Ұрпағымен мың жасаған Жамалбек аға

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл өтсе де оның адамзатқа әкелген қайғы-қасіреті еш уақытта ұмытылмақ емес. Бұл соғыста қаншама отбасы қара жамылып, шаңырағы күйреп, бала әкеден, ана перзентінен, туған-туыс бауырларынан айырылды. Ал, енді Алла Тағала бейбіт өмір сыйлап, ұрпақ өрбітуді пешенесіне жазғандарға аман-есен оралып, мына жарық дүниенің қызығын көруді нәсіп етіпті. Омырауына Алтын Жұлдыз қадап, атақ-даңқы шықпаса да солардың әрбірінің төккен қанын, көрген бейнеті мен шеккен азабын ұмыту мүмкін емес. Біз үшін олардың жаңбырдай жауған оқтың астынан аман-есен оралуларының өзі үлкен ерлік! «Орнында бар оңалар» демекші, ізін жалғастырар ұрпақтары барда олардың ешқайсысы да атаусыз қалмасы анық. Міне, сондай жаужүрек майдангерлеріміздің бірі Жамалбек ОТЫНШЫҰЛЫ еді.
Жамалбек Отыншыұлы 1922 жылы бұрынғы Шаян (қазіргі Бәйдібек) ауданының Талапты елді мекенінде дүниеге келген. 1930-1931 жылдардағы ашаршылық зұлматын, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргіннің зардабын көріп өскен бала Жамалбекті жетімдік ерте есейтеді. Әкесі Отыншы мен анасы Тұрар перзенттерінің қызығын көре алмай, өмірден ерте озады. Өзінен басқа бас көтерер ешкімнің жоғына көзі жеткен Үрсана әпкесі жастайынан кеңшардың жұмысына жегіліп, інісі Жамалбекті қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, барынша мәпелеп өсірді. Енді ес жиып, еңбекке араласа бастаған тұста Германия Кеңестер Одағына тұтқиылдан соғыс ашады. Жамалбек бұл кезде ұжымшарда есепші болатын. Тепсе темір үзетіндей қарулы жігіт соғысқа жіберуді сұранып, бірнеше рет аудандық комиссариатқа барады. Алайда, ондағылар тылға да еңбек күшінің керек екендігін айтып, барған сайын кері қайтарып отырады. 1943 жылы ғана өтініші қанағаттандырылып, әскер қатарына алынады. Әрине, оны бірден ұрысқа араластырған жоқ. Аз ғана дайындықтан өткен соң Сталинград қаласын жаудан азат етуге жіберіледі.
1944 жылдың көктемі. Соғыстың қайнап жатқан кезі. Кезекті бір ұрыс үстінде дәл жанына снаряд келіп түседі. Одан арғысы есінде жоқ. Сол жерде ес-түссіз алты күн жатады. Жаралыларды жинап жүрген санитарлар тауып алмағанда, бәлкім, тірі қалмас па еді. Шалажансар қалпын байқаған олар дереу госпиталға жеткізеді. Он күннен кейін есін жинағанда екі аяғының тізеден кесілгенін, сол қолының саусақтары түгелімен жоқ екенін біледі. Бірақ, әйтеуір, кеудесінде жаны бар. Санасын әртүрлі ойлар шырмай бастайды. Елге барып, әпкесіне масыл болғанша, осы жерден мүгедектер үйіне кетуді де ойлайды. Бірақ, бұған Үрсана әпкесі үзілді-кесілді қарсы шығады. Оның «айналайын-ау, «елге келмеймін» дегенің не? Екі көзіміз төрт болып, сенің жолыңа қараумен күніміз өтіп жатқан жоқ па? Бізге кеудеңде жаның болса, болғаны. Ауылда өзің сияқты соғыстан жарымжан болып оралғандар жеткілікті. Бәрі де үйіне келіп, түтіндерін түтетіп, бас ие болып отыр. Сенің олардан қай жерің кем? Артық сөзді қой, жалған ойға берілуді доғар. Алдымда қарайып отырсаң, соның өзі жаныма қуат, дертіме ем болады» деген сөзі Жамалбекке жігер бергендей болады.
