Тапшылық толық жойылады

Сайрам ауданындағы қуаты 1000 МВт болатын бу-газ қондырғысының іргетасы өткен жылы көктемде қаланған болатын. «Түркістан БГҚ» ЖШС-нің маневрлік генерациялау режимі бар бу-газ қондырғысы базасында электр стансасының құрылысын жүзеге асыруға 700 млрд. теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Бірегей жоба тек Түркістан өңірінде ғана емес, жалпы еліміздегі электр энергиясы тапшылығын шешуге де мүмкіндік береді. Жобаны облыс әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесіп жүзеге асыруда. Бас мердігер – Оңтүстік Кореяның «Doosan ENTERBILITY CО LTD» және «Bazis Construction» ЖШС консорциумы. 

Облыс тарихындағы ең ірі жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары аясында жүзеге асуда. Мамандардың айтуынша, маңызды жоба жүзеге асқанда өңірімізде энергия тапшылығы толық шешіледі. Сонымен қатар, бу-газ қондырғысы ірі кәсіпорындар мен өндірісті де қарқынды дамытуға мүмкіндік береді.
Бүгінде облысқа қажетті электр қуаты 320 МВт болса, аталған жоба арқылы қажеттіліктен үш есе артық электр қуаты өндірілмек. Осы арқылы өңір энергия тапшылығын шешіп қана қоймай, өзге аймақтарды да қамтамасыз ете алады. Жаңа бу-газ электр стансасының ерекшелігі – қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ. Оның негізгі жабдықтары Германия, Италия, Чехия елдерінен әкелінеді. Стансаның құрылысы былтыр басталды. Үш жыл ішінде, яғни 2026 жылы толық іске қосу жоспарлануда.
ТМД елдерінде теңдесі жоқ электр стансасының құрылысы үшін Сайрам ауданынан арнайы 60 гектар жер бөлінген. Құрылыс жұмысы кезінде 2000-нан астам уақытша жұмыс орны ашылса, қондырғы толық іске қосылғанда 370-ке жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. 
Айта кетейік, бу-газ турбиналы қондырғылы электростансаның артықшылығы – аз су жұмсалып, көп электр қуатын өндіреді. Қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Темір жол арқылы отын тасымалдауды қажет етпейді. Бұл электр желілері мен электр энергиясын тасымалдау құнын төмендетеді.      
Бүгінде аталған аумақтағы құрылыс жұмыстары қарқынды. «Түркістан» БГҚ» ЖШС басшылығының  мәліметінше, инфрақұрылым  тарту, газ, электр желілерімен қамту жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Бетондау жұмыстары 70 пайыз орындалған. Шетелдік мамандармен бірлескен мұндай жұмыс қазақстандық инженерлердің, жобалаушылардың, құрылысшылар мен энергетиктердің тәжірибесін шыңдайды.                                    
Пікір қалдырыңыз