Бас қаладағы ең танымал орындар

Жыл сайын 6 шілдеде еліміз Астана күнін тойлайды. Мереке және демалыс күндері елордалықтар мен қала қонақтары шаһардың ең танымал орындарында уақыттарын мазмұнды әрі тиімді өткізеді.  БАҚ kz-тің дерегінше, соның алғашқысы...

Бәйтерек

Астананың символы атанып кеткен «Бәйтерек» монументі жайлы білмейтін жан жоқ шығар. Монументтің биіктігі 97 метр. Бұл сан кездейсоқ емес, өйткені, 1997 жылы Қазақстанның бас қаласы Алматыдан Астанаға ауысқан болатын. «Бәйтерек» бейбіт өмір мен келісімге ұмтылған барлық қазақстандықтың ғұмырлық мұратын білдіреді.
«Бәйтерек» нысаны үш бөліктен тұрады – жер асты бөлігі ұлттың тамыр жаюы, ал, одан кейінгілері өркендеу кезеңдерінің нышандарын білдіреді. Ең жоғарғы жағында «Аялы алақан» композициясы бар. Оған қол табы тигенде шиыршық түрінде жарық ағып түсіп, сәуле алақанға құйылады және Қазақстанның мемлекеттік Әнұраны ойналады. Одан әрі қосымша түріндегі композиция өз негізінен бөлініп, жер бетіне қалықтап тұрғандай әсерге бөлейді. Ұшар басында алтын шар орналасқан.
Қазіргі күні «Бәйтерек» халық көп баратын елорданың әсем ғимараттарының біріне айналып үлгерді.

Ақорда

Ақорда резиденциясы – Қазақстан Президентінің резиденциясы.
Резиденция құрылысы 2001 жылы басталып, ресми тұсаукесері 2004 жылы 24 желтоқсанда өтті. Ғимараттың жалпы ауданы – 36 720 шаршы метр. Ғимарат құрылыстағы ең соңғы заманауи әдістер мен озық инженерлік құрылғыларды қолдану арқылы монолиттік бетоннан тұрғызылды. Ғимараттың үшкір төбесімен қоса алғандағы биіктігі – 86 метр. Ғимарат жер үстіндегі бес қабатты және жер астындағы екі қабатты үйден тұрады. Бірінші қабаттың биіктігі 12 метрге тең.
Ақорданың ішкі сәулеті мен безендірілуі Қазақстанның заманауи мемлекеттік стилін көрсетеді. Бұл стильдің негізі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қаланған және бүгін де өзінің негізгі бағыттары – мемлекеттік символикада, билік белгілерінде, ресми униформаның пішімінде, ұлттық валютада сақталған. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақорда» резиденциясы біздің еліміздің ең маңызды және танымал символдарының бірі мәртебесін иеленген.

«Хан Шатыр»

«Хан Шатыр» сауда-ойын орталығын Қазақстан астанасының және тұтастай алғанда еліміздің ең көрікті жерлерінің бірі деп атауға болады.
Норман Фостердің қиялынан шыққан сәулет ғажайыбы Орта Азиядағы баламасыз, әрі ең ірі архитектуралық жоба.
«Хан Шатыр» СОО – бір шатырдың астында әлем деңгейіндегі ойын-сауық және сауда-саттықты біріктірген, өмір салтын қалыптастырушы орталық. 2010 жылы 6 шілде күні ашылған бұл ғимарат Қазақстан астанасының 12-ші туған күнімен тұспа-тұс келген. Хан Шатырдың биіктігі – 150 метр және жалпы ауданы 127 мың шаршы метр болатын мөлдір шатыр, ол 6 қабаттан тұрады.
Жыл сайын «Хан Шатыр» жұлдыздардың концерттеріне бірнеше мыңдаған адам жинайды, танымал адамдармен танысуға мүмкіндік береді. Күмбездің астында кинофестивальдер, әлемдік концерттер, көрмелер өтеді. Сауда орталығының сахнасын әншілер, бишілер және тағы да басқа көптеген өнер адамдары және әр демалыс сайын балалар іс-шаралары мен ойын-сауық бағдарламаларымен толтырады.

Бас мешіт

2022 жылы елордада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылды. Мешіт орналасқан жер учаскесінің алаңы – 10 гектар. Оның жалпы алаңы – 68 062 шаршы метр. Үлкен күмбездің биіктігі – 83,2 метр, диаметрі – 62 метр. Мешіттің төрт мұнарасы бар. Оның биіктігі – 130 метр.
Сонымен қатар, мешіттің жерасты қабатында 440 орынды банкет залы, 405 орынды жабық паркинг, вестибюль, дәретхана, техникалық, ритуалдық қызмет көрсету орындары, құрбан шалу орны және басқа да бөлмелер орналасқан.
Бірінші және екінші қабаттарда намаз оқитын орыннан бөлек сыныптар, конференц-зал, неке қию залы, Құран оқитын бөлме, телестудия, кеңселер, қызметтік бөлмелер, дүкендер, мұражай және техникалық бөлмелер бар.
Мешіттің жалпы сыйымдылығы 235 мың адамға лайықталған, яғни бір мезетте осынша адамның сапта тұрып намаз оқуға мүмкіндігі бар. Ашық алаңда шамамен 200 мың адам бір мезетте құлшылық жасай алады. Мешіт ішінде 35 мың адам, яғни ерлерге арналған орында 30 мың адам, әйелдерге арналған орында 5 мың адам намаз оқи алады.
Мешіттің сыйымдылығы бойынша Астана қаласындағы республикалық Бас мешіт әлемдегі ең үлкен 10 мешіттің қатарына енді.

ЭКСПО – «Нұр Әлем»

Елімізде 2017 жылы EXPO-2017 халықаралық көрмесі өткен болатын.
«EXPO – 2017» көрмесінің қайталанбас нысаны – еліміздегі болашақ энергияның тұңғыш технологиялық мұражайын ұсынатын «Нұр Әлем» сферасы. 
Мұражай сегіз қабаттан тұрады, олардың әрқайсысына жекелеген тұжырымдамалық идея тән: «Күн энергиясы», «Жел энергиясы», «Ғарыш энергиясы», «Биомасса энергиясы», «Су энергиясы», «Кинетикалық энергия», «Ұлттық павильон» және «Болашақ Астана». Мұражайдың жоғары қабатында Астанада алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар ұсынылады. Оған қоса мұражай аумағында жиі-жиі түрлі презентациялар өткізіледі. «Ғарыш энергиясының» планетарийі де ерекше. Балалар «Биомассалар энергиясы» қабатындағы тәжірибелерді қызықтап, шат-шадыман күйге түсіп жатады. «Нұр Әлем» ең заманауи технологиямен жабдықталған және ол баланы да, ересек адамды да немқұрайлы қалдырмайтын көптеген қызықты және танымдық дүниені қамтиды.

 Дайындаған 
С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз