Бесаспап

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Оңтүстік Қазақстан».


Бәйдібек аудандық орталық ауруханасында жұмыс істейтін жас маман Нұғман Әбілқайыровтың әңгімелері мен өз мамандығына қатысты айтқан пікірлерін тыңдай отырып, нағыз дәрігерге тән көзқарасы қалыптасып келе жатқанын байқадық. Сөзіне ісі сай азамат үнемі ізденіс үстінде жүретінін аңғартты.

Нұғман Бақытжанұлы 1993 жылдың 13 қыркүйегінде Бәйдібек ауданына қарасты Таңатар ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы Т.Қазақбаев атындағы мектепті алтын белгімен бітірген соң, өзінің бала кезден арманы болған медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орнына құжат тапсырады. Халықаралық қазақ-түрік университетін 2019 жылы жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы бойынша бітірген ол алғашқы еңбек жолын Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөлімінде терапевт дәрігер болып бастайды. 

Коронавирус індеті белең алып, әлемді дүрліктіріп жатқанда  жас дәрігер басқа да әріптестері сияқты ол індеттен адамдарды аман алып қалу үшін білек сыбана іске кіріседі. Үлкен-кіші демей тәжтажалдың тырнағына ілініп жатқан адамдардың өміріне араша түсу үшін медицина саласының қызметкерлеріне қосымша білім алуға мүмкіндік жасалды сол кезде. Емдеу мекемелерінде инфекционист және реаниматолог мамандар тапшы болып, икемі бар, қабілеті жоғары жастарды онлайн оқыту қолға алынды. Сол мүмкіндікті пайдаланған Нұғман Әбілқайыров жұмыстан тыс уақытта «Санат» кәсіби дамыту орталығында білімін жетілдіріп, реаниматолог мамандығын меңгеріп шықты. «Ковид кезінде қаны қоюланып, бірінен соң бірі ажал құшып жатқан адамдар көп болды. Халық арасында инсульт, инфаркт аурулары жиі тіркеле бастады. Оларға араша түсу үшін тағы да қосымша білім алуға тура келді. 2020-2022 жылы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына резидентураға түсіп, невролог мамандығын алып шықтым. Арасында уақыт тауып рефлексотерапия оқыдым. Қазір алтын инемен адам  емдеуді де жақсы білемін» дейді ол.

Үш жылдан бері Бәйдібек аудандық орталық ауруханасында жұмыс істеп жүрген оны ауылдастары мақтан тұтады. Жас маманның үлкен қалаларға кетіп қалмай, ауылға келіп жұмыс істеп жүргеніне ризашылығын  білдіреді.  Нұғман  Бақытжанұлы да өзін тәрбиелеп, оқытқан, жоғары білім алуына жағдай жасаған ауылына қызмет етуді перзенттік парызы санайды. «Бос уақытымда футбол тамашалағанды ұнатамын. Аты әлемге әйгілі футболшы Пеле туралы деректі фильм көргенімде ол өзінің бұл өмірдегі миссиясы доп тебу арқылы туған елінің атын шығару екенін айтты. Осы сөзден ерекше әсер алдым. Бұл мені терең ойға жетеледі. Доп тебу арқылы да елге қызмет етуге, елді әлемге танытуға болады ғой. Ал, мен еліме қандай қызмет сіңіремін? Яғни менің ел  алдындағы миссиям не деген сұрақтар мазалай бастады. Өз міндетімді мықты дәрігер болу арқылы еліміздің медицина саласына қызмет ету, адамдардың денсаулығы жақсы болуы үшін тер төгу деп түсіндім. Адам емдеуді тек дәрі беру, ине егу деп түсінбеуіміз керек. Адамдарға денсаулығын күтуді, ауырмаудың жолын іздеуді үйретудің маңызы зор. Қазіргі технологияны тиімді пайдаланып, әлеуметтік желі арқылы да адамдарға тегін кеңес беремін. Баспасөз арқылы да білгендерімді бөлісіп, денсаулықты күтудің жолдарын түсіндіріп жүрмін. Қай мезгілде қандай аурудан сақ болу керек екенін айта жүрудің де пайдасы мол» дейді ол. Бір сөзбен айтқанда, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді ұстанатын дәрігер емделушілерге де үнемі осыны айта жүреді.  

Иә, «Аурудың жанына араша болу – адам ретіндегі де, дәрігер ретіндегі де борышым» деп түсінетін Нұғман Бақытжанұлы сияқты өз мамандығын шексіз сүйетін жандар көп болса, еліміздің медицина саласы да заман талабына сай жақсара түсетініне сенеміз. 

Пікір қалдырыңыз