Оңтүстіктің бір бренді – жылыжай

Сабырбек Олжабай,
«Оңтүстік Қазақстан».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің екінші форумында: «Ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы» деген тақырыпта сөз сөйлеп, «ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне жалпы ауыл–аймақтарды, яғни бүкіл елді дамыту деп қараған жөн» деп тұжырымдаған болатын. Сонымен қатар, Үкіметке жылыжай шаруашылығын дамытып, экологиялық тұрғыдан таза азық-түлік өнімдерін көбейту туралы тапсырма берген еді. Ендеше, Президент тапсырмасының орындалуы қай деңгейде?

Осы тұрғыдан алғанда, облысымыз  жылыжай шаруашылығын дамытуда еліміздегі ең ірі өңір болып табылатындығын мақтанышпен айта аламыз.  Бүгінде республикадағы жылыжайлардың 72%-ы біздің облыстың үлесінде. Мұны талдап айтар болсақ, 2025 жылы облысымыздағы жылыжайлардың ауданы 75 гектарға ұлғайып, 1715 гектарға жетті. Жалпы, облысымызда  3 366  жылыжай бар. Оның ішінде  62,5 гектар жерге 17 өнеркәсіптік үлгідегі жылыжай орналасқан. Ал, 3 503 фермерлік жылыжай 944,2 гектар аумақты еншілеп отыр.
Былтыр жылыжай шаруашылығынан өнім мол түсті. Атап айтқанда, 150 мың тонна көк-
өніс, оның ішінде 550 тонна банан, 3,2 тонна лимон, 13 мың тонна құлпынай жиналды.  Маусымаралық кезеңде республика халқы қажеттілігінің 45%-ы біздің өңірдің көкөнісімен  қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, жылыжайлардан 85,8 мың тонна көкөніс дақылдары (қызанақ, қияр, болгар бұрышы, пияз, т.б.) алынды. 
Еске сала кетейік, соңғы жылдары энергия, табиғи газ және көмір тарифтерінің көршілес Орталық Азия мемлекеттерімен салыстырғанда жоғары болуы жылыжай шаруашылықтарында өндірілген өнімнің өзіндік құнына әсер етті. Сол себепті жылыжайлардың бәсекеге қабілеттілігі төмендеді. Осы мәселені шешу мақсатында мемлекет тарапынан 2023 жылдан бастап жылыжайларда пайдаланылатын электр энергиясы, газ және көмір шығындарын ішінара субсидиялау тетігі енгізілді. Атап айтқанда, өнеркәсіптік жылыжайлардың әр гектарына 4,8 миллион, ал, фермерлік жылыжайлардың әр гектарына 8,1 миллион теңге көлемінде субсидия төленеді. Жылыжайларды  2023–2026 жылдар аралығында тұрақты қаржыландыру көзделген. Биылғы мемлекеттік қолдау  3,1 миллиард теңгеге жетті. Осының есебінен шаруалар жұмыстарын еселей түсті.  
Бұдан бөлек, жылыжай шаруашылықтарын минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, тұқымдар құнын субсидиялау инвестициялық субсидиялау мен жеңілдетілген несиелендіру шаралары тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдау шаралары жылыжай алқаптарының сақталуына және олардың қысқару қаупінің алдын алуға ықпал етті. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржылық тұрақтылығы күшейіп, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа инвестиция тартуға мүмкіндік берілді.
Сарыағаш ауданының климаты егін шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Сондықтан ауданның басты бренді деп жылыжай кешендерін айтуға болады. Ауданда  кәсіпкерлікті қолдау, сапалы өнім шығару мен экспорттық әлеуетті ұлғайту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Айталық, Бостандық елді мекенінің тұрғыны Тайыр Райымбердиев отыз жылдан астам уақыттан бері ауыл шаруашылығымен айналысады. Бүгінде оның 1,90 гектар жылыжайы бар. Тайыр жылыжайында қызанақ, қияр, салаттық жапырақ, қырыққабат егеді. Жылыжай өнімдері солтүстік облыстар мен Астана, Алматы қалаларына жөнелтіледі. Тайыр былтыр 100 тонна қияр, 40 тонна қызанақ жинаған болатын. Биылғы меже бұдан жоғары.
Қазіргі уақытта облыста өнеркәсіптік жылыжайларды дамыту бойынша құны 534,2 млрд. теңге болатын, 511 гектар алқапты қамтитын 3 жоба («Ecoculture Еurasia» ЖШС, «Gen Group Kazakhstan» ЖШС, «Сымбат Техникасы» ЖШС) жүзеге асырылуда. Жобалар аясында 1 225 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Нәтижесінде жылыжайларда қосымша 102 мың тонна өнім өндіріліп, республика халқы маусымаралық кезеңде 100% жылыжай өнімдерімен қамтамасыз етіледі.
Жылыжай шаруашылығының тиімділігі мен пайдасын білген шаруалар өрістерін кеңейте түсуде. Айталық, Келес ауданындағы «Ecoculture-Eurasia» өнеркәсіптік жылыжай кешені 51 гектар алқаптан жылына орта есеппен 25 мың тонна қызанақ жинай алады. Бұл кешен іске қосылғанда Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі нығайып, облысымыздың агроөнеркәсіптік саласының дамуына үлкен үлес қосылады.  Жылыжай 42 миллиард теңгеге салынып жатыр. Бүгінге дейін 40 гектар аумақтың металл құрылымдары орнатылып, ішкі және сыртқы желілері жүргізілді. Қазандық және қосалқы отын қоймасы дайын. Мұнда сегіз жылыжай блогы болса, соның төртеуі іске қосылған. Ал, жылыжай әкімшілігі мен тұрмыстық кешеннің, сонымен қатар қоймалар кешенінің құрылысы бітуге таяу.
