Безгек ауруы туралы біле жүріңіз!

Безгек
(малярия) – ауру адамнан сау адамға безгек масаларының шағуы арқылы берілетін
жұқпалы паразитарлық ауру. Безгекті қарапайымдылардың Plasmodium түрі тудырады. Ауру адамнан
сау адамға тасымалдаушы Anopheles тұқымдас масаларының шағуы арқылы жұғады. Клиникасы:
ұстамалы қызба, бұлшықеттің ауыруы, бас айналу, жүрек айну, құсу, анемия,
көкбауыр көлемінің үлкеюі.
Безгек ұстамасы әдетте 3 сатыдан тұрады:
- безгек қалтыраудан басталып, бас жиі ауырады. Науқас 15 минуттан 1
сағатқа дейін қалтырайды;
- қалтырау ыстықтың көтерілуіне жалғасып, ол 40℃-қа дейін және одан да
жоғарылайды. Адам әлсізденіп, терісі қызарады, сандырақтайды. Ыстық бірнеше
сағат немесе күні бойы сақталады;
- адам қатты терлеп және ыстығы түседі, ұстамадан кейін адам әлсірейді,
кейін ақырындап өзін біршама сергек сезіне бастайды.
Әдетте безгек аурушаңдығы кезінде әр 2-3 күн сайын адамда дене қызуы
көтеріледі, ал ұстама басталатын кезінде қызу күн сайын қайталайды. Ыстықтың
түсуі мен көтерілуі оқтын-оқтын өзгеріп тұрады. Сондықтан, себепсіз 3 күннен
жоғары ыстығы көтерілген әрбір адам қанын безгекке тексерту керек. Созылмалы
безгек көбіне көкбауырдың үлкеюі мен қанның азаюына себепші болады. Балаларда
беттің бозаруы мен қанның азаюы бір-екі күннен кейін басталады, тынысы
жиілейді.
Безгек аурушаңдығының алдын алу мақсатында келесі іс-шаралар жүргізіледі:
- үй-жайларды жәндіктердің кіруінен қорғау (терезелерді торлау), олардың
шағуынан қорғану, масаларды инсектицидпен электр қыздырғыш-фумигаторлар арқылы
жою;
- үй-жайдан тыс жерде дененің ашық жерлерін үркітетін репеллент
препараттармен өңдеу;
- егер де дене қызуы 3 күннен астам жоғарыласа, емдеу мекемелеріне жүгініп,
қан тапсырып, талдау жасату;
- безгекке қарсы күрестің барынша тиімді жолы - науқасты және паразит
тасымалдаушыны ерте анықтау.
Сондықтан, Қазақстанға безгек бойынша қолайсыз елден қайтып келген
тұлғалар тұрғылықты жері бойынша учаскелік дәрігерге келгендігі туралы
хабарлап, медициналық бақылауда болып, дене қызуы 3 күн бойы көтерілген
жағдайда қанды безгек ауруына тексерілуі қажет.
Талғат ҚҰТТЫБАЙҰЛЫ,
Шымкент қаласы
санитариыялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.