың нымшасына қазақ оюларын жіңішкелеп кестелеп, ерекше талғаммен безендіріпті. Өкінішке қарай, бұл костюмдер сақталмады.
Сонымен, кесене іші адам танымастай жаңарып, жарқырап сала берді. Тіпті, шамдарының өзін ортағасырлық үлгіде жасатып, іліп қойды. Ол шамдар кесене ішін сәулелендіріп, тарихи ғимаратқа ерекше көрік беріп тұрды.
Музей 1978 жылдың 30 қыркүйегінде ашылды. Ашылу салтанатына ірілі-ұсақты басшылар келіп, сөз сөйледі. Бірақ, қызу жұмыс жүріп жатқан кезде олардың бірде-бірі келіп, жағдайымызды сұрамаған еді. Қалалық партия комитеті бар, мәдениет басқармасы бар, ашылуына жарты сағат қалғанда келді ғой. Бұл туралы Өзағаның «Тағдыр тағлымы» кітабында жазылған.
Шынын айтқанда, музей Өзбекәлі ағаның жанқиярлық еңбегінің арқасында ашылды. Алғашқы кезде алты залды ашып, соған лайықтап тақырыптық экспозиция жасады. Кесененің әр бөлмесіне арнайы тақырыппен экспозиция құрудың қаншалықты қиын екенін біз кейін түсіндік.
Өзағаның сол жұмыстың бәрін өзі қадағалап, әрбір бөлшегіне дейін мән бергені әлі күнге таңғалдырады. Мысалы, ол кездерде «Қазандық бөлмесіне» Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен кесененің салыну тарихын баяндайтын экспозицияға қоятын заттай материал тіптен жоқ болатын. Сонда Өзбекәлі аға Алматыдан арнайы суретші-дизайнерлерді алдырып, күні-түні жандарында отырып, небір сызбалар мен қолдан салынған суреттер арқылы планшеттер дайындап, экспозиция құрап шықты. Ал, «Үлкен Ақсарайды» хан сарайы ретінде жасақтадық. Онда Түркістан екі жүз жыл бойы Қазақ хандығының астанасы болғаны, бұл бөлменің хандардың резиденциясы қызметін атқарғаны туралы мағлұматтар берілді.
Кезінде кесенеде сақталып, кейін Алматыдағы Орталық музейдің қорына өтіп кеткен «Қоңырат кілем», «Шұғыла кілемдер» мен алашалардың үлгілерін де Алматыдағы кілем фабрикасында қайта жасатып, көшірмелерін әкелген – Өзбекәлі аға. Ол кілемдер – ғажап қолөнер туындылары. Кезінде елдің бай-болыстары кесенеге тарту еткен XVIII ғасырдың жәдігерлері ғой!
Өзбекәлі аға музей ісінің нағыз маманы еді. Тікелей өзі ашқан музейлері бар, кеңес беріп, бағыт көрсеткендері бар – елдегі жүзге жуық музейде Өзбекәлі Жәнібековтің айқын қолтаңбасы қалған.
Өзағаң маған бірде «қызым, алты залға тақырыптық экспозиция жасалды. Болашақта бұдан да жақсы дамиды, көркейеді. Сол кезде алты залға алты түрлі бағамен билет сатсаңдар болады» деп еді, жарықтық. Осы сөздің өзінен-ақ Өзағаның музейдің келешегін әріден ойлағанын аңғаруға болады.
Музейге кейін де бірнеше рет әрлеу-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай жөндеулердің бірінде әлгі ортағасырлық үлгіде жасалған шамдар алынып тасталса керек. Қайбір жылы сол шамдардың бірін шығарып тастаған жерден алып, жуып-тазалап, символикалық экспонат ретінде қорға өткіздім. Ойлап тұрсам, бұл шамның жасалғанына да елу жылға жуықтап қалыпты.
Бірер жылдан кейін музейдің ашылғанына 50 жыл толмақ. Дегенмен, архив деректеріне қарасақ, оның тарихы одан да әріде жатыр. 1935 жылы мұнда «Музей о атеизме и религий» деген атаумен музей ашылған. Ал, 1963 жылы осыған қатысты қаулы шыққан. Бірақ, ол кездегі шешімдер атеизмді дәріптеу аясында кесенедегі мұраларға иелік ету керек деген мазмұнда болған.
– Музей экспонаттары қалай жабдықталды?
– Өзбекәлі аға экспонаттарды қаулы шыққаннан бастап (1977 ж.) жинастыра бастаған. Ескі діни кітаптар мен жәдігерлерді ел арасынан жинаған. Біз келгенде тек экспозиция жасау жұмыстары жүріп жатты.
– Қожа Ахмет Ясауидің қабіржапқышы туралы да қилы хикая бар. Соны тарқатып айтыңызшы.
