Күн тәртібінде – шегірткеге қарсы күрес

Өңірімізде Марокко шегірткесіне қарсы күрес қарқынды жүріп жатыр. Мамандар мен арнайы техникалар белгіленген орындарда залалсыздандыру жұмыстарын қызу қолға алған. Бүгінде облыстық мәслихат депутаттары облыс әкімдігімен бірлесіп химиялық өңдеу жұмыстарын ұйымдастыруда. 

Нақтырақ айтқанда, орындаушы тарапынан үйірлі шегіртке зиянкестерінің ошақтарын анықтау үшін GPS навигаторларды, GPS трекерлерді, планшеттерді пайдалана отырып, арнайы автокөліктер мен 250-ден аса жүргізуші тартылған. Жалпы зерттеу, қадағалау, ұйымдастыру жұмыстарына барлығы 1000-нан аса адам жұмылдырылған. 
Облыстық мәслихат депутаты Төрегелді Қалмұратов – тиаметрин химикатын бүркетін қондырғылардың авторы. Арнайы дәрілеу жұмыстарына желдеткіш бүріккіштердің жаңа технологиясын ұсынған халық қалаулысы жұмыстың жүйелі атқарылуына атсалысуда. Облыстық мәслихат депутаттары тарапынан бұл жұмыстар барлық аудан, қалаларда назарға алынған. Алдағы уақытта да депутаттар жұмыстың тиянақты орындалуын бақылап отырмақ.
Қазіргі уақытта Марокко зиянкестеріне қарсы ұшақпен дәрі себу жұмыстары жалғасуда. Бүгінге дейін 171,5 мың гектар алқап дәріленді. Бұл жұмыстар төрт «АН-2» ұшағы мен 2 дрон арқылы жүзеге асырылуда. Одан бөлек 200-ден аса арнайы дәрілеу жұмыстарына арналған түрлі техникалар, автокөліктер, арнайы бүріккіш құрылғылар жұмылдырылған. 
Айта кетейік, өңір 65 секторға бөлінген. Шегірткенің негізгі ошақтары Сарыағаш, Келес аудандары мен Арыс қаласы болып табылады.

Түркістан облыстық мәслихаты.
Пікір қалдырыңыз