Төлебиде тың жобалар жүзеге асырылуда
Жуырда Төлеби ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Сапардың мақсаты – ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалармен таныстыру және аймақтың өндірістік әлеуетін көрсету. Тур аясында БАҚ өкілдері Төлеби ауданының әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар нысандарды аралап, олардың жұмысымен танысты.
Алдымен журналистер Сұлтанрабат елді мекеніндегі «AiK.kz» кәсіпорнында болды. Сағатына 2 мың дана жұмыртқа науасын (лотогын) шығаратын нысан биыл пайдалануға берілген. Жобаның жалпы құны – 250 млн. теңге. Қазіргі таңда онда 20 адам тұрақты жұмыс істейді.
Пресс-тур бағдарламасы аясында журналистерге өңірдегі балық шаруашылығын дамытуда алдыңғы қатардан көрініп жүрген «Fish House» ЖШС-нің жұмысы таныстырылды. Киелітас ауылдық округіне қарасты Достық ауылында былтыр шілде айында ашылған кәсіпорын жылына 300 тонна балық және балық өнімдерін саудаға шығарады. Онда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорында балықтың форель, сазан және ақ амур түрлері өсіріледі. Айта кетейік, кәсіпорын былтыр «Қазақстанның ең үздік балық өндірушісі» атанған.
Сапар аудан орталығы Ленгір қаласында орналасқан «Dana» тігін цехында жалғасты. Жеке кәсіпкер Дана Жұмабаева өз қаражаты есебінен ашқан кәсіпорында жылына 150 мың дана жаздық, 90 мың дана қыстық арнайы жұмыс киімдері тігіледі. Еліміздің барлық өңірлерімен әріптестік байланыс орнатқан цех өз өнімдерін көршілес Ресейге де экспорттайды.
Сапар аясында Зертас елді мекенінде салынып жатқан спорт кешенінің құрылысы таныстырылды. Былтыр басталған құрылыс облыстық бюджет есебінен жүргізілуде. Жоспарға сәйкес 2027 жылы пайдалануға берілетін кешенде 45 орынды кіші спорт залы, баскетбол, волейбол және күрес залдары, сондай-ақ заманауи жаттығу залы болады.
БАҚ өкілдері «Азия Милк» шаруа қожалығында болды. Жоба құны 1 млрд теңгені құрайтын фермада жылына 1300-1350 тонна сүт өндіріледі. Жалпы, 40-тан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның алғашқы кезеңі былтыр жылдың соңында пайдалануға беріліп, онда 564 ірі қара болған. Ал, екінші кезеңі биыл іске қосылып, мал басы 636-ға жеткен.
Бағдарлама аясында журналистер аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан «Төлеби баба» музейімен де танысты. Аталған нысанды биыл шілде айында пайдалануға беру жоспарланған. «Төлеби аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен салынып жатқан музейдің жалпы құны 372,2 млн. теңгені құрайды.
Түркістан облыстық
өңірлік коммуникациялар қызметі.