– Қабіржапқыш – ортағасырдың теңдессіз керемет, қайталанбас қолөнер туындысы. Оның бетіндегі зер-кестелі өрнектер мен тоқылу, жалпы дайындалу технологиясы әлі күнге дейін толық зерттеліп біткен жоқ. Білуімізше, 1926 жылы осындағы қабіржапқышты біреу Алматыдағы Орталық музейге өткізіп, 25 рубль алған. Бұл туралы актісі бар. (Оны өзім арнайы барып, архивтен іздеп таптым). Кейін 1978 жылы
Өзбекәлі Жәнібеков Алматыдағы Орталық музейдің қоймасынан бір затты іздетеді. Сол кезде қоймада күйе жеп, жарамсыз болып қалған дүниелерді жойғалы жатыр екен. Өзбекәлі аға осы тірліктің үстінен түседі. Бір жәдігер көзіне оттай басылады. Қараса, Ясауидің қабіржапқышы. Үлбіреп тұрған қабіржапқышты Өзағаң аттай қалап, осында алып келеді.
– Қабіржапқыш та тайқазан, шырағдандар секілді Әмір Темірдің кесенеге тартқан сыйлығы екен деген сөз бар. Расында солай ма?
– Қабіржапқышты Әмір Темір сыйлаған деген нақты ғылыми тұжырым жоқ. Бірақ, мамандар оның 14 ғасыр жәдігері екенін анықтап берді. 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдығы тұсында «Қылует» жерасты музейін ашып, сонда қойып, «Ясауидің қабіржапқышы» деп көрсетіп жүрдік. Бірде оған Украинадан келген тарихшы, реставратор (оның ішінде дәлтоқыма бұйымдар бойынша маман) Т.Крупаның көзі түсті. «Мына жәдігерлеріңіз өте құнды дүние ғой, ғылыми талдау жасап көрсек қайтеді» деді. Біз бұл ұсынысқа қуана-қуана келістік. Ол жәдігердің XIV ғасырға тиесілі екенін айғақтап, ғылыми қорытынды жіберді. Ташкенттен Эльвира Гюль деген өнертанушы-ғалымды шақыртып, оның да ғылыми қорытындысын алдық. Ол да «Қабіржапқыш XIV ғасырдың жәдігері. Бірақ, әу баста тұтас емес, бір-біріне ұқсас 2 кестелі дүние болған. Алтын-күміс жіптермен зерлеп жасалған» деп қорытынды берді.
2011 жылы «Түркістан этнографиялық орталығы» деген музей ашылғанын білесіздер. Онда Ясауи залы жабдықталды. Сол залдан Меккедегі хисуадан айнытпай тоқылған зерлі бұйымды көріп, қатты қызықтым. Этнограф-дизайнер Аманжол Найманбаевтан мұны Айжан Әбдубайыт деген зер кестенің шебері жасағанын сұрап білдім. Дереу ол кісіні шақыртып, таныстық. Сөйтіп шеберді мекемеміздің директоры Мәулен Садықбековке ертіп апарып, мән-жайды түсіндірдім.
Жәдігердің жағдайы мәз емес еді. Бір жері атлас матаға, бір тұсы кенепке жапсырылған. Кей тұстарының зерлері айнып кеткен. Соны бір матаға отырғызып, тігіп беруін өтіндік. Біртұтас күйге келгенде ою-өрнектерін дәл келтіріп, көшірмесін жасап беруін сұрадық. Шебер келісті. Көне бұйымның қадірін білетін, оған жауапкершілікпен қарайтын жан екен. Жәдігерді үйіне алып кетуге болмайтындықтан, жұмысты музейде отырып істеуге келісті. Күні-түні жұмыс істеді. Шамамен екі ай уақыт өтіп, жартысына жеткен кезде музейге түскен негізсіз арызға байланысты тексеру басталып кетті. Сөйтіп, қолға алған игі іс аяқталмай қалды. Дегенмен, Айжан кейін өзі демеуші тауып, қабіржапқыштың көшірмесін жасап бітірді. Демеуші азамат жуырда оны музейге сыйға тартты.
Бірақ, көшірменің аты – көшірме ғой. Ал, қабіржапқыштың жартылай ғана реконструкцияланғанына биыл он жылдан асып барады. Құнды жәдігерді сақтап қалу жолындағы жұмыстың аяқсыз қалғанына жаным ауырады. Жуырда қайтадан Айжан шеберге хабарластым. «Әлгі жұмысты аяқтап бересің бе? Біртұтас етіп, зерлерін мықтап жапсырып берші. Үгіліп, құрып барады» дедім. Ол келісім берді.
– Тайқазанның қайтарылуы туралы әңгіме көп. Осы істің басы-қасында сіз де жүрдіңіз ғой, қалай болған еді, айтып беріңізші?
