Ерлік шежіресі – ұрпаққа өнеге

Құрметті ардагерлер!
Қадірлі түркістандықтар!
Сіздерді 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ халқы ерекше ерлігімен көзге түсті. Отандастарымыз қан майданда ерлік көрсетсе, елде қалған қарт кісілер, әйел, бала-шаға тылда аянбай еңбек етті. Осылайша, адамзатқа қауіп төндірген соғыстың Жеңіспен аяқталуына өздерінің лайықты үлестерін қосты.
Жеңіс күні – батырларымызды еске алып, ерлігін дәріптейтін күн.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан адамзаттың ортақ жеңісіне, жер бетінде әділдік пен бостандықтың салтанат құруына өлшеусіз үлес қосты» деген болатын.
Сондықтан Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету, олардың ерліктерін ұрпаққа үлгі ету – баршамызға ортақ міндет.
Ардақты ағайын!
Жиырмасыншы ғасырдағы бұл соғыс миллиондаған өмірді қиып, адамзатқа қайғы әкелді. Сондықтан оны тарихтан өшіру мүмкін емес. Алапат майданға Қазақстаннан 1,2 миллионнан астам адам аттанып, оның жартысы оралған жоқ. Отандастарымыздың 500-і Кеңес Одағының Батыры атанды. Оңтүстік өңірінен соғысқа 140 мыңнан астам азамат аттанып, Отанды қорғады.
Олардың арасынан Кеңес Одағының Батырлары, «Даңқ» орденінің толық иегерлері шыққан.
Биыл Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі «Батырларға тағзым» атты бірегей онлайн порталын іске қосты.
Жобаның мақсаты – Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан қазақстандықтардың ерлігін болашақ ұрпаққа жеткізу. Сол қаһармандардың арасында Түркістан облысының жауынгерлері де мәртебелі орын алған.
Бүгінде облыста Ұлы Отан соғысының 8 ардагері бар. Қарт майдангерлерге мемлекет тарапынан тұрақты түрде қолдау көрсетілуде.
Сонымен бірге, тыл ардагерлеріне, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген 3 мыңнан астам ардагерге де құрмет көрсетіліп жатыр.
Батырларымызға бір реттік материалдық көмек төлеу үшін тиісті қаржы бөлінді.
Құрметті халайық!
Биыл Кеңес Одағының Батырлары – Бауыржан Момышұлының туғанына – 115 жыл, ал, Әлия Молдағұлованың туғанына –100 жыл толып отыр.
Қос қаһарманның ерлікке толы өмірі – ұрпақ үшін өнеге!
Біз ардагерлеріміздің ерлігін ұмытпаймыз және мәңгі есте сақтаймыз!
Баршаңызды Жеңіс күнімен тағы да құттықтаймыз.
Елімізде әрқашан бейбітшілік заман болып, ұрпағымыз аман болсын!
Тәуелсіз еліміздің мәртебесі биіктей берсін!
Нұралхан КӨШЕРОВ,
Түркістан облысының әкімі
Нұралы ӘБІШЕВ,
Түркістан облыстық мәслихатының
төрағасы.