Вокзалыңа қарап, барша еліңе баға береді

Сайрамдықтар аудан әкімі Арман Сәбитовті кабинетте көп отырмайтын басшының санатына қосады. Ол аймақтағы нысандарды аралауды дағдыға айналдырған. Күрмеуі қиын, тез шешілуі тиіс мәселелерді тұрғындармен бірге талқылайды, 17 ауылдық округке қарайтын елді мекендердің проблемалары мен өзекті мәселелерін жақсы біледі. 

Темір жол стансасы – ауданның төлқұжаты. Пойыздан түскен жолаушылар алдымен вокзалыңа қарайды, соған қарап, елге баға береді. Оның қасбетін, архитектуралық дизайнын тамашалайды. Қызмет көрсету сервисі қызықтырады. 

Таяуда Арман Сәбитұлы Манкент теміржол стансасындағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Аудан әкімі нысан басында мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуына айрықша назар аударды. Станса аумағы мен ішкі инфрақұрылымның жай-күйін бақылады. Мердігерге бірқатар тапсырмалар берді.

Аудан әкімі станса құрылысының тұрғындар үшін қолайлы, заманауи талаптарға сай болуы керектігін айтып, халық игілігіне қызмет ететін нысанның ыңғайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс екенін баса айтты. Соңғы үлгі бойынша жаңартылып жатқан темір жол бекеті алдағы уақытта өзінің жаңа келбетімен аудан көркін аша түсетін болады. 


Ауыз су мәселесі – басты назарда

Қарабұлақ – аудандағы ең үлкен елді мекендердің бірі. Мұнда ауыз су мәселесі өте күрделі.  Қарабұлақтағы ауыз су жүйесінің құрылыс барысы аудан әкімінің жіті бақылауында. Жақында Арман Сәбитұлы нысан басында болып, мұнда атқарылып жатқан жұмыстың жайымен танысты. Тиісті бөлім басшыларымен және мердігер мекеме – «Алтын Констракшн» ЖШС өкілдерімен бірге нысанды аралап, жобаның талапқа сай орындалуын қадағалады. 

Қазіргі таңда су көздері қазылып, олардың алтауы қоршалған. Сонымен қатар, 1900 текшеыметрлік су резервуарының құрылысы жүргізілуде. Егер бұл маңызды нысандар кестеге сәйкес белгіленген мерзімде пайдалануға берілсе, зәру мәселе шешімін табатыны сөзсіз. 

Расында да ел игілігіне бағытталған бұл бастама – тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға арналған маңызды қадам. Инфрақұрым нысандары халықтың әл-ауқатын ғана жақсартып қоймай, ауылдағы кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті, отандық өндірісті дамытуға да даңғыл жол ашады. 


«Көгілдір отынға» мұқтаждық болмайды

Сайрам ауданын «көгілдір отынмен» қамту ісі қарқын алып келеді.  Өткен аптада аудан әкімі Қарабұлақ ауылдық округінде жүргізіліп жатқан табиғи газ жүйесінің құрылыс барысымен танысты. Тиісті бөлім басшыларымен бірге атқарылып жатқан жұмыстың сапасына назар аударып, оны уақтылы әрі талапқа сай аяқтап шығуды тапсырды. 

Иә, ауылдарға газ құбырларын тарту тұрғындарды қуанышқа бөлеп қана қоймайды, олардың тұрмыс сапасын да арттырып, инфрақұрылымды жақсартады.             

Пікір қалдырыңыз