Шілдеде су ішпеңіз, шұбат ішіңіз

Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Қазақстанда түйе шаруашылығы бүгінде жоғары технологиялық, экспортқа бағытталған индустрияға айнала бастады.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, елімізде түйе саны жедел өсуде. 2024 жылы елімізде 282 312 түйе болса, былтыр ол 300 128-ге жетті. Қазіргі уақытта еліміз жылына шамамен 18,2 мың тонна түйе сүтін өндіреді және бұл көрсеткіш бойынша әлемде 11-орында тұр.
Соңғы жылдары ресми шұбат өндірісінің статистикасында аздаған өзгерістер байқалады. Бұл шұбаттың азайғанын емес, шикізаттың үлкен бөлігі инновациялық терең өңдеуге (құрғақ ұнтақ жасауға) бағыттала бастағанын көрсетеді.
Бұрын түйе сүті тек шұбат ретінде ашытылып, сақтау мерзімі қысқа (10-15 күн) болғандықтан экспортқа шығарылмайтын. Қазір өңдеу деңгейі мүлдем басқа сатыға көшті. Яғни сублимациялау жолға қойылды.  Елімізде сүтті құрғақ ұнтаққа айналдыратын өндіріс орындары  жұмыс істеп жатыр.
Арыс қаласындағы «KING MILK» ЖШС – түйе сүтін терең өңдеп, құрғақ ұнтақ өндіретін заманауи әрі толық автоматтандырылған кәсіпорын. Жылына 12-15 тонна өнім өндірілетін өндіріс орны  осыдан үш жыл бұрын іске қосылған болатын.
– Түйе сүтіне сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Сүттен йогурт және ірімшік сияқты өнімдер әзірлеп, нарыққа шығару жоспарда бар. Өндірілген табиғи және экологиялық таза өнім негізінен алыс және жақын шетелдерге экспортталады.
Өндіріс процесі халықаралық стандарттарға сай цифрлық техникамен жабдықталған және қатаң санитарлық нормалар сақталады. Біз өнімнің сапасын сақтау үшін ISO стандарты мен HACCP басқару жүйесін негізге аламыз.  Зауыттың іске қосылуы өңірдегі түйе шаруашылығын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және елдің экспорттық әлеуетін нығайтуға үлкен үлес қосуда.
Қазіргі таңда Қытай елімен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Сұраныс осы мемлекеттен көбірек түсуде. Өндірісте 12-15 адам  тұрақты жұмыс істейді. Оның біреуі 1 технолог, екеуі оператор, лаборант, тағы әмбебап жұмысшылар бар, – дейді  ЖШС директоры Алмас Әмірғалиев.
Өндіріс жетекшісінен шикізат көздері туралы сұрағанымызда, ол кісі түйе сүтін Арыс ауданындағы Саналы, Сегізтам, Төрткүл, Қазақстан ауылдарындағы шаруа қожалықтарынан алатындарын, әр шаруашылықпен белгілі бір мерзімге дейін келісімшарт жасалғанын айтып өтті.
Алмас Әмірғалиевтің айтуынша, адамдар түйе сүтінің пайдалы екенін жақсы біледі. «Тұтынушылар көбіне оның табиғи дәмін, жеңіл сіңімділігін және емдік қасиетін бағалайды. Көптеген адамдар түйе сүтін күнделікті тағам рационына пайдалы табиғи өнім ретінде қосады. Әсіресе, балаларға, қарт адамдарға және дұрыс тамақтануға көңіл бөлетін тұтынушылар арасында сұраныс жоғары болып тұр» дейді ол.
Иә, түйе сүтінің құрамы және оның пайдалылығы туралы жағымды пікірлер көп-ақ. Ал, осы өндірісті жолға қоюда, жүргізуде кедергілер немесе қиындықтар бар ма деген сауалымызға да басшының байыпты жауабын ала алдық.
– Қиындықтар соншалықты көп деп айтуға келмейді. Дегенмен, кейде кедергілер туындайтыны рас. Айта кетсек, сусынды алыс жерлерге тасымалдау үшін үздіксіз суық тізбекті сақтау қажет. Бұл тасымал құнын айтарлықтай қымбаттатады. Сонымен қатар, түйе сүтінің көлемі жыл мезгіліне байланысты өзгеріп отырады (қыста сүт азаяды). Жалпы, бұл сүтті жай ғана шөл қандыратын сусын емес, «шипалы өнім» ретінде қарастыру қажет. Яғни оның иммунитетті көтерудегі, қант диабетімен ауыратындарға және ас қорыту мен теріге пайдалы екенін әлемге таныту керек деп ойлаймын. Сонда шығарған өніміміз бүкіл әлем пайдаланатын брендке айналады, – дейді ол. 
Заманауи озық технологиялар мен сапаны қатаң бақылаудың арқасында «King Milk» тұтынушыларды табиғи және пайдалы өніммен қамтамасыз етіп отыр, сол арқылы нарықтағы позицияны нығайтуды жалғастыруда. Осы ретте өндіріс орнының бас технологы Әлия Мадияровамен де тілдескенді жөн көрдік. 
– Әдетте өнімді ұзақ сақтау үшін консерванттар көп пайдаланылады. Ал, біз дайындайтын құрғақ сүтке ештеңе қосылмайды. Таза түйе сүтін аламыз да  өңдейміз. Түйе сүтінің құрамында лизоцим деген табиғи  антибиотик  ферменті бар. Осы фермент ағзадағы бактерияның барлығын жояды. Сондықтан бұл сүт өте пайдалы, былайша айтқанда, дәрі ғой. Сиырдың сүтіне қарағанда түйе сүтінде лизоцим 20 есе көп.  Түйе сүтін өңдегенде осы  фермент өте жоғары температурада жойылып кетуі мүмкін. Біз түйе сүті құрамындағы осы ферментті дәрумендер мен минералдарды барынша сақтап қалуға әрекет етеміз, – дейді Әлия бізбен әңгімесінде.  
Бүгінде «KING MILK» өнімдеріне сұраныс жоғары. Әсіресе, «ARUNA» құрғақ сүті тұтынушылар тарапынан лайықты бағасын алып үлгерген.  
Компания  алдағы уақытта түйе сүтінен дайындалатын өнім түрлерін көбейтуді көздеп отыр. «Қазіргі таңда құрғақ сүт, ашытылған өнімдер және ұзақ сақталатын өнімдер бағыттарын дамытуға ниеттеніп отырмыз. Негізгі мақсатымыз – ұлттық өнімді заманауи технологиялармен біріктіріп, тұтынушыларға сапалы әрі пайдалы өнім ұсыну»  деп алдағы жоспарымен бөліскен кәсіпорын басшысының жұмысына біз де сәттілік тілеп аттандық. 

Пікір қалдырыңыз