Мал баққанға бітеді!

 


         Мақтаарал ауданы, Мақташы ауылының тумасы Сапар Әділұлы үш жыл бұрын солтүстікке көш басын түзегендердің бірі. «Мал шаруашылығымен айналысу оңтүстіктер үшін таңсық емес. Кішкентайымнан малсақ болып өскендіктен оны жұмыс ретінде қарамаппын. Үйдегі сиырларға қарау, бағу, бүкіл шаруаны жалғыз өзім тындырып тастайтынмын. Достарым кейде «мал бағу саған ұят емес пе?»деп жиі сұрайтын. Бірақ мен қысылмай «ата кәсіптен жирену сенің өз-өзіңнен қашуың, жалқаулығың», деп ашық айтатынмын. Сабақтан қолым босай қалса, бордақылап жүрген малдарыма қарап, күні бойы қорадан шықпайтынмын» дейді жас кәсіпкер.

Тоғызыншы сыныпты бітірген соң Сапар Павлодар медициналық жоғары колледжіне оқуға түседі. Бірақ, белгілі бір себептермен оқуын тастауға мәжбүр болады. Кейінірек ол мал шаруашылығымен айналысуды жөн санайды. Қазіргі таңда ол Павлодар облысы, Қазы ауданы, Қазы ауылында қой шаруашылығымен айналысады. Тынымсыз тірлік пен қажырлы еңбектің арқасында үш жыл ішінде қой басын 300-ге жеткізеді. Бұл ауылға қоныс аударып, кәсібінің жүруіне, мал шаруашылығын дамытуға туған ағасы көмектесіпті.

-         Мақташы ауылында мал бағу тиімсіз. Себебі мал жайылатын жайылым жер жоқ. Ауыл тұрғындары көбінде егіншілікпен айналысады. Солтүстікке қоныс аударып, мал шаруашылығын қолға алып, кәсіп бастағаныма еш өкінбеймін. Қазір жастардың басым көпшілігі мал бағуды намыс көреді. Ал, мен бұл жұмыстарды ынта-шынтыммен істеймін, – дейді жеке кәсіпкер.

         Жиырма екі жасар кәсіпкер болашақта жоғары оқу орнына құжат тапсыруды да жоспарлап жүр. 

Хадиша БАХЫТҚЫЗЫ,

М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 4-курс студенті.

Пікір қалдырыңыз