«Бұл – бір реттік акция емес!»

«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Сайрам ауданында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Топырағы құнарлы, жайылымы шұрайлы аймақтың халқы да еңбекқор. Ежелден жер еміп өскен диқан қауым бау-бақша дақылдарының түр-түрін өсіруге машықтанған. Мал бордақылаудан да сайрамдықтар алдарына жан салмайды. Бір сөзбен айтқанда, аудан халқының тірлігі мен бірлігіне көңіл толады.
Тәртіптің түп қазығы – тазалық, жинақылық. Береке осыдан басталады. Аудан әкімі Арман Сәбитовтің сәуір айының екінші онкүндігінде тұрғындарға арнаған үндеуі көпшілік арасында үлкен серпіліс тудырды.
Әкім сол Үндеуінде «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті болуы тұрғындардың жанашырлығына байланысты. Әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы – тұтас ауыл мен ауданның айнасы. Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқаға емес, өзімізге керек» деген-ді. Сондықтан, бұл бір реттік акция емес, тұрақты жалғасатын дәстүрге айналуы керек» деп жұртшылықты игілікті істерге жұмылдырды.
Бастама жүзеге асуымен құнды. Осыдан кейін Сайрам ауданының барлық елді мекендерінде абаттандыру жұмыстары, санитарлық-тазалық сенбіліктері тұрақты түрде ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ауданда 130 рет санитарлық тазалық күні өтті. Сауап іске барлығы 140 мыңнан астам адам қатысып, 1400-ге жуық техника тартылды. «Көп түкірсе – көл» деген. Жер-жерде қолға алынған игілікті шаралардың нәтижесінде аудан бойынша 6 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Елді мекендерді көркейту мен көгалдандыру мақсатында 70 мың түпке жуық көшет отырғызылды. Акция күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.
Әрине, «бес саусақ бірдей емес». Өкінішке қарай, ел арасында тазалық мәселесіне немқұрайды қарайтын, ережені елемейтін, коммуналдық сала жұмысшыларының еңбегін бағаламайтын азаматтардың кездесіп қалатыны құпия емес. Саябақтар мен көшелерде, басқа да қоғамдық орындарда жекелеген тұрғындар қоқысты бей-берекет тастаудан тыйылмай тұр. Мұндай жауапсыз адамдардың күнделікті тазалық жұмыстарын жүргізетін қызметкерлердің еңбегін – еш, тұзын сор ететіні қынжылтады. Оларға айыппұл салып, жөнге шақырмаса болмайды. Сондықтан тазалықты сақтамай, заңсыз әрекеттерімен қоғамдық тәртіпті бұзған 3 мыңға жуық азамат жауапкершілікке тартылды.
Ауданда өткізілген ауқымды сенбіліктер тек тазалық емес, болашақ ұрпаққа экологиялық сауатты қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды бастама деп айтуға болады.