Түйінді мәселелер талқыланды

Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Облыстық мәслихаттың кезекті жиыны аймақ дамуының басты бағыттарын айқындады.
Түркістанда сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті он жетінші сессиясы өтті. Қоғамдық маңызы зор жиында Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен даму бағыттарына қатысты 21 өзекті мәселе қаралып, бірқатар шешімдер қабылданды.

Сессия жұмысына облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, аудандық және қалалық мәслихаттардың төрағалары, облыстық басқармалардың басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері қатысты. Алқалы отырысты облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді. Негізгі баяндамалар өзекті салалар бойынша жасалды. Күн тәртібінде тұрған 21 мәселе аясында бірқатар басқарма басшыларының есебі тыңдалды. 
Кәсіпкерлік саласындағы есеп барысында депутаттар тарапынан сын-ескертпелер мен нақты ұсыныстар айтылды. Көтерілген мәселелер қатарында табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарт міндеттемелерін орындауы және саланың ашықтығы мен тиімділігі сияқты тақырыптар болды.
Сессия барысында депутаттар да өздерінің көкейінде жүрген ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Мәселен, депутат Д.Әбіш ономастика саласындағы түйткілдерді көтерсе, Жетісай ауданынан сайланған депутат Т.Қаржауов елді мекендерге жаңа Мәдениет үйлерін салу туралы мәселені ортаға салды. Мұнан бөлек, сессияда жергілікті өзін-өзі басқару, бюджеттік жоспарлау, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығындағы мәселелерді шешу сияқты негізгі бағыттар жан-жақты талқыланды.
Сессия соңында сөз алған облыс әкімі Нұралхан Көшеров жиын барысында қабылданған шешімдердің Түркістан облысының болашақтағы әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ, халық қалаулыларының өңірдің өзекті мәселелеріне бейжай қарамай, белсенді пікір білдіруін жоғары бағалап, олардың ұсыныстары ескерілетінін атап өтті.
Пікір қалдырыңыз