Балаңызға көңіл бөлесіз бе?
Бала тәрбиесі – ата-анаға жүктелген үлкен жауапкершілік. Перзенттің бойындағы адамгершілік қасиет, білімге деген құштарлық, ұлттық құндылықтарға құрмет ең алдымен отбасыдағы тәрбие арқылы қалыптасады. Осы орайда елге белгілі азаматтардан бала-шаға, немере тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөліп жүргенін сұрап, отбасы құндылығы мен ұрпақ тәрбиесіне қатысты ойларын білген едік.
Жанар ТЕМІРБЕКОВА, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты:
– Рухани құндылықтар біздің отбасымыз үшін өте маңызды. Оны баламызға күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттер арқылы түсіндіруге тырысамыз.
Жолдасым екеуміз бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Есімі – Бибі Сара. Бос уақытымызда қызымызбен бірге серуендейміз, кешкі ас әзірлейміз, видеороликтер түсіреміз, кітап оқимыз. Әкесі қызымен бірге музыкамен айналысады.
Отбасымызбен қонақ шақырып, дастарқан әзірлегенді жақсы көреміз. Әсіресе, студенттерді қонаққа шақырғанда ерекше қуанып, көңіліміз көтеріліп қалады. Бұл да балаға адамдармен араласуды, қонақжайлылықты, үлкенге құрмет көрсетуді үйрететін жақсы дәстүр деп ойлаймын.
Ғани РЫСБЕКОВ, Түркістан қаласының, Сауран және Мақтаарал аудандарының құрметті азаматы, «ЖАҢАРУ» Жалпыұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы» РҚБ Түркістан облыстық филиалының директоры:
– Жұбайым Шынар екеуміз екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмыз. Біз ең алдымен балаларымыздың біліміне көңіл бөлдік. Балаға сапалы білім беру – оның болашақ өмірінің берік іргетасын қалау деп есептеймін. Ол баланың тұлға ретінде қалыптасуына, логикалық ойлау қабілеті мен сыни көзқарасының дамуына, өз бетінше шешім қабылдауына жол ашады.
Балаларымыздың шет тілдерін үйренуге деген қызығушылығы жоғары болды. Бүгінде үлкен қызым Дариға қазақ, орыс, ағылшын, өзбек, кәріс және испан тілдерінде еркін сөйлейді. Жоғары оқу орнын тәмамдап, бүгінде жеке кәсіпкер болып жұмыс істейді. Ұлым Нұрәлі қазақ, орыс, ағылшын және өзбек тілдерін біледі. Мектепті тәмамдаған соң Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласындағы университетке оқуға түсті. Алдағы уақытта білімін сол елде жалғастырады. Кіші қызым Мәлика да қазақ тілімен қатар орыс, өзбек және ағылшын тілдерін меңгеріп келеді. Қазір мектепте оқиды. Бәрінің де алға қойған мақсаттары бар. Алла қаласа, сол армандарына жетеді деп сенемін.
Біз балаларымызбен жиі сөйлесеміз, оларға ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, туған елін, жерін және ұлтын құрметтеудің маңызын үнемі айтып отырамыз.
Әкім ЫСҚАҚ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ордабасы, Сарыағаш және Сайрам аудандарының құрметті азаматы:
– Менің егіз немерем шетелде дүниеге келгенімен, қазір Қазақстанда білім алып жатыр. Өзім қай елде, қай жерде жүрсем де аңсап, сағынып, іздеп тұратын ең үлкен байлығым – немерелерім. Олармен сөйлесіп, әңгімелесу мен үшін өмірдің ең үлкен рахаты.
Кішкентай немерем Аяулым менен «ата, қайда бардың, не көрдің?» деп жиі сұрайды. Өзі ән салады, халықаралық байқаулардың лауреаты атанды. Екінші немерем Зара домбыра тартады. Спортқа да бейімі бар, дзюдомен айналысады.
Балаларым бүгінде есейіп кеткен. Дегенмен, олармен де жиі бас қосып, пікір алмасып отырамыз. Олар өздерінің алға қойған мақсаттары, өмірге деген көзқарастары мен жетістіктері жайында айтып, ақылдасып отырады. Мен перзенттеріммен ашық сөйлесуге тырысамын. Мұндай әңгімелер әке мен баланың арасындағы өзара түсіністікті нығайта түседі.
Талғат ҚАРЖАУОВ, «РОСАЗИЯНЕФТЬ» ЖШС-інің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты:
– Отбасымызда үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Үлкендері мектепте білім алады, ал, кенже қызымыз әзірге үйде.
Балалардың күнделікті тәрбиесімен көбіне жұбайым Баян айналысады. Дегенмен, әке ретінде мен де өмірден түйген тәжірибеммен бөлісіп, ақыл-кеңес беруге, дұрыс бағыт-бағдар көрсетуге әрдайым уақыт табуға тырысамын. Бос уақытымызда балалармен әртүрлі тақырыпта әңгімелесеміз. Көбіне олардың сабағы, мектептегі жетістіктері, достары мен қызығушылықтары жайында сөйлесеміз. Әр баланың арманы әртүрлі әрі ол жас ерекшелігіне қарай өзгеріп отырады. Бірі дәрігер болуды қаласа, енді бірі ұшқыш болуды армандайды. Ұлдарымның бірі құқық қорғау саласында қызмет етуді мақсат тұтса, тағы бірі кәсіпкер болғысы келеді.
Мен үшін ең маңыздысы – балаларымның өз қабілетін танып, жүрек қалауымен мамандық таңдай білуі. Ең бастысы, олардың елге пайдалы, тәрбиелі әрі білімді азамат болып өсуі.
Сауалнаманы жүргізген
Пернебай САПАР, «Оңтүстік Қазақстан».