«Шілде айынан зерделеу жұмыстары жүргізілді»

Елімізде ҚР Президенті Жарлығына сәйкес, бірінші қыркүйектен азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырудың күзгі науқаны басталды. Мемлекеттік деңгейдегі науқан 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Осы ретте Түркістан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, тәрбие және идеологиялық жұмыстар мәселесіне жетекшілік ететін басқарма бастығы, подполковник Шухрат Кебировпен жолығып, сұхбаттасқан едік. 

– Әуелі облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент ұжымы атқарып жатқан жұмыстар туралы баяндап берсеңіз. 
– Әскеріміздің жеке құрамын толықтыруда Қарулы Күштер мен халықтың арасындағы байланыстың негізі болып саналатын жергілікті әскери басқару органдары қызметкерлері атқарып жатқан жұмыс өте ауқымды. Түркістан облысының жергілікті әскери басқару органдары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, азаматтарды шақыру учаскелеріне тіркеу, оларды мерзімді және келісімшарт бойынша әскери қызметке шақыру жөніндегі міндеттерді, сондай-ақ Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қажеттілігі үшін жұмылдыру дайындығын күшейту іс-шараларын орындайды. Армияны цифрландыру аясында жергілікті әскери басқару органдары көрсететін қызметтердің 93%-ы электрондық форматқа көшірілгенін айта кеткен жөн. Бұл азаматтарға барлық қажетті құжаттарды онлайн-форматта қашықтан алуға мүмкіндік береді. Мысалы, әскери міндеттілер мен әскерге шақырушыларды хабарландыру үдерісін мобильдеу және автоматтандыру мақсатында 1414 қызметі SMS-хабарландыру жібереді. Осы арқылы тиісті әскери міндеттілер мен әскерге шақырушыларды әскери қызметке немесе жиындарға, медициналық куәландыруға, сонымен қатар зерделеу үшін жергілікті әскери басқару органдарына шақыру жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, 2021 жылғы 1 наурыздан бастап әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату мемлекеттік қызмет болып саналатынын және азаматтарға электрондық үкімет порталы арқылы ұсынылатынын атап өту қажет.
– Жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеу мақсатында мектептерде, колледждерде қандай да бір іс-шаралар ұйымдастырылады ма? 
– Облыстың жергілікті әскери басқару органдары, өңірлердегі қоғамдық бірлестіктер мен ардагерлер ұйымдары әскери қызметтің имиджі мен беделін көтеруге бағытталған қоғамдық іс-шараларға қатысып, өскелең ұрпақты патриоттық тұрғыда тәрбиелеу ісіне белсене атсалысып келеді.
– Биыл «Айбын–2026» әскери-патриоттық жарысына қандай дайындықтар жүргізілді? Жалпы, жастардың ынтасы, қызығушылығы қалай?
– Бірінші кезекте, «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны – бұл бірегей іс-шара екенін атап өткен жөн. Оның мақсаты – елдегі жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезім мен ер-азаматқа тән қасиеттерді қалыптастыру. Өңіріміздің жас патриоттары жыл сайын бұл жиыннан жүлделі орындармен оралып жүр. Жуырда «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілері «Айбын» республикалық жастар жиыны аясында кезекті рет жүлделі орындарға ие болып, үздік нәтижелер көрсетті. Биыл 600-ге жуық жасөспірімнің басын қосқан жиын өте тартысты өтті. Барлық өңірден келген ұл-қыздар зияткерлік және шығармашылық байқауларда, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен өткен жарыстарда бақ сынады. Сайыс қорытындысы бойынша облысымыздың «Жас қыран» әскери-патриоттық клубы II орынға ие болды. Бұл жетістікке жету үшін өте ауқымды жұмыстар атқарылды.
Бұған дейін мамыр айында  «Айбын–2026» әскери-патриоттық жастар жиынына іріктеу жарысы Кентау қаласындағы «Үркер» жазғы сауықтыру лагерінде  өткен болатын. Сайысқа облыстың 13 ауданынан және Түркістан, Кентау, Арыс қалаларынан 255 оқушы қатысты. Жиын ережесіне сәйкес облыстан 15 оқушы, яғни 10 ер және 5 қыз бала іріктеліп алынды. 
– Бүгінгі жастардың әскерге баруға деген ынтасы қалай? 
– Болашақ сарбаздарды әскерге шақыру кезінде үгіт-насихат жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылады. «Айбынды жастар – Жаңа Қазақстанның тірегі» атты акция негізінде ерлік сабақтары мен әскерге шығарып салу іс-шаралары ұйымдастырылады. Оған Ауған соғысы ардагерлері мен 
ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері қатысып, олардың ерліктері дәріптеледі.
– Әскери қызметкерлерге жасалып жатқан жағдай көңілдеріңізден шыға ма? 
– Әрине, әскери қызметшілердің жалақысы, әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілуі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсарды. Әскерилер мен олардың отбасыларының жағдайын жасау, оларға пәтер жалдап тұруға берілетін қаржы, «Отбасы банк» арқылы алатын ипотекалық жеңілдіктер қарастырылған.  
– Әскерилерге тағы қандай артықшылықтар берілуі тиіс деп ойлайсыз?
– Әскерилерде 8 сағаттық жұмыс уақыты белгіленбеген, олар 24 сағат бойы қызметтерін атқара береді. Сондықтан нарықтық жағдайға байланысты әскерилердің жалақысы көбейтілсе деген ұсынысым бар.
– Әскери салада қызмет ететін қыз-келіншектерге қандай да бір артықшылықтар қарастырыла ма?
– Қазіргі таңда біршама қыз-келіншектер әскерде ер-азаматтармен бірдей қызмет атқарып жүр. Бүгінде олардың санын көбейту, оларды әскери оқу орындарында оқыту мәселелері қарастырылу үстінде. 
– Биыл облыстан қанша азамат әскерге шақырылады?
– Бүгінгі таңда әскерге күзгі шақыру жұмыстары басталып кетті. Азаматтарды Отан алдындағы борышын өтеуге жіберу жұмыстары толыққанды жүргізіліп жатыр. Науқан басталмас бұрын облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті, басқармалар мен бөлімдері шілде айынан бастап зерделеу жұмыстарын жүргізді. Зерделенген әрбір шақырылушы өзінің денсаулығы, білімі, моральды-психологиялық жағдайына байланысты Қарулы Күштер және басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға іріктелді. Осы күзде облыстан барлығы 2000-нан астам азамат әскерге шақырылуы тиіс. Қазіргі таңда өңірден 1000-ға жуық азамат  Мемлекеттік күзет қызметіне, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен Қарулы Күштердің басқа да әскери бөлімдеріне шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеуге кірісіп кетті. 
– Қарбалас жұмыс арасында уақыт тауып, әңгімелескеніңіз үшін көп-көп рахмет!

Сұхбаттасқан  Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».

  

Пікір қалдырыңыз