Өндірістік жылыжай кешені  толық іске қосылғанда 800 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Кешен заманауи құрал–жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жұмыс мұнымен тоқтап қалмақ емес, жылыжай аумағы кезең-кезеңімен 500 гектарға дейін ұлғайтылады. Келесі жылы көктемде кешеннің алғашқы өнімдері тұрғындар дастарқанына түседі деп күтілуде. 
Осы жерде айтпай кетуге болмайтын бір мәселе бар. Көктем келді дегенше бізге көршілес мемлекеттерден, атап айтқанда, Өзбекстан, Түркімен-
стан, Иран елдерінен көкөністің бірнеше түрі келіп, базарларымыз бен азық-түлік дүкендерін жаулап алады. Бұл ішкі нарықтағы баға бәсекелестігін айтарлықтай күшейтеді. Қай жылыжайда да өндірістік шығындар шаш-
етектен екені белгілі. Соның салдарынан жергілікті өнімдер сырттан келетін көкөністермен бәсекеге түсе алмай, қызанақ пен қияр төменгі бағамен сатылады. Осы бәсекелестік жылыжай шаруашылықтарының  қаржылық тұрақтылығына теріс әсер етіп, өндіріс көлемінің қысқаруына, инвестициялық белсенділіктің төмендеуіне және жұмыс орындарының азаюына әкеліп соқтырады. Бұл тығырықтан шығу үшін Қазақстанның фермерлік жылыжайлар қауымдастығы  біздің облыс шаруаларымен меморандумға қол қойып, бірқатар келісімдерге келді. Атап айтқанда, сәуір–мамыр айларында жергілікті тұрғындардың көкөніс өнімдеріне деген қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету, ішкі нарықтағы бағаны қолжетімді деңгейде ұстап тұру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша міндеттемелер қабылдады. Отандық өнімдерді көбейтумен қатар оны дер кезінде тұтынушыларға жеткізу бағытында бірлескен жұмыстар жүргізуге дайын екіндіктерін  айтты. 
Әрине, жұмыс мұнымен тәмамдалған жоқ. Отандық тауар өндірушілерді қолдау, ішкі нарықтағы баға тұрақтығын сақтау және жылыжай шаруашылықтарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде Қазақстан Үкіметіне бірқатар ұсыныстар жіберілді. Айталық, сәуір- мамыр айларында жоғарыда аталған мемлекеттерден келетін көкөніс өнімдеріне кедендік баж салығының мөлшерін көтеру, сондай-ақ маусымдық кезеңде көкөніс өнімдерінің импортына сандық шектеу (квота)  енгізу мүмкіндіктері ұсынылып отыр.  Сапалы өз өнімдеріміз сықап тұрғанда өзге елдің тауарларын елімізге өлшеусіз мөлшерде өткізе беруге тыйым салған да дұрыс шығар. Міне, сонда ішкі нарықтағы баға тұрақтылығы қалпына келер. Бұл отандық жылыжай шаруашылығын қолдауға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға оң ықпалын тигізері анық.
Бүгінде өңіріміздің диқандары облыс әкімінің тапсырмасымен жылына бір жерден екі өнім алу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Жылыжай көлемі де жыл сайын ұлғая түсуде. Жергілікті тұрғындар көкөністің қандай түрін болсын, қысы-жазы тұтынатын жағдайға жетті. Бұл өңіріміздің әлеуметтік-тұрмыстық ахуалының күннен-күнге жақсарып келе жатқанын көрсетсе керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында  қазақстандықтардың ертең емес, бүгін бақытты әрі жақсы өмір сүруін басты міндет деп санайтынын үнемі айтып келеді. Халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында жүйелі реформалар қолға алынды. Жақсы өмір сүру дегеніміздің өзі денсаулық пен табыстың қорытынды көрінісі! Бұл тұрғыда бізде денсаулықты нығайтатын құнарлы азық-түлік те, жұмыс та бар. 
Облысымыздағы халық тұрмысын жақсарту жолындағы бастамаларды еске алғанда, міне, осы жәйттер де еске түседі. Қорыта айтқанда, жылыжай шаруашылығының жетістіктері халқымыздың  әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға оң әсер етері сөзсіз. Ендеше, жылыжай шаруашылығы еңбеккерлеріне табыстарыңыз тасқындай берсін деген тілек айтамыз.

1 пікір

  • Мэри Жордан
    Мэри Жордан

    Онлайн криптовалютын хулгайн дараа мөнгөө буцаан авахын тулд яаралтай тусламж авах цөхрөнгөө барсан эрэл хайгуулдаа би дахин дахин хууртагдсан. Байнга асуудаг байсан бүх төлбөр, хураамжийг төлсөн ч гэсэн би хөрөнгө оруулсан 46,000 ам.доллараа, ашгаа ч авч чадаагүй. Хоёр долоо хоногийн дараа би зөв мэдээлэл өгснөөр луйварчны дансанд нэвтэрч, хулгайлагдсан мөнгийг нь буцааж авах боломжтой хакер jbeespyhack-ийн талаарх тоймыг олж харлаа. Би түүнд аль болох хурдан jbeespyhack@gmail.com хаягаар имэйл илгээсэн. Тэр миний мөнгийг луйвраас буцааж авч чадсанд би цочирдсон. 48 цагаас бага хугацаанд тэр надад алдсан мөнгийг минь авахад тусалсан. Түүний хамгийн сайн гүйцэтгэлийг авахын тулд түүнтэй холбогдоно уу. И-мэйл: jbeespyhack@gmail.com

Пікір қалдырыңыз