Сонымен Жамалбек атамыз екі аяғын майдан даласына тастап, 1944 жылы елге оралады. Соғыстан алған ауыр жарақаты толық жазыла қоймаса да елге келген соң өзі сұранып, ұжымшар жұмысына білек сыбана араласып кетеді. Көп ұзамай ұжымшарға есепші болып орналасады. Соғысқа дейін де шаруашылықтың кіріс-шығысын тап-тұйнақтай етіп отыратын. Аяғына протез киіп, бір балдаққа қана сүйеніп жүретіндіктен, оның мүгедек екенін сырттан келгендер байқай да бермейтін. Оның жүріс-тұрысына елдің көзі де, бойы да үйрене бастады.
1947 жылы Шаян аудандық тұтынушылар қоғамы есепке жүйрік Жамалбекті Орловка (қазіргі Алмалы ауылы) селолық тұтынушылар қоғамына есепші етіп жібереді. Кейінірек «Красная Нива» кеңшарының бас есепшілігіне жоғарылады. Ауылдағы қадірлі, сөзі өтімді азаматтардың бірі болды. 1962 жылы қызмет бабымен Боралдайға қоныс аударып, ХХІІ партсъезд атындағы кеңшардың жұмысшылар кооперациясында біраз жыл аға бухгалтер болып жұмыс істеді. Мереке сайын Мақтау грамоталарына, заттай, ақшалай сыйлықтарға ие болды. Суреті ауданның Құрмет тақтасына ілінді. Майдандағы ерлігіне, бейбіт өмірдегі ерен еңбегіне берілген марапаттар бүгінде мұра болып ұрпақтарының төрінде тұр.
«Қырық жыл қырғын болса да ажалды ғана өледі» демекші, оқ пен оттың ортасынан елге аман оралған кейіпкеріміз көрші ауылдың Мырзакүл есімді қызымен шаңырақ көтерді. Мырзакүл анамыз 11 перзентті дүниеге әкелді. Олардың барлығы да әке-шешенің өнегесіне сай тәрбиелі болып өсті. Ұлағатты ұрпақ өргізіп, мейірбан жүрегімен, берекелі дастарқанымен өрісін кеңге жайған Жамалбек ақсақал 1980 жылы 58 жасында өмірден өтті. Үш жылдан соң оның артынан Мырзакүл анамыз да кете барды. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, әке тағлымы, ана тәлімінен ғибрат алып өскен балалары бүгінде әлеуетті әулетке айналды.
Ұрпақ демекші, Жамалбек Отыншы-ұлының балалары да мақтанарлықтай азамат болып өсті. Үлкені Берікбек – қарапайым жұмысшы болып еңбек етсе, Шәріпбек – көп жылдары бойы облыстық тұтынушылар одағын басқарып, кейін Түркістан облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығына жетекшілік етті. Шымкент қаласының және Түркістан облысының құрметті азаматы атанды. Қызы Қарашаш – үй шаруасында. Сарыпбек қаржы полициясында жұмыс істеп, полковник шенімен зейнеткерлікке шықты. Шадиярбек Бәйдібек ауданының әлеуметтік қорғау саласында еңбек етсе, Қаламқас пен Шайырбек – кәсіпкерлік қызметте. Батырбек – ішкі істер органдарының ардагері, полковник. Ал, кенжесі Аманбек Сайрам ауданындағы мектептердің бірінде мұғалім. Жақсы адамның жалғасы болған немере-шөберелері де аталарының өнегелі ізін жалғастырып келеді.
Халқымыз «Іздеушісі бардың ізі өшпейді» деп жатады. Қазір Бәйдібек ауданы, Шаян ауылының орталығындағы үлкен бір көше Жамалбек Отыншыұлының есімімен аталады. Артында қалған ұрпағы жыл сайын әке рухын асқақтатып, Жеңіс күнін мерекелейді. Биыл да әулеттің сол дәстүрі жалғасын тауып, Ұлы Жеңістің 80 жылдығылайықты атап өтілмек. Олардың әке есімін, оның ерлік істерін жаңғыртып жатқан өнегелі істеріне сүйсінбеске амалымыз жоқ. Шіркін, әр ұрпақ осылай өз әкелері мен аталарын мақтан тұтып, ерлік шежіресін жаңғыртар болса, Жеңістің қадір-қасиеті артып, жастардың Отанға деген сүйіспеншілігі оянар еді. Міне, қырық бес жыл бойы Жамалбек Отыншыұлының рухы осылайша ұрпағымен бірге жасап келеді. Оның жауынгерлік ерлік жолдары мен өнегелі еңбек жылдары ешқашан ұмытылмайды.