Көшпелі қабылдау – нәтижелі әрекет

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің мейлінше дамуына, мәслихаттардың мықты қоғамдық институтқа айналуына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша мән беріп келеді. Былтыр өткен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы мәслихаттардың аймақтардағы экономикалық саясатқа ықпалын арттыру қажеттігін шегелеп айтты.
Бұл орайда Түркістан облыстық мәслихатының депутаттық корпусы өз сайлаушыларының талап-тілектеріне құлақ түріп, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп қана қоймай, өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуіне барынша атсалысуда. Мәселен, былтыр облыстық мәслихаттың 6 сессиясы өткізіліп, онда түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 89 шешім қабылданды. Халықты толғандырған мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдарға 502 депутаттық сауал жолданды.
Басқармалардың жұмысын терең зерделеу үшін облыстық мәслихаттың төрағасы Н.Әбішовтің өкімімен арнайы депутаттық жұмыс тобы құрылып, өңіріміздің барлық аудан, қалаларындағы түрлі салалардағы проблемаларды көзбен көріп қайту үрдіске айналды. Қоғамдық қабылдаулар көшпелі түрде өтіп, сайлаушы депутатқа емес, мандат алған адам сайлаушылардың алдына өзі баруын жолға қойдық. Көпшілікпен тұрақты түрде кездесудің, олардың талап-тілектерін тыңдаудың қорытындысы бойынша әр депутат туындаған мәселелерді шешу жолдарын іздейді. «Amanat» партиясынан сайланған облыстық мәслихат депутаты ретінде өзім тікелей атсалысқан бірер мәселеге тоқтала кетейін.
Өңірдің намысын қорғап жүрген футбол командаларының санын қысқартып, сапасын арттыруға қатысты кең ауқымды жиынның өтуіне мұрындық болып, баяндама жасадым.
Сауран ауданындағы «Самғау» сауықтыру орталығының құрылысы 2021 жылы қолға алынып, бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінгенімен, түрлі сылтаулармен ол уақтылы пайдалануға берілмей келді. Бұл орталықтың ашылуын асыға күтіп жүрген мүмкіндігі шектеулі азаматтардың орынды ренішін, ашу-ызасын тудырған болатын. Маңызды нысан құрылысының аяқталуы созылып кеткендіктен облыс әкімінің қатысуымен өткен мәслихат сессиясында мәселе көтердім. Нәтижесінде аталған оңалту орталығының жұмысын жүргізуге бюджеттен 646,7 млн. теңге бөлініп, көп ұзамай ол пайдалануға берілді.
Оңтүстік өңіріндегі рухани мекемелердің бірі, 65 жылдық тарихы бар Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы Шымкенттен Түркістанға көшкенде ғимараты болмай, басқа бір ғимаратта қысылып, қымтырылып отыруы зиялы қауымды алаңдатқан мәселе болды. Осыған орай өткен жылы күзде облыстық мәслихат сессиясында мәселе көтерген едік. Таяуда өткен сессияда оң шешім қабылданып, кітапханаға басыбайлы ғимарат сатып алуға бюджеттен 500 миллион теңге бөлінетін болды.
Осыдан екі айдай бұрын өткен мәслихаттың сессиясында Төлеби және Қазығұрт аудандық архиві ғимараттарының құлаудың аз-ақ алдында тұрған өте мүшкіл халі туралы мәселе қозғадым. Апатты жағдайдағы ғимараттарда нешеме жылдан бері сақталып келген тарихи құжаттардың тоз-тозы шығып, бүлініп жатқанын тілге тиек еттім. Мәслихаттың кезектен тыс он алтыншы сессиясында жаңа ғимарат сатып алуға екі мекеменің әрқайсысына 150 миллион теңгеден бөлу туралы шешім қабылданды.
Көксәйек елді мекеніндегі (Төлеби ауданы) №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының өзекті мәселесі жайында депутат ретінде дабыл қаққан едік. Екі корпустан тұратын ғимарат ширек ғасырдан бері күрделі жөндеу көрмегендіктен әбден тозығы жеткен. Мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер көрсетілетін кабинеттердің, монша және кір жуу бөлмелерінің де жағдайы мүшкіл. Осыдан бір ай бұрын облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің Төлеби ауданында өткен елге есеп беру жиынында да тұрғындар тарапынан осы мәселе қозғалды. Сол жиында өңір басшысы бұл мәселенің оң шешімін табатынына, бюджеттен күрделі жөндеуге қажетті қаржының бөлінетініне уәде берген болатын. Арада екі апта өтер-өтпес уақытта өңір басшысы Нұралхан Оралбайұлы көпшіліктің алдында берген сол уәденің үдесінен шығып, аталған мекемеге қаражат бөлінетін болып шешілді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
облыстық мәслихат депутаты,
әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік құқық,
жергілікті өзін-өзі басқару және
депутаттық этика жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары.