Негізгі бағыт — сайлаушыларымның сенімі!

Ата Заңымызда биліктің қайнар көзі – халық делінген. Ал, депутат – халық өкілі. Халықтың сенімі әрбір депутаттың іскерлігіне сын, жұмысына таразы. ҚР «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзі-өзі бақылау туралы» Заңда мәслихат депутаттары халық алдында жауап береді, жалпы мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оның еркін білдіреді, сайлаушылармен үнемі байланыста болады, оған келіп түскен өтініштерді қарайды, азаматтарды жеке қабылдау жүргізіп отырады делінген.

Облыстық мәслихат депутаттары бүгінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында өте маңызды істермен айналысуда. Атап айтқанда, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету, білім беру, мәдениет және спорт нысандарын, жол салу және жөндеу сапасының мониторингі бойынша әрбір депутат тиянақты жұмыстар атқарып келеді. Нәтижесінде мандат иелерінің ықпал етуімен  өңірдегі көптеген күрмеуі қиын проблемалар оң шешімін тапты. 
Басты бағытымыз – сайлаушылардың сенімінен шығу, олардың үмітін ақтау. Облыстық мәслихаттың  Сары-ағаш ауданынан сайланған депутаты болғандықтан аймақтағы проблемалар үнемі назарымда. Мәселен, Қанағат және Тасбұлақ елді мекендерінде  көпір мен жол құрылыстарының жүргізілуіне атсалыстым. Сондай-ақ, аудандық аурухана, Мәдениет үйі, елді мекендердегі жол, су, «көгілдір отынның» жағдайы да біртіндеп реттелді. Өтініштері жүзеге асқан тұрғындар дән риза,  алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіруде.
Жалпы, мәслихат депутаттары атқарушы билікпен бірлесіп, мемлекеттік бағдарламаларды, әлеуметтік жобаларды іске асыруға қатысады, сайлаушыларының өтініштерін назарға алып, бақылауда ұстайды. Оның орындалуына ықпал етуде белсенді жұмыс атқарады. 

Алмас САЛИМОВ,
облыстық мәслихаттың 
әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы.
Пікір қалдырыңыз