Өзімбілермендіктің соңы – босқа шығындану

Сайрам – Түркістан облысындағы ең үлкен аудандардың бірі. Солтүстігінде Бәйдібек, батысында Ордабасы, шығысында Түлкібас, оңтүстігінде Төлеби аудандарымен және оңтүстік шығысында Шымкент қаласымен шектесіп жатыр. Аудан территориясының шығысында Машат, орталығында Ақсу, солтүстігінде Арыс өзендері ағып жатыр. Аталған аймақта халық тығыз орналасқан. 2023 жылғы санақ бойынша аудан тұрғындарының саны 232 мыңға жуық. 

 Ауданда құрылыс қызу жүруде. Алайда, олардың бәрінің құжаттары қанттай, сәулеттік жобаларға сәйкес деуге келмейді. Арасында заң талаптарын бұза отырып салынғандары да аз емес. 

Шілде айының басында  Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтің төрағалығымен өткен жиын осы дәл осы мәселеге арналды. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің мәліметіне сәйкес, бірқатар ғимараттардың рұқсатсыз салынғаны, жер телімдерінің нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай отырғаны және қызыл сызыққа орналасқан нысандардың бар екені анықталды. Жаман әдет жұққыш келеді. Мұндай заңсыздықтардың алдын алып, дер кезінде тиісті шара көрілмесе, келеңсіздіктердің белең алуы бек мүмкін. 

Басқосу барысында оларды заңдастыру немесе құрылысын тоқтату бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен қабылданып жатқан шаралар баяндалды. Аудан басшысы құрылыс саласындағы тәртіп пен заңдылықты сақтау ортақ жауапкершілік екенін орынды атап өтті.  Сонымен қатар, осы бағыттағы жұмысты күшейту үшін түсіндіру, ескерту және әкімшілік шараларды уақтылы қолданумен қатар, уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл тетіктерін нығайтуды тапсырды. 

Сәйкесінше, жауапты бөлімдер мен ауылдық округтер әкімдеріне нақты міндеттер жүктеліп, барлық құрылыс нысандарын бақылау тұрақты түрде жүргізілетін болды. Қысқасы, Сайрам ауданындағы сәулеттік бас жоспарға сәйкес келмейтін кез-келген заңсыз құрылыс қатаң бақылауға алынады. Сондықтан тұрғындарға тиісті құжатсыз құрылыс жүргізуге тиым салынбақ. Оларға заң талаптарын мұқият сақтауға, босқа шығынданбауға кеңес берілді.

Иә, «Келісіп пішкен тон келте болмайды». Осыны ұғынатын кез келді, ағайын!             

Пікір қалдырыңыз