«Димаштың Мадридтегі фанаттары қазақша үйреніп жүр»

Жуырда белгілі дирижер Еркін Нұрымбетов бастаған  шығармашылық ұжым Еуропа төрінде қазақ ұлттық өнерін паш етіп қайтты. Түркістан облыстық мәдениет басқармасына қарасты «Конгресс холл» кешенінің жанынан құрылған «Алқоңыр» фольклорлық ансамблі еуропалық көрерменге қазақтың үздік ән-күйлерін ұсынды. Тұңғыш рет алыс шетелге гастрольдік сапармен шығып, Франция мен Испанияның талғампаз көрермендерін шеберліктерімен тәнті еткен ұжымның жетекшісімен өнер сапары жайлы аз-кем сұхбаттасқан едік. 

– Еркін аға, Еуропа сапары, оның ішінде Франция мен Испанияға гастрольдік сапармен бару мәселесі қалай ұйымдастырылды? Сапарға кімдер қолдау көрсетті?  

– Бұл сапарға Испания корольдігіндегі және Франциядағы Қазақстан елшіліктерінің арнайы шақыруымен бардық. Әрине, 22 адамнан тұратын толық құрамды (15 музыкант, әншілер, жетекшілер мен гид) шетелге апару көп қаражатты талап етеді. Дегенмен, «Конгресс холл» басшылығы бізді қолдады. Сондай- ақ, виза алудан бастап барлық ұйымдастыру жұмыстарына елшіліктер өздері көмектесті. Бұрын Азия елдеріне, Қытайға және еліміздің басқа қалаларына шығып жүргенімізбен, Еуропаға бірінші рет жол түсті. Ыстамбұл арқылы Мадридке, одан Парижге, кейін Швейцарияға өтіп, Түркия арқылы елге оралдық. Осылай бір сапарда 4 мемлекетті қамтыдық. Бұл біздің музыканттар үшін үлкен мектеп әрі тәжірибе болды.  

– Париж бен Мадрид көрермендері біздің ұлттық өнерімізді қалай қабылдады?   

– Мадридте «Алқоңыр» ансамблінің жеке концерті өтті. Кешке Қазақстанның Испаниядағы елшісі Данат Мұсаев пен Мадрид қаласының мэрі арнайы қатысты. Біз ежелгі салтымызбен шаһар басшысының иығына шапан жауып, киелі Түркістан қаласының символы – Тайқазан бейнеленген кәдесыйды табыстадық. Сондай-ақ, Композиторлар одағының мүшесі ретінде өзімнің авторлық жинақтарымды сыйға тарттым.  

Зал көрерменге лық толы болды, ұйымдастыру деңгейі де өте жоғары. Концерттің көрерменге әсерлі болғаны соншалық, әрбір күй мен шығармадан кейін 2 минут бойы тоқтаусыз шапалақ ұрып жатты. Сахна адамы үшін бұдан асқан қолдау жоқ. Бағдарламаға қазақ композиторларының туындыларымен қатар, Испанияға арнайы дайындап, Жорж Бизенің «Кармен» операсынан испан мотивтері бар антрактіні қостық. Өздерінің таныс әуендерін біздің ұлттық аспаптарымызбен орындағанымызды естігенде испандықтар ерекше тебіренді. Сонымен қатар, Мадридте Димаш Құдайбергеннің фанаттарымен кездестік. Егде жастағы бір испандық әйел келіп, бізбен қазақша сөйлескенде таңғалдық. Ол  «біз Димаш арқылы қазақ тілін үйреніп жүрміз» деді. Димаш бауырымыздың арқасында ұлтымыздың тілі мен әні басқа елдерде дәріптеліп жатқаны біздің кеудемізге ерекше мақтаныш сезімін ұялатты әрі ол бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Жергілікті көрермендер концерт біткен соң бізді қимай, суретке түсті. Сондай-ақ, жергілікті қазақтар қауымдастығы да концертке келіп, төл өнерімізді сағынғандарын айтып, көздеріне жас алды. Концерттің финалында бүкіл әншілер мен ансамбль бірігіп, Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған, әріптесіміз  Сауранбек Елеуов ағамыздың «Түркістан» әнін орындадық. Бұл туындыны да көрермен керемет әсермен жылы қабылдады.  

