Балмұздақты бас салып жей беруге болмайды

Жаз мезгілдерінде балмұздақ сататындардың
саудасы қыза түседі. Сырттағы ыстық аптапты іштегі салқын балмұздақ арқылы
басқысы келетіндер кейде шамадан тыс тұтынып қойып, тамағын ауыртып алады.
Әсіресе көшенің әр қиырында сатылатын жұмсақ балмұздақты дайындау тәсілі әркелкі
болғандықтан, оның санитарлық талаптары сақтала бермеуі мүмкін.
Жұмсақ балмұздақ фризерден шыға салып
дайын болады. Оның консистенциясы нәзік, крем тәрізді. Әдетте жұмсақ балмұздақ
мұздатылғанына қарағанда
жоғары сұранысқа ие болғандықтан,
кейде оның дайындалу технологиясы толық сақтала бермейді. Ол арнайы құрғақ
қоспалардан жасалады. Өнімді дайындау үшін бір және екі целиндрлі арнайы
конструкциялы фризерлер қолданылады.
Жұмсақ балмұздақты дайындау барысында қажетті
құрғақ қоспаларды қалпына келтіру үшін жаңа қайнатылған ауыз суын пайдаланған
жөн. Қалпына келтірілген қоспаларды сақтауға болмайды, сондықтан балмұздақ
алдын ала дайындалмай, сатылар алдында дайындалу тиіс. Оған шикі жұмыртқа, пастерленбеген
сүтті пайдалануға болмайды. Балмұздақ сататын сауда орындары міндетті түрде
тиісті мекемелерден рұқсат алуы тиіс. Сондай-ақ, нысанда жұмысшылардың жеке бас
гигиенасын сақтауға арналған жағдайдың болуы, қызметкерлердің санитариялық
киіммен қамтамасыз етілуі және жұмыс орнында медициналық байқаудан өткендігі
туралы кітапшалары болуы міндетті. Жұмсақ балмұздақ тек дайындалған орында ғана
сатуы керек. Өнімнің сапасын және қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуы да
міндетті болып саналады.
Жұмсақ балмұздақ дайындап, сатумен
айналысатын кәсіпкерлерге нысандардың жоғарыда көрсетілген
санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес болуын жіті қадағалау
қажеттігін ескертеміз. Сонымен қатар, жуу, тазалау және залалсыздандыру
құралдарының болуына, пайдаланалуына қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз
етулеріңізді сұраймыз.
Жұмсақ балмұздақты көбіне балалар мен
жасөспірімдер тұтынатынын және өнімнен улану жағдайы өлімге алып келуі мүмкін.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласы мұндай нысандарға ерекше тәртіппен
тексеру жүргізілмейтіндігін де ескертеміз. Сондықтан тұрғындардан жұмсақ
балмұздақты тұтынар алдында аса сақ болуды сұраймыз. Егер балмұздақ сататын
дүңгіршектің санитарлық тазалығы немесе дайындалу технологиясы сізге күмән
келтірсе, одан бас тартқаныңыз жөн. Бұл сіздің денсаулығыңыз бен өміріңізді
сақтап қалады!
Балмұздақ тұтынғаннан кейін Сіздің
денсаулығыңыз нашарлап, улану белгілері (асқазанның ауырсынуы, құсу, жүрек
айну, дене қызуының көтерілуі, т.б.) пайда болған жағдайда, тез арада
дәрігердің көмегіне жүгініңіз!
Алдарқұл
РАЙЫМҚҰЛҰЛЫ,
Шымкент
қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.