– Иә, бұл туралы алыпқашпа, шындыққа жанаспайтын әңгіме көп. Тайқазанды қайтару мәселесі 54 жылдан кейін мемлекет деңгейінде шешілді. Содан кейін Түркістан қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Балқияевтың тапсырмасымен 1989 жылғы 19 қыркүйекте тайқазан Түркістанға жеткізілді. Оны сол кездегі Түркістан қалалық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы Э.Жорабеков бастаған бір топ қала азаматы алып келді. Бұл – нақты факт.
Бірақ, тайқазанды қайтару туралы алғашқы ниет-тілек сонау 1935 жылда басталғанын мұрағат құжаттарынан көруге болады. Тайқазанмен бірге басқа да тарихи жәдігерлерді өз орындарына қайтару жолында табанды еңбек еткендердің бірі – Өзбекәлі Жәнібеков. Бүгінде оның осы еңбегіне күмән келтіретіндер де жоқ емес. Алайда, Өзағаң ешқашан «мен мынаны жасадым, мен сөйттім-бүйттім» деп өз еңбегін алға тартқан адам емес.
Өздеріңіз білесіздер, тайқазанды қайтару мәселесі 1986-1988 жылдары қайтадан көтерілді. Бұған сол кездегі «қайта құру» саясатының әсері де болған шығар. Бұл іске бей-жай қарамаған зиялылар аз болмады. Олар өз талаптарын хат арқылы білдіріп отырды. Сол хаттардың бірқатары бүгінде музейде сақтаулы.
Музейді 1984-1988 жылдары Ұғылай Жұманова басқарды. Өте білімді, парасатты, жұмысты жақсы ұйымдастыратын кісі еді. Сол кісі ғылыми-зерттеу бөлімінің жұмысын жолға қойып, музейдің алғашқы баспа өнімдерін шығара бастадық. Ол кезде цензура өте қатаң. Баспаға жіберу үшін материал талай «мақұлдаудан» өтетін. Кесенедегі құнды жәдігерлердің суреттерін үлкейтіп, плакаттар мен шағын кітапшалар жасатып, Шымкенттен шығарып жүрдік. Сол плакаттардың екінші бетіне келушілерге, шетелдік туристерге, қала тұрғындарына, студенттер мен мектеп оқушыларына «Тайқазан қайтарылсын!!!» деген сөз жаздырып, қол қойдыратынбыз. Олардың бәрі жинақталды. Ұғылай Мәткәрімқызы Мәдениет министрлігінің тапсырмасымен Ленинградқа бірнеше рет барып, Эрмитаж директоры Б.М.Пиотровскийдің, КСРО Мәдениет министрі В.Г.Захаровтың, КОКП ОК хатшысы А.И.Лукьяновтың қабылдауында болған. Сол сапарларында Қаз КСР Мәдениет министрлігі атынан жазылған хаттар мен халықтың талабын білдіретін сол плакаттарды апарып тапсырған. Жуырда Ұғылай апайдан «сізді Эрмитажға министрлік жіберуші ме еді?» деп сұрадым. Ол кісі: «Әрине, Жәнібеков жұмсайтын. Іссапар мен жол шығынын министрлік көтеретін. Хаттарды өзің апарып қайт деп тапсырма беретін» деді.
Өзім де 1988 жылы тәжірибе алмасу мақсатында Эрмитажға бір аптаға іссапармен бардым. Ұжым атынан директор Ұ.Жұманова қол қойған тайқазанды қайтару туралы қатынас хатты ала барып, Эрмитаж директоры Б.М.Пиотровскийдің қабылдауына кірдім. Ол кісі хатты мұқият оқып шығып, «Қарсы емеспін, арнайы ұсынысты күтіп отырмыз» деген бұрыштама жазып берді. Сол кезде тайқазанның бүлінбей, аман жетуі үшін арнайы қорап дайындалып жатқанын көріп, мәселенің біртіндеп шешіліп келе жатқанын түсіндім.
Мұрағаттан 1935 жылғы маңызды құжат табылды. Онда шығыстанушы И.А.Орбелидің телеграммасы бар. Жеделхатта тайқазанның Түркістандағы кесенеден Ленинградқа уақытша әкетілгені жазылған. Тайқазан Эрмитажға «Иран өнері мен археологиясына» арналған ғылыми конференция аясындағы көрмеге қойылуы үшін жеткізілген. Бұл құжатты Өзағаң іздеткен деп ойлаймын. Жалпы, құнды жәдігер Түркістанға қайта оралды. Бұл істің артында Өзбекәлі Жәнібековтің тұрғаны даусыз.
– Рахия апай, мазмұнды сұхбаттыңыз үшін көп-көп рахмет! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».