– Шетелдік көрерменге  қазақ мәдениетін таныту үшін репертуарды қалай таңдадыңыздар? Еуропа жұртшылығына ең қатты ұнаған қай туынды болды? 

– Халықаралық фестивальдер мен конкурстарға шығу тәжірибеміз бар болғандықтан, қай елге барсақ та, репертуарға сол ұлттың музыкасынан бір туынды қосуды жөн көреміз. Өз туындыларын өзге ұлттың орындауында есту кімге де болса ұнайды. Мадридте француз композиторы Жорж Бизенің шығармасын ойнасақ, Парижде бүкіл әлемге танымал «Под небом Парижа» туындысын орындадық. Эйфель мұнарасының түбінде, Париждің қақ ортасында бұл әуенді қазақ аспаптарымен орындау – әрбір музыканттың арманы шығар, біз осы арманымызға қол жеткіздік.

Бұл сапарда ансамбльмен қатар солистеріміз де жоғары деңгейде өнер көрсетті. Мәселен, әншіміз Айдос Иманжапаров «Түркістан» әнін шырқаса, сопрано дауысты Инабат Сатыбалды Латиф Хамидидің атақты «Бұлбұлын» нақышына келтіре орындады. Ал, Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің аға оқытушысы, қобызшы Жәмила Нұрымбетова Ықыластың «Жезкиік» күйін ансамбльдің сүйемелдеуімен жеке номер ретінде орындап шықты. Көрерменнің ыстық ықыласы музыканттарға ерекше шабыт сыйлады.  

– Өзіңіз Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Орындаушылық өнер» кафедрасында сабақ бересіз. Осы Франция мен Испания сапарына студенттерді тарттыңыздар ма, әлде құрамда тек кәсіби музыканттар болды ма? Жалпы, ұстаздық пен ансамбльді қатар алып жүру қиын емес пе?  

– Менің шығармашылық жолым Құрманғазы атындағы академиялық оркестрде домбырашы, кейіннен дирижер болудан басталған. Одан кейін Батыс Қазақстан облысында 24 жыл бойы Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі болдым. Сонымен қатар М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры қызметін атқардым. Сондықтан шығармашылық пен ұстаздықты қатар алып жүру маған соншалықты қиын емес. Керісінше, білгеніңді шәкірттеріңе үйретіп, олардың үлкен сахнада, ансамбль құрамында ойнап отырғанын көру – ұстаз үшін үлкен бақыт.  

Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне келгеніме бір жыл болды. Қазірше «Алқоңыр» сияқты кәсіби ансамбль құрамында студенттеріміз жоқ, бірақ олар осында іс-тәжірибеден өтіп жүр. Болашақта оларды кәсіби ұжымға тартамыз. Бұл сапарға университеттің аспаптық орындаушылық кафедрасынан дирижер ретінде мен және қобызшы ретінде Жәмила Нұрымбетова қатысты. 

Қазір университетте «Фольклорлық ансамбль» пәнінен сабақ беремін, алдағы уақытта бұл үйірме үлкен оркестрге ұласады деген жоспар бар. Жоспарымыз факультет әкімшілігі,  кафедра тарапынан қолдау тауып  та жатыр.  Жақында ғана университет ансамбліне ұлттық аспаптардың толық жиынтығы сатып алынды, ұлттық киімдер тігілді. Келесі оқу жылында көрермен осы жаңа аспаптар мен киімдерді сахнадан көретін болады. Бұл студенттер үшін үлкен кәсіби іс-тәжірибе алаңы әрі болашақ сахна шеберлерін дайындау мектебі болмақ.

– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін көп-көп рахмет!  


Сұхбаттасқан  Толғанай АЙГӨЗ,

Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дің 1-курс студенті.

Пікір қалдырыңыз