Сайрамда банан өседі!

Қайсар Шерім, «Оңтүстік Қазақстан».
Сайрамдықтар банан өсіруге кәдімгідей бейімделіп алды. «Gen group Kazakstan» ЖШС-нің басқарушы директоры Ислам Әлиевтің айтуынша, биыл олар үш мәрте өнім жинамақ.
«Банан негізінен Африка мен Түркия елдерінде өседі. Оны елімізге жерсіндіру үшін көп жұмыс атқардық. Бес гектар жерге тонналап көң төсеп, жерді тегістеп, көшет отырғызуға дайындадық. Банан көшеттерін Түркиядан әкелдік» дейді кәсіпкер.
Бүгінде бес гектар жерде 9400 түп банан ағашы өсіп тұр. Оның бір сабағынан 40-50 келіге дейін жеміс алынады. Бүгінде Шымкент қаласы тұрғындарының 20 пайызы сайрамдық бананды сатып алады екен.
«Алдағы уақытта тағы екі жүз гектар жерге жылыжай салып, егіс көлемін ұлғайту жоспарымызда бар. Осы мақсатымыз орындалса, еліміздің өзге өңірлерін де бананмен қамтамасыз етеміз» дейді Ислам Әлиев.
Бүгінде аталмыш жылыжайда он бес адам тұрақты жұмыс істейді.
Бір айта кетерлігі, жылыжайды қызықтап келушілердің де қатары мол. Сол үшін бұл жерді аудандағы «экологиялық туристік орталық» деуге де болатындай. Тіпті жылыжай қожайындарының «банан бауына» бір-екі маймыл жіберген кездері де болған.
«Бүлдіршіндердің «қай жерде банан өсіп тұрса, сол жерде маймыл болады» деп ойлайтыны анық қой. Сол үшін жылыжайдың ішінде маймыл асыраған кезіміз де болды» дейді Ислам. Сайрамдағы банан бауын көруге жергілікті бүлдіршіндер ғана емес, тіпті, шетелдік туристер де келіп тұрады екен.