Лейшманиоз ауруы туралы білесіз бе?

Лейшманиоз — қан соратын індеместер арқылы тарайтын зоонозды тропикалық паразиттік инфекциялық ауру.

Инфекция тері лейшманиозы (теріні зақымдайды) және висцералды лейшманиоз (ішкі мүшелерді зақымдайды) болып екіге бөлінеді. Оңтүстік өңірде орын алған түрі – тері лейшманиозы.

Лейшманиоздың эпидемиологиялық кезеңі жазғы және күзгі маусым.

Аурудың инкубациялық кезеңі 2 аптадан 4 айға дейін созылады. Балаларда 3 айдан 1 жылға дейін, ал үлкендерде 3 жылға дейін созылады.

Инфекцияның көзі – құм тышқандары мен атжалмандар, ал оны таратушылар – індеместер. Лейшманиоз ауруы адамнан адамға жұқпайды. Індеместер дененің көбінісе ашық жерін зақымдауына орай балалардың беттерінде, қолдарында 1-3 папула шығып бастайды. Дене қызуы күрт жоғарылап 38-39 ᵒС-қа дейін көтеріледі, интоксикация белгілері үдейді, бауыры мен көк бауыры үлкейеді. Көбінесе қосымша аурулар қосылып жағдайды нашарлатады. Жасөспірімдер мен ересектерде клиникалық белгілері біртіндеп көрініп, дене қызуы баяу көтеріліп, анемия белгілерімен өтеді.

Лейшманиоздың клиникасының өршу кезеңінде сырқаттың негізгі белгілері айқын көрінеді. Сыртқы көріністері:

- тері мен шырыш қабаттарының бозаруы, қараюы, дене қызуының көтерілуі, салмақтың азаюы, анемия белгілерінің болуы.

Клиникалық көріністер баланың жасына байланысты, неғұрлым кішкентай болса, сырқаттың ауырлығы жоғары болады.

Сырқаттың клиникасы жедел және баяу өтетін түрлеріне бөлінеді.

Аурудың жедел өтетін түрінде (1/3 ауруларда кездеседі) кішкентай балаларда сырқаттың ұзақтығы 4-8 аптадан 3-6 айға дейін, жасөспірімдер мен үлкендерде 1-2 жылға дейін ауырады. Баяу дамитын түрі 8-12 айдан 2-3 жылға дейін созылады.

Инфекцияның алдын алу жолдары:

- үндеместерді жою үшін дезинсекциялық іс-шараларды уақытылы жүргізу;

- эндемиялық аудандарға барғанда жабық киім киіп, репелленттерді колдану;

- науқасты дер кезінде анықтап, ауруларды мерзімнде толық емдеу.

 

Айгул ТҰРЫМБЕТОВА,

Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысының орынбасары.                          

 

Пікір қалдырыңыз