Үлгілі отбасының ұл-қыздары да соған лайық болады


       

               Қазақта «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дейді емес пе?! Алайда менің ойымша, ауыл жастарының бойында өзіне деген сенімсіздік басымдау тәрізді. Бәлкім оларға қолдау жетіспейтін шығар. Шындығын айтқанда, сенімсіздік – қасірет. Одан уақытында арылу керек.  Ал, арылу үшін, әрине,  білім керек. Қарап отырсақ, академик Қаныш Сәтпаев, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, жазушы Шерхан Мұртаза – барлығы да ауылдан шыққан. Қара жұмыспен шыңдалып өскен. Сол еңбекті біліммен ұштастырғандары оларды үлкен тұлғаға айналдырды.

           Өз отбасымыздың үлгілі ұл-қызы болу бәріміздің жүрегіміздегі мақсат қой. Бүгін мен тек отбасының ғана емес, қалың көпшілікке үлгілі жас маман туралы айтқым келіп отыр. Шардара қаласына қарасты Төменгі Тоғай ауылының тумасы Мейіржан Қалдарбек осындағы Қасым Аманжолов атындағы жалпы орта мектепті тәмамдаған соң, арман жетегінде Алматыға аттанады. ҚазҰУ-де филология мамандығында оқыды. Оны бітірген соң мектеп оқушыларын жоғары оқу орындарына түсуге дайындады.         

     –Өзім жас маман болғандықтан, алғашында көп қиындықтар  болды. Бірақ уақыт өте келе, әрбір қателік пен қиындық мені алға жетеледі. Жеткен жетістіктерімнің бірі бірнеше жыл қатарынан оқушыларым ҰБТ-дан жақсы нәтиже көрсетті. Бұл менің еңбегімнің нәтижесі ғана емес, сонымен қатар шәкірттерімнің адалдығы мен ынта-жігері. Мен қазақ тілі пәні бойынша балаларды НЗМ, БИЛ мектептеріне дайындаймын. Оқытқан шәкірттерім көш бастап мерейімді асқақтата түсті, – дейді Мейіржан.

        Десе де соңғы уақытта ауыл жастарының көпшілігі мектеп бітіре салып бірден жұмыс істеуге ұмтылып жатқаны жасырын емес. Бұл олардың өмір сүру жағдайымен, әлеуметтік қиындықтармен де тығыз байланысты болуы әбден мүмкін. Алайда білім алуды кейінге ысырып қою ұзақ уақытқа өзіңе мүмкіндік есігін жауып қойғанмен тең. Жұмыс істеп ақша табу бір сәттік қажеттілікті ғана жабуы мүмкін. Ал, білім – болашақта тұрақты табысқа, өзің қалаған өмір сүру деңгейіне жеткізетін басты құрал. Қазір уақытша табыс үшін білімді елемеу – болашағымызды бұлыңғыр ете түсері анық. Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» шығармасындағыдай, біз де бүгінгі таңда жастардың жанын түртетін, тынышын алатын маса болуымыз керек. Себебі бейқамдық пен жалқаулық – ұлттың жауы. Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін!» деп үміт артты. Бұл тек сөз емес, аманат. Аманатқа қиянат жасалмауы тиіс.

       —Ауыл жастарына айтарым, білім – ең күшті қару. Жастарымыздың алға қойған мақсаттары үлкен болса, олар өз күшіне сеніп, дамуға ұмтылуы керек. Менің жолым да оңай болған жоқ, бірақ тынымсыз еңбек пен ең бастысы – білімге деген құштарлық арқылы жетістікке жетуге болатынын дәлелдедім. Алға қойған мақсаттарыңызға жету үшін тек өздеріңізге сеніңіздер. Мен ауыл баласының қара жұмыстан, еңбектен қашпайтынын білемін. Бірақ сол еңбекке білім қосылса, ол – тек бір күндік күнкөріс емес, үлкен табыс пен дамудың қайнар көзіне айналар еді. Сондықтан жастарға айтарым – жұмысты да, өмірді де көріп үлгересің, бірақ дәл қазір – білім алатын уақыт, – дейді Мейіржан.

         Әрине,  ауыл жастарының қалаға келгенде тілдік дискриминацияға тап болатыны үйреншікті жағдай.  Қалаға білім іздеп немесе жұмыс істеуге келген ауыл жастары  орыс тілін білмеуіне байланысты қысым көріп жатады. Бұл тек тіл мәселесі ғана емес, адамның намысы мен өзіндік қадірінің тапталуы дер едім. Ешкім де қай тілде сөйлейтініне байланысты төмендетілмеуі керек. Әсіресе, білім алуға, еңбек етуге талпынып жүрген жастарға қоғам тарапынан қолдау болуы керек. Қай тілде сөйлесе де, ол – сол адамның мәдени ортасы, табиғи болмысы. Ал тіл үйрену – әркімнің өз еркі, өз уақытымен келетін нәрсе. ХХ ғасыр басында-ақ Алаш арыстары жастардың ұйқыда жатқанын айтып, "Оян, қазақ!" деп жар салды. Сол уақыттан бері ғасыр өтсе де, бұл үндеу өзекті мәселе болып отыр.

       Мейіржан осы жөнінде: «Қазақ тілінде сөйлейтін жастардың  өз тілі үшін қысым көруі – бұл үлкен қателік. Біз, керісінше, сол ауылдан шыққан, ана тілін ардақтаған жасты қолдап, алғыс айтуымыз керек. Өзім де орыс тілін жетік меңгерген жоқпын, бірақ бұл маған үлкен қалада жұмыс істеуіме өз зиянын тигізген емес» деді.

         Қазіргі таңда Қазақстан цифрлық даму бойынша үзіксіз әрекет ету үстінде. Бұл қуантарлық жаңдай. Осы орайда еліміздегі барлық жастар бір деңгейлі болуы керек деп ойлаймын. Мұхтар Әуезов көзі тірісінде айтқандай: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім». Осы себепті білім алуды тоқтатпау маңыздырақ. Барлық тұрғыдан өзімізді ең алдымен білімге жетелеп, еңбектене білуіміз керек.

         Қорыта айтқанда,  ауылдағы қара жұмыс – еңбекке баулиды, төзімділікке үйретеді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Болашағыңды үлкен арнаға бұру үшін білім керек. Қара жұмыс баспалдақ қана болуы мүмкін, бірақ сол баспалдақпен биікке көтерілу үшін көзің ашық, білімің терең болуы тиіс. Сондықтан қазіргі өскелең ұрпақ  жалқаулықпен алысып, өз арманын жерге көмбей, жарқырауы керек.  Қазаққа қызмет еткің келсе – білім ал. Еліңе керек болғың келсе – еңбек ет. Келешекте өзіңе таңғалғың келсе, бүгін өзіңді оят. Өз елімізде, осылайша үлгі болайық. 

Хадиша БАХЫТҚЫЗЫ,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ- ның 4-курс студенті. 

Пікір қалдырыңыз