«YASAWI-STARTUP» – мүмкіндіктер алаңы

Мектептегі буллинг – жасыруға болмайтын, шешімін күтіп тұрған өте күрделі проблема. Осы түйткілді цифрлық технология арқылы шешуге бел буған студент Нұржайна Ыбрайым бүгінде өзінің «AI-Jan» стартабымен көпке үлгі болып жүр. «YASAWI-STARTUP» инкубаторынан қанат қаққан бұл жоба оқушыларға психологиялық қолдау көрсетіп, олардың ашық сөйлесуіне мүмкіндік береді. Назарларыңызға жас зерттеушімен болған сұхбатты ұсынып отырмыз.

– Нұржайна, алдымен жобаның атауына тоқталсаңыз. «AI-Jan» атауы қандай мағына білдіреді?
– Жобамыздың атауы екі бөліктен тұрады: «AI» – ағылшын тіліндегі Artificial Intelligence, яғни жасанды интеллект дегенді білдіреді. Ал, «Jan» – адамның ішкі дүниесі, жаны деген мағынаға ие. Басты мақсатымыз – заманауи технологияның көмегімен баланың жан дүниесіне үңіліп, оған психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету. Сондықтан бұл атауды технология мен адам жанының үйлесімі деп түсінуге болады.
– Бүгінде мектептегі буллинг мәселесі өте өзекті. Бұл тақырыпты таңдауыңызға не себеп болды? Идеяның туындауына жеке тәжірибеңіз әсер етті ме?
– Жобаны әзірлеу барысында қасымда 11-сынып оқушысы Атабек есімді серіктесім болды. Біз қоғамдағы, әсіресе, жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселелерді саралай келе, буллингтің зардабы орасан екенін түсіндік. Буллингке ұшыраған балалар көбіне тұйықталып, өзін жалғыз сезінеді және психологиялық көмекке мұқтаж болады. Олардың ашық сөйлесуіне көмектесу үшін анонимді хабарлама қалдыру функциясын енгізуді жөн көрдік. Бұл – баланың қауіпсіздігі мен құпиялылығын сақтай отырып, оған көмек қолын созудың тиімді жолы.
– «YASAWI-STARTUP» орталығы жобаның дамуына қандай үлес қосты?
– Біз орталыққа тек бастапқы идеямен келген едік. «YASAWI-STARTUP» сол ойымыздың нақты жобаға айналуына үлкен ықпал етті. Мұнда бізге жобаны инвесторларға, жергілікті атқарушы органдарға таныстыру, форумдарда сөз сөйлеу және стартапты нарыққа шығарудың жолдары көрсетілді.
– Бүгінде жобаның нақты нәтижелері бар ма? Сайт арқылы келіп түскен хабарламалар қалай қаралады?
– Қазіргі таңда жобамыз алғашқы нәтижелерін бере бастады. Сайт арқылы буллингке қатысты хабарламалар түсіп жатыр және олар тиісті деңгейде қаралуда. Түркістан қалалық әкімдігімен, құзырлы департаменттермен келісім орнатқандықтан, әрбір ақпарат мұқият тексеріледі. Веб-сайтқа түскен хабарлама алдымен коммерциялық офис мамандарына жолданады. Оның шынайылығы анықталған соң, мәселені шешу үшін тиісті органдарға жіберіледі. Біз үшін оқушының қауіпсіздігі – басты орында.
– Түркістан мектептеріндегі пилоттық жобаның барысы қалай? Оқушылар мен ұстаздар бұл бастаманы қалай қабылдады?
– Иә, біз әр мектепке барып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Облыстық прокуратура және облыстық білім басқармасымен ресми келісіміміз бар. Осы келісім аясында мектептерге барып, жобаны таныстыруға және жүйені орнатуға мүмкіндік алдық. Оқушылар тарапынан қызығушылық өте жоғары.
– Қазақстанда осыған ұқсас жобалар бар ма? «AI-Jan» жүйесінің ерекшелігі неде?
– Елімізде психологиялық көмек көрсететін платформалар бар, алайда, олардың бағыты өзгешелеу. Біздің жобаның басты ерекшелігі – буллингпен қатар, жемқорлыққа қатысты анонимді шағым қалдыру мүмкіндігінің болуы. Сонымен қатар, жақында тағы бір жаңа функция енгіздік. Оқушылар сайт арқылы кәсіби бағдарлау тестінен өтіп, өзіне сәйкес мамандық пен жоғары оқу орнын анықтай алады. Яғни «AI-Jan» тек қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен бірге баланың болашағына кешенді бағыт-бағдар берді.
– Сұхбат соңында өзіңіз сияқты жас зерттеушілер мен студенттерге қандай кеңес берер едіңіз?
– «YASAWI-STARTUP» – үлкен мүмкіндіктер алаңы. Жас зерттеушілерге айтарым, өз идеяларыңызға сеніңіздер және ерекше ойлаудан қорықпаңыздар. Егер мақсатыңыз айқын болса, қолдау көрсететін жандар міндетті түрде табылады. Ең бастысы, алға ұмтылу.

 Сұхбаттасқан 
Аружан БИСЕЙІТ, 
 Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің 1-курс студенті.

2 пікір

  • Ainur Mamat
    Ainur Mamat

    Тың мәліметпен бөліскен Аружанның қаламы ұштала берсін!

  • Korkem A.
    Korkem A.

    Өзекті мәселелердің бірін көтерген өте күшті мақала екен!

Пікір қалдырыңыз